14 Мамыр, 2019
Қабыл Еркіман: Түріктердің қазақтарға деген құрметі тым ерекше

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ жастары әлемнің түкпір-түкпіріне кезіп, оқу алуына, білімін жетілдіруіне зор мүмкіндік туды. «Ұша білген қанатқа дүние кең» дегендей бүгінде оқимын, ізденемін, білім аламын деген жасқа түрлі халықаралық бағдарламалар да жеткілікті. Сондай игі бағдарламаның бірегейі – қарындас ел, ағайын ел Түркия мемлекетінің Türkiye bursları бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында қаншама қазақтың жасы Анадолы жұртына барып, ұлы түрік рухынан тәлім алып, білімін жетілдірді. Әлі де жетілдіріп, сол елде жүрген шәкірттер де өте көп. Білім жолында ізденіп, өзін-өзі жетілдіріп жүрген қазақтың қара домалақ баласы –  Қабыл Еркіманұлымен әлеуметтік желі арқылы тілдесіп, әңгімелескен едік. Екеуара жылы әңгімемізді оқырман назарына ұсындық.

Ruh.kz: Қабыл, қайырлы кеш! Білім жолындағы ізденісіңіз игілікке болсын! Сонымен, Түркия мемлекетінің білім грант ұтып алып, оқуға қабылдандыңыз...

Қабыл Еркіман: Қайырлы кеш! Айтқаныңыз келсін! Сөзімізді бастамас бұрын оқырманға өзімді аз-кем таныстыра кетсем. Менің есімім –  Қабыл, тегім – Еркіман. Қазіргі таңда Қытай жеріне тиесілі болған қазақтың байырғы атамекені – Найман мен Керей қатар қоныстанып, түтінін түтеткен қарт Алтайдың атырабындағы Қаба деген жерде дүниеге келдім. Мен он бір жасыма жеткенде жеті атамыздың мазарын артымызға тастап, бабаларымыздың  ту тіккен, өзіміздің болашағымыздың алтын қазығы деп бағалаған – Қазақстанымызға оралдық. Қазір уақытша  Шығыс Қазақстан обллысы, Зайсан ауданының Дайыр ауылында қарапайым тіршілігімізді ел қатарлы жасап жатырмыз. Оқуымды ауылымдағы «Мукарама» орта мектебінде жақсы нәтижеге тәмамдадым. Жоғары оқу орнын қасиетті Торғай топырағындағы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында «Тарих» мамандығы бойынша қызыл дипломға аяқтадым. Он бір жыл Қытайдағы қазақтардың ортасында қазақы тәрбиені бойыма сіңіріп, аталарымыздың әңгімесін тыңдап өстім. Әрі Арқалықтай жерде Айбектей (Танымал айтыскер ақын, ф.ғ.к., профессор Айбек Қалиев – ред.) ағамыздың қанатының астында болып, тәрбиесін көру бақыты бұйырды. Арқалықта  жүріп «Арқалық»  қайырымдылық мекемесінде төрт жыл діни сауат ашып, имандылығын дәріс алу нәсіп болды.  Дәл қазіргі сәтте Türkiye bursları бағдарламасы бойынша Түркияның астанасы – Анкара қаласында оқып жатырмын. Түрік тілінен дайындық дәрістерін алудамын. Келесі жылы Анкара Йылдырым Баязид университесінде «Жалпы Түрік тарихы» мамандығы  бойынша магистрлік оқуымды бастаймын. Айта кететін жағдай: менің барлық оқу шығындарымды, жатақханамды және стипендиямды (шамамен 66 мың тг) осы бағдарлама толық қаржыландыруда. Және менен талап етілген, не кепілдікке алынған еш нәрсе жоқ!

Ruh.kz: Түркияда білім алудың артықшылығы бар ма? Жалпы Түркиядағы білім беру мәселесі қалай екен?

Қабыл Еркіман: Менің әкем қарапайым ауыл адамы болғандықтан, мені Түркияға жіберуге, оқытуға, шынымды айтқанда, жағдайы жоқ деуге болады, бірақ білім жолында бетімізді қаққан емес, әрқашан қолтығымыздан демеп, жәрдемін аямады. Түркияға осы елдің  Turkiye Bursları аты бағдарламасының грантын ұтып алғаннан кейін келдім. Бұның бәрін оқырманыңызбен  шынайы қарым-қатынас  орнату үшін айтып отырмын.

Сұраққа жауап беруді Түркияда білім алудың артықшылықтарынан бастағаным жөн болар. Түркияда балаларын оқытуға көп қазақтың жағдайы жетеді . Бұл – бірінші себеп. Түркияда оқытуды қалағандар үшін; Қазақстанға қарағанда оқу ақысы екі есе төмен және әлемдік рейтингте алдыңғы қатарлы оқу орнындарында оқуға мүмкіндік ала-аласыз. Екіншіден, Қазақстаннан екі-үш есе білім алуға жағдай жасалған. Үшіншіден, Түркияда студент болу жеңілірек. Себептеріне тоқталсақ:

  1. Баспа саласы өте керемет дамығаны соншалық, Қазақстандағы сияқты оқулық тапшылығы жоқ. Өте арзан бағада студенттің қалтасы көтеретін 700-800 теңгеге жоғарғы сападағы қажетті оқулығыңды сатып ала аласың.
  2. Жолда жүру үшін бағасы кіші қалаларда автобустар шетелдік студенттерге тегін (Кония, Хожаели  т.б.). Қоғамдық көліктерде монополия  болмаған соң студенттерге көп жеңілдік жасалған.
  3. Өз басымнан өткен әрі таңқалған жағдайым, кез келген студент профессорларымен өте жақын қарым-қатынас жасайды. Ол  саған студент ретінде көп көмегін тигізеді, көп нәрсе көріп, үйренуге, тажірибе алуға мүмкіндік береді. Бір жағынан өзіңе мотивация аласың.    
  4. Жатақханалары  сабақ қарауыңыз үшін өте ыңғайлы. Екі уақыт тамақты өздері береді, вай-фай желілілері , кітапханалары, сабақ қарау залдары, сізге керекті жабдық пен жағдай толық қарастырылған.
  5.  Докторантурада оқысаңыз, отбасыңыз болса, үйге тұрсаңыз да ұтылмайсыз! 50 мың теңгеге үш бөлмелі пәтер табуыңызға әбден болады. Бойдақ болсаңыз, достарыңызбен бірге алсаңыз да қалтаңызға қиындық түспес.
  6. Тұрмыстық заттар, киім-кешек, жасыратыны жоқ, Қазақстанға қарағанда арзанырақ.
  7. Мұсылман өлкесі. Харам жедім деп көп ойланбасаң да болады. Америкада оқыған досым елге арықтап оралған еді... «Білімін алғаным болмаса, балаларымның ондай елде өскенін қаламаймын! Қазақстанға жеткеніме шүкір!», - дегені есімді қалып кетті.

Білім беру мәселесіне келетін болсақ, менің байқағаным, шетелдік студенттерге соңғы үш-бес жылдың көлемінде өте қатты мән беруде.

Себебі халықаралық студенттер санының артуы білім деңгейінің көтерілуіне және университеттерінің рейтингісінің жоғарылауына жергілікті түріктердің де білімге деген құлшынысының артуына себеп болуында жатса керек. Әрі өздері де бұл салада мол тәжірибе жинау үстінде. Қазір бұл салаға қанша қаржы бөлгенін білмеймін, бірақ біздің білім министрлігінің де бос жатпағаны анық және лазым. Түркия қазір жер асты байлығына емес, жердің үстіндегі адами байлығына мән беруде.

Ruh.kz: Түрік жастарының Отаншылдығы мен патриоттығы туралы не айтасыз?

Қабыл Еркіман: Айтарға сөз жоқ! Өз ойымды сұрасаңыз, біздің үйренетініміз де, олардың бізден үйренетіні де баршылық екен. Бұлардың жастары өте қызу қанды. Отаншылдық туралы, Түркия туралы, Түрік текті мемлекеттер туралы естігенде делебелері қозып, елегізіп тұрады. Аз уақыт тарихшы болып оқып, байқағаным, XYIII ғасырлардағы жастар арасында  батыр болсам, би болсам дегендер, XIX –XX ғасырларда  жазушы, ағартушы, ғалым болғысы келгендер көп. Қазір қалай? Көбісі әнші, актёр, музыкант, т.б болғысы келетіні жасырын емес шығар. Бұл – бізге сын! Бұлардың жастарында осындай осал қиял жоқ! Біз де осы жағынан идеологиялық бостық, ақсау барын аңғардым. Бізде де осы бостықты толтыруға ағаларымыз уақытында ат салысса деген тілек бар! Бұл тақырып туралы сұрағанымда: «Басым көпшілігі жұмыс адамы болсам, еңбекпен Түркияға қызмет етсем» - деп ойлайды екен. Мемлекет тарапынан бөлінетін жалақы да жұмыс адамы үшін өте тиімді болған соң, мемлекет іші де тыныш. Мұғалімім 6 мың лира (400 мың тг) жалақы алады. Ойлай берсеңіз болады. Халқы да ән айтып, би билегеннен гөрі жұмыс жасап, ақшаны көп табатынын біледі. Өзі үшін жұмыс жасаса да, отанына пайдасын тигізуде. Түріктердің бір бөлігі  Германияда жұмыс жасаса да ақшасы мен салымдарының басым көпшілігін  Түркия экономикасына жұмсауда. Осыған қарап,  көп нәрсені аңғаруға болады ...

Ruh.kz: Түркия несімен ұнайды. Тарихына, мәдениетіне деген көзқарасыңыз қалай?

Қабыл Еркіман: Жоғарыда айтқанымдай: отан сүйгіштігі мен бауырмалдықтары маған қатты ұнады. Тарихы мен мәдениеттері бізге ұқсас, бізбен сабақтас. Аналарымыз Түркия туралы, адамдары туралы бізден де жақсы біледі деп ойлаймын! Кинолардан көргендеріндей... Біраз айырмашылықтар бар. Статистикаға қарағанда 99% мұсылман, бірақ дейтін тұстары да бар. Ұнамағаны қатын, балашағасы темекіге өте әуес екен! Хиджаптағы әйелдер темекі тартқанда басында аузымызды ашып қалған кезіміз болды. Бұл тұста орамалдағы әпке-қарындастарымызға, аналарымызға рахмет! Аллаға шүкір, ораза басталғалы бері түтін азайды. Соған қарағанда, басым көпшілігі ораза ұстағанға ұқсайды.

Ruh.kz: Бір жылдық түрікше оқуыңыз қалай өтуде ? Жаңа достар тапқан боларсыз.  Оларға Қазақстанды  қалай танытып жүрсіз?

Қабыл Еркіман: Мен бұл бағдарламаның грантын жеңіп алған кезде Риддер қаласында бесінші күн мұғалім болып жұмыс істеп жүрген едім. Түрік тілін білмейтінмін. Тек білетін тілім – қазақша еді. Түркияға кетерде түрікше «рахмет»  деп те айта алмайтын едім. Бірақ Түркияға келгеннен кейін өмір сүру үшін үйренуге тура келді. Екі апта еш үндеместен тек тыңдаумен болдым. Одан кейін тез үйрене бастадым. Менің мұғалімім өте керемет кісі, есімі – Zehra Kum.

Біз ол кісіге Орта Азиядағы және Балқан түбегінің ең керемет мұғалімі деген атақ бердік. Себебі Түрік тілін білмеген жиырма екі мемлекеттен келген біздерді түрікше сайратты. Бұндай мұғалім біздің Қазақстандағы кей қазақтардан бастап, орысы бар, басшысы бар бәрімізге керек-ау?! Жирма екі тіл бір арнаға келсе, не болатынын жақсылап көруге мүмкіндігім болды. Жиырма екі мәдениеттен бес құрлықтың адамдарын жатсынбайтын дәрежеге жеттік. Бұл да Түркияның бізге берген сыйы. Бәрі де жоғары білім алу үшін оқу стипендиясын ұтып алған адамдар. Біздің арамызда христиан, мұсылман, буддистер де болды.

   Түркияға алғаш келгенімде Борат туралы айқандарына ашуланғанмын... Түсіндіруге маған, түсінуге оларға қиындау болды ау шамасы... Мұғалімім маған мүмкіндік жасап, елімізді танытуға мүмкіндік берді. Қазақтың оюлы шапанын, тақиямызды киіп, қазақ елімен таныстыру күнін жасадым. Еліміздің Астанасы мен табиғатына, жер асты, жер үсті байлықтарына тамсанды, таңқалыстарын жасырмады. Мен көрсетілім жасағанда, ауыздарына қазақтың бауырсағы мен қуырдағының дәмі тиіп, ыстық ақ шәйін ішкенде, біздің елдің Боратқа еш қатысы жоқ екенін өздері-ақ айтты. Назерке Атымтаева, Мадина Жанғазиева, Әсем Асқарқызына алғысымды білдіргім келеді! Қазақтың бауырсағын, қуырдағын жасап, оларды таңқалдыруға маған көмегін тигізді. Жандос Мейірманов бауырымыз да домбырамыздың үнімен құлақтарының құрышын қандырды. Қазақтың түлкі тымағын киіп, домбырамызды ұстап суретке түсіп әлек болды.

 Жарты жылдан соң Түркияда атқа мінген сәтімде, қазақ жігіттерінің нағыз "түрік" екенін, ат құлағында ойнайтын шабандоз екенін анық таныды. Түріктер өз ішінде нағыз жігіттеріне «Қазақ» деп не үшін айтатынын бір білді-ау, шамасы. Қазақ жігітінің қазақ аруына ғана лайық екенін, қазақ қызының қазақ ұлының ғана анасы болатынына осы бір жыл ішінде көбінің көзі жетті. 

Бір жыл ішінде группаластарымнан үйренгенім де көп болды, ол үшін бәріне рахметімді айтамын!

Ruh.kz: Түріктердің шетелдіктерге стипендия тағайындау себебі не?

Қабыл Еркіман: Өткенде бір клубтың отызға тарта мүшелері болып, Түркия Президенті Ердоғанның  резиденциясында бас кеңесшілерінің  дәрісін тыңдауға бардық. (TDPV «Türk dünyası Parlamenterler Vakfı») Басты бес кеңесшісінің дәрістерінен және сұрақтарымызға алған жауаптарымызға қарағанда, мына мақсаттары мен тілектерін айтып өтуге болады:

  1. Өлкемізге қайтып оралып, өз саламыз бойынша қызмет етуімізді.  Бізден Түркия мемлекетінің көңіл елшісі, көңіл көпірі қызметін атқаруымызды өтінді. 
  2. Өлкемізге оралғанда қоржынымызда мол білім болуы үшін барынша тырысатындарын айтты, біздің де қайрат көрсетуімізді өтінді.
  3. Америкаға кеткен Орта Азияялық, әлемдік білім көшін тоқтатуды мақсат еткендерін айта келе, ол жерге білім іздеп барып, қалып қалғандар сияқты болмауымызды өтінді.
  4. Орта Азияның,  Түркияның  орта ғасырдағы сияқты білім  мен мәдениеттің орталықтары болуын мақсат еткендерін атап өтті.
  5. Ақпараттық ғасырда өмір сүріп жатқанымызды еске салып, қазба байлық емес, лидерлік қасиеті бар адамдар жетілдіру керектігін тілдеріне тиек етті.

Түсіне алсақ, әлі көп жұмыс істеуіміз керек! Біз ойламағанды басқа елдер ойлап жатыр... Жалпы, Сізге айтайын, Түрік ағайындардың қазақтарға деген ықыласы, құрметі тым ерекше!

Ruh.kz: Еліміздегі замандастарыңызға беретін кеңесіңіз?

Қабыл Еркіман: Ақыл айтатын жаста емеспін ғой (Күліп). Ақыл демесек те айтар ескертуім бар!

Өміріміз өзіміздің қолымызда, осыны анық түсінейік! Үйленіп, отау құрып, қарапайым тып-тыныш, баламызды бағып, өмір өткізу де өзіміздің қолда! Басымыздың үстіндегі, табанымыздың астындағы байлыққа қарамайық! Бұлар уақытша нәрселер бүгін бар, ертең жоқ! Басымыздың ішіндегі білім мен жүрегіміздегі иманға, жасаған әр амалымызға мән берейік! Сапалы білім алып, «Қазағым!»  деп өмір сүретін, көк туымызды құлатпайтын, ата-анасын жылатпайтын ұл болып өсіп, өнегелі ұл мен қызды өсіріп  жетілдірейік! Сарқылмас байлық – тәрбиелі ұрпақ екенін ұмытпайық!

 Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, бабаларымыздың имандылық ісімен,  ақ жаулықты аналарымыздың көз жасының күшімен келген жерде күнімізді ұйқымен өткізбейік! Біз тыныш ұйықтағанда жастығымыздың астында біздің тыныш ұйқымыз үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген, еліміздің кем-кетігіне кірпіш болып қаланған, қалануға тырысқан адамдардың барын ұмытпайық! Өзің таңдарсың?! Жастықтың астындағы не үстіндегі адам болуды. Өз қолыңда ғой...

Менің құрдастарымның қолынан келмейтін іс жоқ! Мен сияқты  ауылдан шыққан, шетелде оқып жатқан, қазақтың қаракөз, қара домалақ не сары домалақ, ақ жүрек  балалары өте көп. Замандасым, Сен де солардың бірі болуға әбден лайықтысың!

Тек Отанымызға кері оралып, елге адал қызмет етіп, мемлекетіңнің рухани дамуына үлес қосуың шарт. Осылай ниет етсең, Алла да жолыңды ашық, маңдайыңды жарық етеріне шүбәң болмасын!



Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz






Ruh.kz
Қабыл Еркіман