11 Сәуір, 2019
Кәмел Жүністегі: Намыс болмаған жерде ештеңе де болмайды

     Қазақ жұрты Орыс патшалығының бодандығына өткеннен кейін басынан еркі, қолынан билігі кетті. Совет үкіметі орнағанда шовинистік пиғыл одан әрі күшейіп, ұлтымыздың ардақтылары лек-легімен сотталып, түрмеге қамалды. Айдауға ұшырады. Қасірет шекті.


Ұлтымыздың ақтаңдаққа ұшырап, тауқыметті тағдыр тартқан перзенттері аз болмаған. Біз де ұлтқа қызмет қылғандардың есімі көзі тірісінде бағаланбайтын қағида бар. Сол қағиданы берік ұстануымыздың арқасында «Елін сүйген ерлер партиясының» белсенді мүшесі, диссидент, ұлтшыл қазақ, жазушы Кәмел Жүністегін бірде айтып, бірде айтпай келеміз. Мерейжасының қарсаңында ағамызбен сырласып, сұқбаттасып қайтқан едік. Елін сүйген ерлер кімдер еді? Қазақ кімді ұмытты? Бұл сыр-сұқбаттан зобалаң заманның ащы шындығын білесіз...





 


ТАР ҚАПАСҚА ТАНЫЛҒАН ЕР


Ruh.kz: Мерейжасыңыз құтты болсын!  Әңгіме басын Сталин заманының шырқын бұзып, қазақ ұлтшылдығының рухын қозғаған ЕСЕП партиясының қозғалысынан бастасақ...



Кәмел Жүністегі: Бұл ұйым жұмысты қаладан тысқары Шет ауданының орталығы — Ақсу- Аюлы ауылында жүргізілді. Оның да мәні бар еді. Үкімет саясатына деген қарсылық қалада, топтасқан студенттер арасында бірінші кезекте туындайды деп топшылайтын аты-шулы органдар листовкалар иесін қалалардан іздейтіні анық еді. Ұйымның ауданда болуы көп уақыт бойы оның КГБ назарынан тыс қалуына мүмкіндік туғызды.



Ұйым жазған үнпарақтар (листовкалар) Қазақстанның ондаған қалаларына кетіп жатты. Сол үнпарақтардың соңына таратушы “Жас қазақ” ұйымы деп жазылатын еді. Мұның да себебі болды. Ұйымды әзірше “Жас қазақ” деп атай тұру керек, ал басты мақсат “ЕСЕП”-ті (Елін сүйген ерлер партиясын) құру екендігін тәптіштедік. Бұл “ЕСЕП”-ті ел қырқыншы жылдардың соңында Қарағандыда бір топ жастың құрамыз деп сөз қылғанын, бірақ барлы-жоғы жиырма шақты күннің ішінде ұсталып кеткенін, айдаудан қайтып келген ақын Бүркіт Ысқақовтан, Бейсенбай Жақсылықовтан естіп жүрген. Егер біз листов- калардың соңына “ЕСЕП” деп жазатын болсақ, бұл ұйымның Қарағандыда, не соның маңында екенін ашып қоямыз. Сол себептен “ЕСЕП” атын әзірше жасырын ұстауымыз керек болды.



Біз өзімізді “ЕСЕП”-тің мүшесі деп таныдық. Әрине, ұйымда қанша мүше бар, қазақ елі бойынша қанша адамды қамти алдық, ол жөнінде артық мәліметтер айтыла бермеді. Мен бұл ұйымның саяси жетекшісі болсам, З.Игілікұлы жан-жақпен негізгі байланыс жасаушы еді. Ұйымға тартылғандардың қай-қайсының да қандай да болсын жазған саяси пікірлері менің байқауымнан өтетін.



Сол кездегі үкімет пен партияның басшысы Н.Хрущевтің саясатына үлкендер арасынан наразылық жеткілікті еді. Заманында осы ауданның құрылуына ерекше еңбек еткен Т.Дәлмағанбетов, Қ.Ордабаев, С.Матаев, Ә.Мырзағожин, Ж.Ыбышев, А.Нақыпов сияқты ақсақалдардың наразы пікірлерін тыңдасақ та, өзіміз оларға іш ашқан емеспіз. Бізге үлкендер сөзі ел пікірін анықтай түсу үшін ғана кажет еді.



Ruh.kz: Нақты қандай іспен айналыстыңыздар?



Кәмел Жүністегі: Ұйым “тың” деген желеумен қаптаған орыстың табанында қалуға айналған қазақтың еңсесін көтеруді бірінші кезекке қойды. Ол үшін елдің қазақ жерінде ұлт намысын, мүддесін айта алатын, жасырын болса да, топтың барлығына көзі жетуі қажет деп есептеледі. Егер алғашқы кездегі мақсат осы болса, ендігі кезектегі мәселе Мәскеудің сөзінен басқаны тыңдап көрмеген елге басқаша да ой-пікірдің барлығын білдіру болды. Бұл халық арасында кеңірек үгіт жүргізу еді.



Әрине, әрбір мекемеде, оқу орындарында, әр ауылда бір-бір салпаң құлағын ұстап отырған КГБ-мен от ойынын ойнау оңай емес еді. Кешегі патша заманындағыдай ауыл-ауылды аралап жүріп үгіт жүргізудің мүмкін еместігін ұйым басшылары жете түсіне де білдік, басқаларға да түсіндіре білдік. Сол себептен, негізгі студент жастармен жұмыс жүргізу көзделді. Ал, студенттер болса, өзінің ауылдасымен, таныс-білістерімен ой бөлісіп, үгіт жұмысының етек алып кететініне сендік. Сенім ақталып та жатты, өйткені қазақ елі мұндай жағдайды күтіп те жатыр еді.



Өзіміз жиі баратын Қарағанды, Алматы, Ақмола қалаларында Ұйым таратқан үнпарақтардың (листовкалардың) халық арасындағы жаңғырығын көзбен көріп жүрдік. Мұндайға өте сақ үлкендердің өзі таңданыспен тандай қағып, әлдебір бір листовканың мәнін әңгіме қылып отыратын еді. Бір тоқмейілденетініміз, біздің ұйым таратқан әлденеше осындай хаттардан кейін “Жас қазақтың” атын пайдаланып басқалардың да жазған үнпарақтары біздің де қолға түсті. Бұл үлкен жаңғырық еді.



 



"АЗИЯЛЫҚТАРДЫҢ КӨРМЕГЕНІ ЖОҚ"



Ruh.kz: Бастарыңыздан адам ұмытса да, тарих ұмытпайтын оқиғалар өтті ме?



Кәмел Жүністегі: Саяси лагерьдегілерге елден сәлемдеме (посылка) алдырмайды екен. Мұны білмеген артта қалған үй іші оны-мұны салып жіберіпті. Сәлемдемені кері қайтармақ. Шешем қатты ауру, әке кәрі, жарыммен жаңа ғана қосылғанмын. Солардың жағдайын ойлап лагерьдің бастығына кірмек болдым. Ал, лагерлес жанашырларым Құнанбай ақсақал (лагерьде 33 жыл отырған  адам), украиндық А.Олейник, латыш К.Скуинке, В.Колнынш, грузин З.Қабалия, И.Кабалия, т.б. бастыққа бармауымды, оның әдейі арандатып сөз айтып, не қимыл жасап, жамандыққа ұрындыратынын айтып бақты.



— Тіпті, табан асты атып тастауы да мүмкін, деп ескертеді Зәкір Ысқақов.



Не де болса көрейін деп, лагерь бастығы Кашттановқа кірдім. Үй ішінің жағдайын айта келіп:




— Мен алдым деп хат жазайын. Маған бермей-ақ қойыңыздар, тек сәлемдемені осы жерде жойып жіберіңіздер. Қайтып барса ауру анам өледі ғой, әкеме де соққы, жас қосылған қосағыма да оңай тимес,  дедім.



— Ә, солай ма, — деп зілденді Каштанов. Түсі шағатын жыландай сұрланып ысқырынып алған екен. Бізге сенің шешеңнің арам қатқаны керек. Әкең жынданып, інілерің тоз-тоз боп кетсін. Анау жас әйелің бе... оның сенің кім көрінгеннің астында... Біз соны тілейміз.



Каштанов әрі қарай былапат ойын ағыта берді.



Мұны күтпеген едім. Құлағым тұнып қалды. Саусақтарым мысықтың тырнағындай үстелге кіріп бара жатқан тәрізді. Қалш-қалш етемін. Тіпті үстел де дірілдеп кетті. Есіме сырттағы достарымның “шыда, шыда” дегені ғана түсіп, бойымды жидым. Есіктен шыға Құнекең ақсақалдың құшағына құладым.



— Не болды?  дейді үрейі ұшқан Зейнолла.



— Шыдадым, деуге тілім әрең келді.



Тіпті сол саяси лагерьде орыс пен басқа ұлттарға екі түрлі көзқарас бар екен. Орыстың кейбір саяси ағымдары “патшаны таққа отырғызамыз” деп жүрсе де, коммунист лагерь басшылары оларға ерке бала ретінде қарайды екен. Ал, басқа ұлттарға, әсіресе, азиялықтарға жаулығын айтып жеткізгісіз...




Мақсат сол жасырын болса да саяси партия құру болғандықтан оның жарғысы мен бағдарламасын дайындау да қолға алынған. Бұл жұмысқа кірісіп, кешіктірмей-ақ жазып шықтым.



 



Ruh.kz: Қазақ кімді ұмытты?



Кәмел Жүністегі: Отаршылдардың сұрқия саясатын ерекше әшкерелеген Шортанбай жырау жырлары бар түркі жұртына айрықша әсер етті.



Шортекеңнің ізімен Қырғыздың Молда Қылыш ақыны «Зар заман», Арыстан тегі «Тар заман», Алдаш молда», «Хал заман» деген дастандар жазған. Осыған сәйкес дастандар Қарақалпақ, Татар, Башқұрт жұртында да жеткілікті.



 





ҰЛТТЫҚ РУХЫ КҮШТІ АЗАМАТ



   Кенесары ханның ұлт азаттығы үшін күресі жеңіліске ұшырап, қазақ баласы мүшкіл халге түсті. Ел қорғаны батырлар жер жастанып, ұлт ұраншылары ,ақындар кіріптар халге түсті. Ел иесіз қалды. Қанға бөкті. Талауға түсті» (М. Мағауин) Міне, осы кезеңде ұраншыл рухын жоғалтпаған Шортанбай жырау газеті жоқ заманда бар қазақтың даласын аралап өзінің өршіл  жырларымен есеңгіреген жұртты серпілтіп, санасына үміт сәулесін жағып, «Бағынба қазақ орысқа», «жаңалаш мін де жауға шап» деп азаматтыққа шақырды. Жыраудың келер жолын күні бұрын біліп отырған ел арнаулы үй тігіп, апталап жібермей жырын тыңдаған. Ұлы жырау тоқтап,  жырын төккен жерлерде Шортанбайдың есімі қалған. Шет ауданы жеріндегі «Шортанбай бұлағы» Ақсарлы болыстығындағы «Шортанбай» атаулы жер, Атбасар жақтағы «Шортабай» өзені, Омбы түбіндегі «Шортанбай ауылы», Атырау жақтағы «Шортанбай» атты жер атаулары  соның айғағы. Әрине, мұндай жер атауларын бүкіл қазақ жерінен табуға болар еді, Советтік шовенистік саясат ұлы жыраудың есімін атауға тыйым салған, қорқыныш, үрей билеген заман талай дүниені ұмыттырды.  



 



Ruh.kz: Тасада қалған тұлғалар кімдер?



Кәмел Жүністегі: Атақ-даңқы әлемді айбындырған Алтын Орданың тағына өз қолымен отырғызған Ақсақ Темір Көреген жорыққа кеткенде артында қалған елін шауып, жақсылыққа жамандық жасаудан арланбаған пасық, талай мәрте елден қуылса да дәмесін үзбей, дұшпан әскерін бастап келіп өз елін өзі сан қайтара шапқан, сөйтіп кеше ғана табанында жатқан қас жауының күшейіп кетуіне жол ашқан жетесіз хан Тоқтамыс пен оның өзінен өткен санасыз, таққа таласып бірін-бірі қырудан басқаны білмеген топас ұлдарынан елімді қорғаймын деп арпалысқан, халықтың өзі "Ел қамын жеген Едіге" деп атап кеткен Ұлыстың ұлы биі туралы бүгінде айтыла бермейді. Халқына алғаусыз қызмет етудің үлгісін көрсеткен алаш перзентінің тұлғасы жарқырата суреттелген "Едіге" романы да насихаттала бермейді.



 



Ruh.kz:  Қазақ журналистикасына не жетпей тұр?



Кәмел Жүністегі: Шындық жетпей тұр. Жағымпаздықтан арыла алмай тұр. Жасқаншақтың белең алып тұр. Бұны әлеуметтік желіде де айтып жүрмін. Қатардағы журналистер туралы айтпай-ақ, қойдым. Газет, журналдың басында тұрғандар жалтақ. Осыдан сақтансақ, осыны жеңе алсақ, шындықты айтсақ қана журналистің құны болады.



Ruh.kz: Жастарға айтарыңыз болса?



Кәмел Жүністегі: Жастарға бір ғана дүние айтамын. Намысты болыңдар. Намыс болмаған жерде ештеңе де болмайды.



 



Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет. Еңбегіңіз елене бергей!



 



Сұлтан МҰСТАФИН,



Ruh.kz


Ruh.kz
Кәмел Жүністегінің жеке мұрағатынан