19 Сәуір, 2018
Қарағандыда «Үздік тәлімгер-2018» байқауы өтті

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың ең негізгі бағыттарының бірі – «Білімнің салтанат құруы».


Осыған орай, «Білім-инновация №2» лицейінде Қарағанды облысында жалпы білім беру ұйымдарының аға тәлімгерлер арасында «Үздік тәлімгер – 2018» байқауының ақтық кезеңі өтті. Бұл байқау аға тәлімгерлер Қауымдастығының жұмыс жоспарына сәйкес 2018 жылдың 12 ақпанынан 28 наурызына дейін екі кезеңде өткен болатын. Байқауға Қарағанды облысының білім беру ұйымдарының 45 аға тәлімгері қатысып, ақтық кезеңге 8 аға тәлімгер, яғни Қарқаралы, Шет, Абай, Ақтоғай, Ұлытау аудандарының, Қарағанды және Сәтпаев қалаларының тәлімгерлері жолдама алды.



Байқаудың басты мақсаты – «Жас Ұлан» Республикалық біріңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының оқушыларына жаңа бағыт беріп, биік мәдениетке тәрбиелеу үздік тәлімгерлердің үздіксіз ізденуінің нәтижесі екендігін насихаттау, тәлімгерлердің кәсіби деңгейін көтеру, тәлімгер мамандығының беделін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау, оларды мадақтау және қоғамда тәлімгер мамандығы туралы оң көзкарас қалыптастыру.



Тәлімгерлер сайысы 3 кезеңнен тұрды: «Мен тәлімгермін» қатысушының өзін-өзі таныстыруы. Бұл айналымда үміткер – тәлімгер өзін қызықты етіп, шығармашылық шеберліктерін таныта отырып таныстыруы тиіс. Педагогикалық жағдаят және «Табысқа жету сұранысы» үй тапсырмасы. Байқауға қатысушы өзінің хоббиі, кәсіби қызметіне байланысты қызығушылықтары туралы мәлімдейді.



Қарқаралы ауданы Бүркітті ауылының №20 мектебінің аға тәлімгері  Жұмагұлова Назым:




«Облысымызда небір білікті әрі тәжірибесі мол тәлімгерлер бар. Олардың арасынан оқ бойы озып шығып, үздік атану – мен үшін тосын жағдай болды. Толқыныс, қорқыныш болды. Осы ретте сайысты ұйымдастырушыларға барлық қатысушылардың мүмкіншіліктерін сарапқа сала отырып, өз ісіме деген қызығушылығымды әрмен қарай арттырғаны үшін алғыс айтқым келеді», – деді.




Жалпы, барлық тәлімгердің бұл байқауға үлкен дайындықпен келгендігі байқалды. Байқау қорытындысы бойынша 1 орынды – Қарқаралы ауданы Бүркітті ауылының №20 мектебінің аға тәлімгері Жұмағұлова Назым қанжығасына байласа, 2 орын – Абай ауданы Агрогородок ауылының Мичурин негізгі орта мектебінің тәлімгері Мухарямова Еленаға бұйырды. Үшінші орынды Сәтбаев қаласы №1 мектеп-гимназиясының аға тәлімгері Миркинова Гұлнұр және Қарағандының №48 мектебінің тәлімгері Цэй Зарина иеленді.



Қорыта айтқанда, қазіргі заман тәлімгері – заман талабына сай, жан-жақты, білім мен тәрбиені ұштастыра білген, жаңа технологиялармен қаруланған бала жанының бағбаны бола білген жөн. Ендеше, қоғамдағы қол жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны пайдаланып, биік адамгершілік қасиеттерге баулитын аға тәлімгерлерімізге арналған осындай байқаулар әлі де жалғасын таппақ. Сонымен қатар, аға тәлімгерлерді жеңісімен құттықтай отырып, шығармашылық жұмыстарына толағай табыстар тілейміз.


ruh.kz
Қарағанды облысының ӨБҚ