22 Шілде, 2018
«Қаржыны қалай жұмсау керек?» Рокетбанктің негізін қалаушы Алексей Колесниковтің кеңесі

 Қаражат табу да, оны тиімді жұмсау да нарықтық заманда әрбір азаматтың бойынан табылуға тиіс қасиеттер. Отбасыны шағын мемлекет десек, мемлекеттің өзіндік қоры болуы тиіс. Бұл жөнінде қаржы мамандары халыққа қаражатты дұрыс пайдалануды, кіріс пен шығысты есептеп, ақша жинауды үйрететін шеберлік сабақтары мен кеңестерін айтып келеді. Бүгін біз ауқымы кең Рокетбанктің негізін қалаушы Алексей Колесниковтің осы тұрғыда не айтатынын сіздерге ұсынбақпыз. 


Ақша жөнінде, оны жұмсау мен жинау турасында ешкім банк қызметкерінен артық білмейді», - дейді Алексей Колесников. 



Ақша табу үшін белгілі бір дәрежеде мақсат қоя білу керек. Жай ғана мақсат емес, айқын мақсат. Сол мақсатты жүзеге асырып, жемісін көруге ұмтылған адам ғана ақша табуды қажет деп санайды. Әрине, сіз тамақ пен киімге жетерлік ақшаны әбден таба аласыз. Бұған күмән жоқ. Бірақ өмір бойы қызмет жасап, тамақ пен киімді ғана қамтамасыз ету – өмірдің мәнін кетіретін дүние. 



Рокетбанктің негізін қалаушы өзінің алғашқы ақшасын қалай тапқанын және неге тапқанын, не үшін ол ақшаға мұқтаж болғанын жасырмайды. 



Алексей Колесников алғаш рет екінші сынып оқып жүргенде шағын ғана кәсіп жасаған. Ол анасын қуантқысы келгені сонша, күндіз-түні ойланып, қалай да туған күніне сыйлық жасамаққа бел буады. Содан кейін әжесінің бақшасынан жеміс-жидектерді теріп алып, базарға апарып сатып, қаржы табады. Міне, осы тапқан ақшасына анасының туған күніне арзанқол косметикалық бұйым сыйлайды. Сол кезде анасының қуанышын көрген ол көп ақша табуды, қаражаттық тұрғыдан мұқтаждықтың болмауын қамтамасыз етуді көздейді. 



«Дос пен кәсіптің арасында байланыс болмауы керек. Бірақ достарды кәсіптен біржола алшақтатудың да қажеті шамалы», - деп тұжырым жасады Алексей. 



Жетістікке жеткен адамдардың айтуынша, кәсіпке достарды араластырудың пайдасынан зияны көп екен. Өйткені, таныс адамдар бір-бірінің сөзіне құлақ аспай, еркіндікке салынып, кәсіптің өнімділік деңгейін құлдыратып жіберуі кәдік. 



Бірақ, Алексейдің айтуынша, Рокетбанктің үлескерлерінің барлығы – оның достары. Олар кәсіп барысында, жұмыс кезінде тек серіктес екендерін ешқашан естен шығармауға уағдаласқан. Сондай-ақ, банктің негізін қалаушы барлығының басын ашып алуды жөн деп санайды және достарымен бірге кәсіп жасауға ниеттеніп жүрген азаматтарға осындай кеңес береді. 



Демалысқа уақыт бөліңіз 



Бір ай жұмыс жасап, екі ай жұмсайтын шығыныңызды табатын болсаңыз, осы уақыт аралығында жеке қызығушылықтарыңызбен айналысып, санаңызды тынықтырғаныңыз абзал. Бұл – Рокетбанк негізін қалаушы Алексей Колесниковтың кеңесі. 



Осындай демалыстар арқылы адамның физикалық және рухани шаршауы басылып, өмірге деген құлшынысы артып, жұмыс өнімділігін көбейтетін қарқын жинауға сеп болады. Сондай-ақ, жұмыстан титықтаған адамның басына тың идеялардың келмейтіні – уақытпен дәлелденген қағида. 



Несиеден қорықпаңыз 



Алексейдің айтуынша, несие алу – қаржылық тұрғыдан уақытты үнемдеудегі үлкен мүмкіндік. Мысалы, сіз несие арқылы жұмыс жасауға қажетті ноутбук алсаңыз, бұл – пайдалы. Сіз сол арқылы ақша тауып, несиеңізді оп-оңай өтеуіңізге болады. Сондай-ақ, кір жуатын автомат, көлік алу да уақыт үнемдеуге үлес қосады. 



Бірақ несиеге алмауға кеңес берілген дүниелер бар. Олар: пәтер, үй жиһаздары, жалпы жылжымайтын мүліктер. Бұлардың сізді ешқашан шабыттандырмайтыны, уақытыңызды үнемдемейтіні анық. 



Пәтерді жалдап тұрсаңыз, оның ақысын төлеу үшін, көлік мінсеңіз, жанармайын ақтау үшін ақша табуға құлшынысыңыз артады. 



Міне, бұл – Рокетбанктің негізін қалаушы Алексей Колсениковтың бірқатар кеңестері. Атақты банк қызметкерінің кеңестерін алдағы уақытта тағы жариялайтын боламыз. 


ruh.kz
tgraph.io