19 Қазан, 2018
Қандастарымыз АҚШ-та өнер көрсетуде

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында ұлттық ерекшеліктерімізде мұхиттың арғы бетіндегі халыққа таныстыратын қазақстандық «Қызыл трактор» өнер тобының «Ойлар жинағы: Ойдағы оқиғалар» ретроспективті көрмесі өтуде. 14-30 қазан аралығында ұйымдастырылған көрмеде «Қызыл трактор» деген атаумен белгілі өнер тобының үш жүзден астам құнды заттары қойылған. Оның ішінде түрлі мүсіндік жұмыстар мен графикалық туындылар, көркем суреттер мен қолданбалы бұйымдар бар.


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттарының бірі де осы – қазақстандық заманауи мәдениетті шекарадан тысқары жерлерде насихаттау еді.



АҚШ төрінде өтіп жатқан өнер тобының көрмесі де осы бағытты қолдау мақсатында жасалуда. Аталған шара «Фокус Қазақстан»  жобасының және ACAW Азия заманауи өнер апталығының бір шарасы ретінде ұйымдастырылған.



«Қызыл трактор» ұжымы қазақтың көшпелі ғұмырының ұмытылмауына әсер етіп келе жатқанымен белгілі. Аталған өнер тобының басты тақырыптары да осы бағытқа саяды. 90  жылдардың бас кезінен бастап аты шығып келе жатқан өнер ұжымының мүшелері – трансавангард деп аталатын қозғалыстың негізін қалаушылар. Топты құрған азамат – Виталий Симаков.





«СаА тобы», «Шымкент – Трансавангард», «Си құрылымдық мектебі» деген атаулармен белгілі болған топ 1995 жылы Молдақұл Нарымбетов есімді азаматтың бастамасымен  «Қызыл трактор» деп өзгертілді. Қызыл трактор мінген өнерпаздар топқа ат берген азаматтың идеясына сүйенсек, әлемді аралап, ұлттық ерекшеліктерімізді күллі ғалам жұртына паш етуі керек.





Нью-Йорктегі шара кезінде «Қызыл трактор» өнер тобының мүшелері 14-қазан күні «Тазарту» атты өз репертуарларындағы танымал қойылымдардың бірі «Тазарту» атты перфомансын ұсынды. Бұл – көрменің ашылу салтанатында сахналанған қойылым.



«Қызыл трактор» тобының нақты мүшелері болғанымен, әрбір өнерпаздың өзіндік шығармашылық жолдары қалыптасқан. Соған қарамастан, олар «Ойлар жинағы: Ойдағы оқиғалар» секілді көрмелерде жиі бас қосып, біріккен түрде өнер көрсетеді.



Азия заманауи өнер апталығы (ACAW) – кең ауқымды эксперименталдық көрмелерді, инновациялық жобаларды және түрлі диалогтарды көрсету үшін нью-йорктық және азиялық жетекші көркемөнер институцияларын, мұражайлар мен галереяларды біріктіретін белгілі алаң.



«Фокус Қазақстан» жобасын Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырды. Жобаның жетекшісі – Л.Кочетов.


ruh.kz
bnews.kz