26 Наурыз, 2020
«Карантин» қандай мағына білдіреді?

«Карантин» деген сөз қайдан шыққан? Неге 40 күн? «Лазаретто» қандай арал? Жәнібек ханның сарайына кіру үшін орыс кінәздері неге 40 күн күткен? 

«Елорда мен Алматы қаласы карантинге қойылды», - деген ресми ақпарат алдық. Бұл дегенің аталмыш қалаларда жүріс-тұрыс азаяды деген сөз. Эпидемия аяқталғанша тұрғындар үйлерінен, аса қажеттілік болмаса, шықпауы керек», - дейді Нұрбек Бекбау.   

Біздің үйреншікті карантин деген сөз итальянша «quarantа» (куаранта) деген сөзден шыққан. Және ол «қырық» деген санды білдіреді. Оның тарихы былай: ХІІ ғасырдың соңына таман, ОБА ауруы өршіп, күллі әлемде тарады. Бұл пандемия кезінде 100 миллион кісі қайтыс болып, адамзат 60 пайызынан айырылды. Әркім әлі келгенше, ауруға қарсы шара ойластырып жатты. Сол уақытта Венеция мемлекеті келген кемелер порт аумағына кіру үшін 40 күн ашық теңізде, шамамен, жағалаудан 4 шақырым алыста тұруға мәжбүрлейтін заң қабылдады. «Карантин» деген ұғым – кемелерді 40 күн порт босағасында қаңтарып қою дегенді білдіреді.

40 күннен кейін кеме бортына дәрігерлер көтеріліп, барлық адамды тексеруден өткізген екен. Елге кіруге тек дені сау адамдар ғана рұқсат алып, науқастардың барлығы «Лазаретто» деген аралға жіберілген. Сіз бен біздің құлағымызға үйреншікті болып кеткен «Лазарет» деген сөз де содан шыққан.

Қырқымыздан қашан шығамыз?

Неге карантинге 40 күн таңдап алынды? Неге толық бір ай емес, неге 6 апта?

Мұның себебін Оксфорд унивситетінің медицина тарихынан дәріс беретін профессор Марк Харрисоннан сұрап ем. Ол, 40 күннің таңдап алынуын былай деп түсіндіреді: – «Меніңше, сырттан келгендерді «қырық күн» кент ішіне кіргізбей сыртта ұстау, Шығыстан келген идея сияқты. Нақты айтсам, Алтын Орда көшпенділерінен келген. Өйткені, оба аурының ауыр соққысына алғаш тап болған да, соған қарсы айла-шарғы ұйымдастырған да осы номадтар еді. Қырық саны – көшпенділер үшін символикалық цифр ғана емес. Медициналық астары бар. Қараңыз, көшпенді өмір кешкен моңғол және қазақтар арасында жаңа туған сәби мен анасын 40 күн бойына үй ішінен шығармайтын әдет бар. Қазіргі зерттеулер бойынша, нәресте айналадағы және ауадағы вирус-микробқа бейімсіз. Тек 6 аптаға жуық уақытта ғана сәбидің имунитет жүйесі өзге адамдармен еріп келетін түрлі микрбо-бактерияға қауқарлы болады екен. 6 апта дегенің бұл 40 күн емес пе? Микроб, бактерия, вирус дегеннің не екенін білмесе де көшпенділер адам өмірін сақтау үшін осындай іс-әрекет жасап, соның арқасында халықтың біраз бөлігін аман сақтап қалып отырған»

Номадтар біз ойлағандай жабайы емес, медицинадан хабары бар адамдар боп шықты. Бәлкім, табиғатпен етене өмір сүргесін, мұндай заңдылықтарды инстуияция деңгейінде меңгерген шығар?

Кішкентай сәбиді 40 күн ешқайда шығармай үй жағдайында ұстау қағидатын көшпенділер пандемия кезінде жолаушылар мен көпестерге қолдана бастаса керек.

Жәнібек ханның Ордасына кіру үшін Псков, Новгород кінәздері ауыл шетінен аулағырақ жерде тігілген шатырда 40 күн күткені жазылған. Неге Хан өзіне қабылдамай жатыр деген сұраққа сарай қызметкерлері, былай жауап берді деп орыс жылнамашылары естелік қалдырған:

«Во все дни, доколе у вас быти чума, нечисты вы. Вы должны жить отдельно, вне стана жилище его». 

Сондай-ақ ауру анықталған ауыл-аймақтарға қарулы қарауыл қойып, 40 күн бойы ешкімді кіргізбей, ешкімді шығармау тәсілдері де, осы Алтын Ордадан басталған. Бұл жайында, митрополит Алексийдің жылнамаларында тәптіштеп жазылған.

Осындай эпидемиялар далада өршіп кеткенде, бабаларымыз қазіргі карантин шараларын қолданғанын дәрігер Ерік Әбенұлы былай дәлелдейді: «Аса қауіпті аурулар ел арасында тараған кезде ауруға шалдыққан елді мекендер ауыл шетіне қара жалау тіккен. Сол маңайда келе жатқан керуендер ондай елді мекендерді айланып өтіп отырған. Науқас тұрған үйге адамдардың кіруіне тыйым салынып, оған киіз үйдің бұрышынан тамақ беріліп отырған. Науқас далаға шығарылмаған. Тіпті кейде оны байлап тастауға да мәжбүр болған».

Айтпақшы, аурудың инкубациялық кезеңі 2 апта емес, 6 аптаға дейін созылатыны қазір мәлім болып отыр. Сонда, ерте заманда қалыптасқан қағида соңғы VII ғасыр ішінде өзгерген жоқ. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – сау адамдарды науқастардан ажырату. Инфекцияның адамнан адамға жұғуын тоқтатпай, оны жеңу мүмкін емес. Бұл амал жоқтықтан істелінетін шара.

Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден