11 Тамыз, 2018
Қарағанды облысының «Өлкетану» оқулығы таныстырылды

Терең тарихы бар орталық өңір де «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының міндеттемелерін жүзеге асырып, қарқынды жұмыс жасап келе жатыр. Жас ұрпақты отансүйгіштікке, ұлттық мұраларын қадірлеуге тәрбиелейтін «Туған жер» арнайы жобасының аясында Қарағанды облысы өз аймағының тарихын-мәдениетін, әдебиеті мен ән өнерін насихаттайтын, 5-7 сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығын таныстырды.


Мектеп жасындағы 5-7 сынып оқушыларына арналған оқулықтың еліміздің бірқатар облыстарда жарық көріп жатқанын алдыңғы жазбаларымызда айтып келеміз. Міне, сол қатарды бүгін Қарағанды облысы толықтырды.



Аталған оқулықта өңірдің географиялық ерекшеліктері, тарихи тұлғалары, жалпы тарихы, әдеби-мәдени мұралары туралы мол мағлұмат қамтылған. Сонымен қатар, жаңа қалыптағы оқу құралының ішінде оқушыны жеке ізденіске, өзін-өзі дамытуға бейімдейтін тапсырмалар, қызықты мәліметтер, тың деректер бар.



Әр аймақта қарқынды түрде белең алып, бір мезгілде жарияланып жатқан оқулық еліміздегі белгілі тарихшылардың, профессорлардың, этнографтар мен өлкетанушылардың, тәжірибелі ұстаздардың қолдауына, разылығына ие болды. Олар мұндай кітаптың жарыққа шығуын білім беру ісіндегі үлкен өзгеріске балап, осындай оң бағыттағы даму қарқынының бұдан әрі күшейе түскенін қалайтындарын білдірді.



Қарағанды облысының мектептеріне арналған «Өлкетану» оқулығының тұсаукесер рәсімі облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығында өтті. 71 бетті құрайтын оқу құралының ішінде аймақтың географиялық ерекшеліктері, геологиялық құрылымы, пайдалы қазбалары және кен орындары, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, әдеби-мәдени құндылықтары, сондай-ақ, өңірдегі экологиялық мәселелер туралы, аймақтық туризмді дамыту туралы мәліметтер берілген.



Жалпы кітап екі бөлімге бөлінген. Оның бірінші жартысында облыстың географиялық, геологиялық ерекшеліктері сөз болса, екінші жартысында 18-20 ғасыр аралығында жүргізілген зерттеу жұмыстары бойынша тың тарихи деректер, ескерткіштер туралы, Сарыарқа топонимикасының ерекшеліктері туралы әңгіме өрбиді.



Сарыарқаның қасиетін танытып, аймақ жастарын отансүйгіштікке тәрбиелейтін «Өлкетану оқулығын құрастырған авторлар жөнінде мағлұмат бере өтелік. Жалпы жаңа форматтағы оқу құралын Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қызметкерлері құрастырды. Атап айтсақ, олардың қатарында география кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Қадірбаева Дидар Артықбайқызы және Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жұмабеков Абзал Азмұханұлы бар.



«Бұл «Өлкетану» оқулығының жазылу себебі – Елбасымыз: «Өркениетті дамытатын ғылым, және ғылымның бірден бір саласы тарих»,- деген. Сол тарих арқылы жас ұрпақты ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы зор. Бұл «Ұлт жоспарын іске асырудың 100 қадамы» деп аталатын бағдарламала негізге алынған, онда осы «Өлкетануды» оқытуды бағдарлама ретінде қолға алу мәселесі қарастырылған. Осы мақсатта облыс әкімі Ерлан Қошанов пен Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ басшылығының қолдауыменен осы «Өлкетану» оқу-құралын жазып шығуды қолға алдық. Жалпы «Өлкетануды» біздің университеттің география мамандығының студенттері бес жылдан бері 2-курстан бастап оқып келе жатыр. Ал бүгін тұсаукесері болып жатқан оқулық 7-сынып оқушыларына арналған. Ол мектеп оқушыларының сабақ кестесіне биылғы оқу жылы кіргізіле ме, әлде келесі жылы енгізіле ме ол әзірге белгісіз. Бірақ болашақта мектеп бағдарламасына кіргізу жоспарланып отыр», – дейді оқулықты құрастырушы Дидар Қадірбаева.



Мектеп бағдарламасын енгізілуі тиіс оқулықтың орыс тіліндегі балама нұсқасын жазып шығу да қолға алынады деп пікір білдірді салтанатты шараға қатысқан жауапты мамандар.



Өз өлкесінің қадірін білген оғлан[GB1]  болашақта елінің, жерінің, ұлтының қадірін біліп, өз ұлтының құндылықтарын, ерекше белгілерін, тарихи ескерткіштерін көз қарашығындай сақтайтыны айдан анық. «Отан отбасынан басталады» деген кемеңгер нақыл қалдырған қазақтың аспаны ашық, болашағы жарқын болуы үшін еңбек етіп келе жатқан Елбасының әрбір бастамасы қолдауға лайық.



Алдағы оқу жылында республиканың көптеген облыстарының мектептерінде оқушылар қолына тиетін «Өлкетану» оқулығы да өз алдына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.


ruh.kz
qasym.kz