10 Қазан, 2018
Қарағандыда республикалық ақындар мүшәйрасы өтті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарағанды облысындағы «Шалқыма» концерт залында «Өлең - сөздің данасы» атты республикалық ақындар мүшәйрасы өткізілді. Аталмыш шара қазақтың ұлы жырауы Бұқар жыраудың 350-жылдығына және елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай арнайы ұйымдастырылып отыр.  


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап ететіндігін нақтылап көрсеткен болатын. «...рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды.



Бұл - тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. 



Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», - делінген осы бағдарламалық мақалада.



Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел дамуының барлық бағыттары қамтылуда. Мәдениет пен өнер саласына қатысты көптеген ірі жобалардың қолға алынуы да жақсы бастама болды. Бүгінде республика бойынша көптеген бағдарламалар қабылданып, елеулі іс-шаралар өткізіліп жатыр.



Мәселен, Қарағанды облысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалада көрсетілген бағыттарды жүзеге асыру бойынша түрлі кешенді іс-шаралар кеңінен қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бұл шаралардың басты мақсаты сананы жаңғыртуға, бәсекелестікті арттыруға, халықтың әлеуметтік әл-ахуалын дамытуға бағытталған.   



«Өлең - сөздің данасы» атты республикалық ақындар мүшәйрасы мемлекеттік тілдің беделін нығайту, тіл мәдениетін дамыту, Бұқар жыраудың шығармашылығын насихаттау және ақындарға шығармашылық қолдау көрсету мақсатында жоғары деңгейде ұйымдастырылған шаралардың бірі болды. Ақындық өнер - сөз қасиетін аса бағалайтын, ерекше сезім мен сырға толы әсем әлем. Біздің әдебиетімізде ақындық өнер айрықша орын алады. Тарих беттеріне көз жүгіртетін болсақ, қазақ халқы қара сөздің қасиетін аса бағалаған. Атақты Абылай ханның ақылшысы болған Бұқар жыраудың ханнан қаймықпай, халық мұңын өлең құдіретімен жеткізіп қана қоймай, тыңдата білгені осының бір айғағы болып табылады. Яғни, ақындық өнерді ата-бабамыздан бері келе жатқан ұлы мұра десек, жөн болар.



Аталмыш байқауды Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды. Ақындар байқауына еліміздің әр түкпірінен 17 ақын қатысты. Атап айтқанда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстары мен Астана қаласынан келген көркем сөз шеберлері болды.



Бірінші кезекте, байқауға келген қатысушылар Бұқар жыраудың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.



Байқау барысында ақындар өз туындыларын оқыды. Осы туындылар ішінде Бұқар жырауға, елордамыздың 20 жылдығына арналған шығармалармен қатар, әлеуметтік тақырыптағы өлеңдер айтылды.



Астана қаласынан келген Мирас Асан «Өлең - сөздің данасы» атты республикалық ақындар мүшәйрасының гран-при иегері атанып, 590 000 теңге сыйлықақы алды.



Ал Түркістан облысының ақыны Ғылымнұр Қыдыржанов бірінші орын иеленсе, Павлодар облысынан келген Қуанышбек Шарманов пен астаналық Олжас Қасым екінші орынға тұрақтады. Үшінші орын Атырау облысының ақыны Альбина Мұхамбетоваға, жамбылдық Нұрболат Сатымқұлға және қарағандылық Ерқанат Кеңесбекұлына бұйырды. Барлық жеңімпаздар ақшалай сыйлықақы алды. Бірінші орынға - 413 000 теңге, екінші орынға - 295 000 теңге, үшінші орынға - 177 000 теңге берілді.



Сондай-ақ, үш қатысушыға арнайы сыйлықтар табысталды. Ал басқа қатысушылар 59 000 теңге көлемінде ынталандыру сыйлықтарына ие болды.



 



 



 


ruh.kz
karaganda-region.gov.kz