23 Сәуір, 2019
Инновацияны игеру – заман талабы

Қазіргі заман талабына сай көптеген сала мамандары жасанды интелект көмегіне жүгініп келеді. Бүкіл дүниежүзінде робототехниканың қолдау тапқаны соншалық, алдағы 20 жылда мамандар адам жасайтын жұмыстың тең жарымын роботтар атқаруы мүмкін деген болжам жасап отыр.


Өркениетті озық елдің қатарына қосылу үшін ғылыми-техникалық прогрестің дамыту бағытын қолға алып жатыр. ҚР Тұңғыш  Президенті-Елбасы Н.Назарбаев өзінің дәстүрлі «Төртінші өнеркәсіптік жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында балаларға арналған технопарктер желісін  қалыптастыру арқылы әлемдік ғылыми кеңістікте бәсекелестікті арттыру қажеттілігін нақты тапсырды. Қазіргі таңда жас жеткіншектердің интеллектуалды білімін жетілдіру үшін инновациялық үйірмелер жұмыс жасауда. Қазақстан робототехника федерациясы жыл сайын мектеп оқушылары арасында чемпионат ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Республика көлемінде өткізілетін дәстүрлі сайыстың мақсаты –балалардың шығармашылықпен ойлауын дамыту арқылы жаңа технологияларды толыққанды меңгеріп шығуына жағдай жасау.



 Аймақтағы барлық мектеп жанынан биылғы жылдан бастап робототехника сыныптары мен үйірмелері ашылып, нәтижелі жұмыс жасауда. Жеткен жетістіктері де аз емес.





  Ағымдағы жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының екі жылдығына орай «Болашақ» университетінде облыстық білім басқармасы, «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен робототехникадан облыстық іріктеу чемпионаты өтті. Аталмыш чемпионатқа қатысушылар саны 350-ге жетіп, жаңа технологияны игерсем деген қатысушылар жыл сайын артып келеді. Іріктеу турынан өткен командалардың аз уақыттың ішінде жоғары нәтижелерге жетуі бұл салаға деген жастардың қызығушылығын байқатса керек.



 Облыстық іріктеу чемпионатының бірінші бөлімінде «KazRoboproject-2019» жобалар көрмесі өткізілсе, келесі бөлімде спорттық робототехникалар жарысы ұйымдастырылды. Инновациялық салаға қызығушылығы басым мектеп оқушыларының дайындаған құрылғылары көптің көңілінен шықты. Оның ішінде, күн, жел энергиясымен жарықтандырылған роботтар көмегімен жүретін киіз үй, ұршық орнына пайдаланатын жіп иіргіш робот және желдеткіш, балама энергия көздерімен жұмыс жасайтын наубайхана мен шөп оратын машиналарды атап өткен жөн. Бұл жобалардың барлығы смартфон арқылы басқарылады.



Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас:




- Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаев өміршең бағдарламалық мақаласында жаңғырудың 6 бағытын белгілеп берді. Соның бірі – білімнің салтанат құруы. Заманауи инновациялық технологияларды есепке ала отырып, білім сапасын арттыру қажеттігін ашып айтты. Тіпті қазірдің өзінде технологиялық және экономикалық жаңалықтар қалыпты өмір дағдысын өзгертіп жатыр. Бұл алдағы уақытта тұтастай салалар нарықтағы қажеттілігін жоғалтып, кейбір мамандықтар мүлдем жойылып кетеді. Сол үшінде жаңа дағдылар мен іскерлікті игеруге, жаңа талаптарға бейімделуге қабілеттілікті арттыру қажет-ақ.




21-ғасыр робототехника ғасыры десек, жастар қазірден бастап мамандықтың жаңа түріне бейімделіп, ақпараттық технологияны игеруге бет бұруы тиіс. Сонда ғана тығырықтан шығуға мүмкіндік туады,  – деді.



Іріктеу чемпионат қорытындысында жеңімпаздар анықталып, марапатталды. Жеңімпаздарға республикалық чемпионатқа жолдама беріліп, жетекшілері «Алғыс хатпен» марапатталды.





«Болашақ» университетінің ректоры Қуаныш Дәуренбековтың  жеңімпаздарға 2 білім грантын тағайындағанын естіген көпшілік, жастарға қолдау білдірген жаңа басшының игі бастамасына риза болды.



Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының



«Ақпарат толқыны» бөлімі.



 


автор