7 Қараша, 2019
Жүйріктен жүйрік озар, жарысқанда

Республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтті.


Кең далада еркін өскен бабаларымыздың тілі шұрайлы да бай, ойы ұшқыр, сөзден есесін жібермейтін тапқыр болған. Өнегелі өткенімізді ұрпақ санасында жаңғырту мен жаңа қырынан насихаттау мақсатында II республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтті. Алатаудың баурайындағы білім мен өнер ордасы Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатында дәстүрге айналған байқауға еліміздің 3 қаласы, 10 облысынан 38 оқушы қатысып үш кезең бойынша барын салып, бағын сынады.

Байқау шымылдығы Құрманғазының күмбірлеген күйімен ашылды. Артынша мектепті таныстыру арнауы мен шешендік өнердің маңызын ашатын көрініс көрсетілді. Игі шараның ұйымдастырушысы мектеп-интернат директоры Роза Сексенова байқаудың мән-маңызы, мақсаты мен ерекшелігін атап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Өнердің ең асылы сөз өнері» демекші, «Ділмар» сайысы оқушылардың шешендік деңгейін шын анықтады. Кіл жүйрікте кім жүйрік екенін анықтау үшін танымал ғалымдар, ақын-жазушы, дикторлар мен зерттеушілерден құралған әділқазылар төрелік етті. Олар: Марат Тоқашбаев, Аманжан Еңсебайұлы, Гүлбану Қосымова, Серік Қалиев, Ермұхамет Маралбек сияқты сөз өнерінің майталман мамандары қатысушылардың түрлі деңгейіне жеке-жеке баға берді. 

12.png

Бұл байқаудың мақсаты: шешендік өнерді жас ұрпаққа сіңіріп, сөз мәдениетін түзеу. Осы талаптарды анықтау 3 кезеңді құрады. Алғашқы кезеңде би-шешендер мен ақын-жыраулардың шешендік пайым, толғауларын жалғастыру талап етілді. Екінші бөлімде тұрақты тіркес, одағай, мақал-мәтел т.б. берілген 3 сөз арқылы сауатты сөйлем құрау талап етілді. Ал нағыз көсіле сөйлеп, шешіле шешендік танытатын ІІІ кезең көп қатысушының нағыз болмысын, білімі мен сөздік қорын көрсетті.

Бұл байқаудың өзге байқаулардан ерекшелігі өте көп. Мысалы: қатысушылардың жеребелік нөмірі ұлттық мұра – асықпен анықталса, сайыс Аманжан Еңсебайұлының ақ батасымен жанданып, көңілімізді марқайтатын шашумен шаттығымыз еселенді.

Байқау барысында топ жарған дүлдүлдер де, екі сөздің басын жөнді құрай алмайтындар да байқалды. Кейбірі бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерді қозғаймыз деп тақырыптан ауытқып, сөз бен ой қайталауға мәжбүр болды. Менің ойымша, кейбір қатысушылар өздерін толықтай көрсетіп, болашақтың сөз бастар серкелері болатындарына сендірді. Бұл қуантарлық жайт.

Сайыстың қорытындысы бойынша бас жүлде қостанайлық Досымханова Аякөзге, І орын Абай атындағы РММИ оқушысы Дәулетбек Думанға, ІІ орын қызылордалық Балтабаева Ардаққа, ақтөбелік Кәдірбай Марғұланға берілсе, ІІІ орындар Алматы облыстан келген Бектұр Мерейге, алматылық Ашилбекова Розаға, шымкенттік Жәдігерова Гүлсәнға берілді. 

14.png

Шешендік өнер барлық өнерді талап ететін ерекшелікке ие болғандықтан оған атүсті қарамауымыз керек екенін аңғардық. Осындай іс-шаралар арқылы бабалар сөзі балалар есінде мәңгі жаңғыра бермек.

«Ділмар» шешендік өнер байқауының жоба жетекшісі мен тұрақты демеушісі, руханияттың нағыз жанашыры – «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры».

Айтпанбет Айым