23 Қаңтар, 2020
Ит қуудың иткөйлекке қатысы қанша?

Шақалалаққа ең алғаш итжейде кигізудің мәнісі неде, «ит қуу» дегеніміз не, сөзге берік, істе төзімді адамды неліктен «итжанды» деп атаймыз, «иткөйлек» рәсімі қандай мағынаны білдіреді? Жауабы мақалада.

18052017150334_12-1024x680.jpg

Сәбиге иткөйлекті не үшін кигізеді?

Қазақ қырық күн бойы балаға да, анасына да ерекше күтім жасайды. Қырық күн толғанша бір күн тұзды суға, бір күн сабынды суға жуындырады. Одан соң денесін майлайды. Өзге киімдеріне май сіңіп қалмас үшін арнайы тігілген киім – иткөйлекті (итжейде) кигізеді. Иткөйлек балақайдың үстінде қырқынан шығарғанға дейін болады.

«Ит қуу» дегеніміз не? «Итжандылық» неден пайда болған?

Қырқынан шығару рәсімі орындалған кезде итжейдеге қант, кәмпит, құрт-ірімшік іспеттес сан алуан тәттілерді салып, кез келген бір иттің мойнына байлайды. Бір топ балақай әлгі итті қуып, жетіп, түюлі тұрған матаны шешіп, бөлісіп алады. Кейін иесіне тапсырады. Рәсімнің мәні: ит баланың бойындағы бар жаманшылықты өзімен ала кетсін дегенді білдіреді. Сәбиіне иттің жүйріктігі, ақылының озықтығы жұғып, ит жануары секілді бауырын жылдам көтергенін тілейді. Халықтың арасында жиі айтылатын «итжанды» деген сөз осыдан шыққан. «Итжанды» мінез деп төзімді, берік адамдарды айтады. 

iM6KIULFY.jpg

Жаугершілік заманда иткөйлек батырларымыздың қажетіне де жараған. Соғысқа аттанарда сәбидің ең алғаш киген көйлегін өздерімен алып жүрген. Не үшін? Баланың періштесі қағып, елімізді жаудан қорғап шығамыз деп үміттенген.

Қазақ үшін ит көйлектің маңызы ерекше болғандығы сонша, кейбірі оны сақтап, кейінгі балаларына да кигізген. Бұл үрдіс кей өңірлерде әлі де бар. Қазіргі таңда итжейдені сақтап қойып, немерелеріне көрсететін сәттер кездеседі.

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото - ашық дереккөздерден