23 Қыркүйек, 2018
«Қасиетті Қазақстан» Ежелгі көне Отырар

Қазақстанның тарихы - терең, мазмұнды да тағылымы мол әлем. Сан ғасырлық тарих беттерінде қазақ халқының бастан өткерген сын-тегеуріндерге, қиын-қыстауларға толы кезеңдер мен үміт пен сенімге толы сәттер бейнеленген. Ата-бабаларымыздың іздерінен қаланған тарих беттері қанша қатпарға толы болса да, біздің басты жәдігеріміз саналады.


Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бабаларымыздың ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғамай, ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғағанын жеткізеді. «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықтан пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», - дейді Елбасы өз бағдарламалық мақаласында. Бүгінде Қазақстан жері қасиетті орындар мен тарихи маңызы зор жерлерге толы. Соның бірі - оңтүстікте орналасқан көне қала Отырар.   



Отырар - Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі болып табылады. Араб жазбаларында бұл қаланы Фараб деп атаған. Отырар жеріндегі алғашқы қоныстар VIII ғасырда пайда болған. Жібек жолының бас тармақтарының бірінде орналасқандықтан қала дамып, тез арада көркейе бастады. ХІІ жылға қарай Отырар қаласы шеберлер мен өнерпаздар шоғырланған үлкен сауда орталығына айналды. Бұл жерде сарайлар, керуен сарайлары мен қала көшелері пайда болды. Қаланың ең көрнекті жерлерінің бірі Арыстан баб кесенесі еді.



Қаланың қираған үйінділері Қазақстанның оңтүстігінде Талапты ауылында орналасқан. Жақын жерде Түркістан қаласы бар. 



Шығыстан Батысқа жол жүрген барлық ортағасырлық саяхаттанушылар міндетті түрде Отырар қаласына ат басын бұрған. Осы себепті, қаланың орнында қираған үйінділер қалса да, ортағасырлық Отырар қаласының бұрынғы мәртебесіне куә бола аламыз. Саяхаттанушылар Отырарды үлкен сарайлар, мешіттер мен өзге де алып ғимараттар орналасқан, керуен жолдары қиылысқан үлкен сауда орталығы ретінде сипаттаған. Сондай-ақ, бұл қала Шығыстың ең танымал әрі ұлы ғұламаларының бірі Әбу-Насыр әл-Фарабидің атымен тығыз байланысты. Себебі, ұлы философ Отырар қаласында туып-өскен. Оның танымал шығармаларының ішінде Аристотель туындыларының аудармалары мен мінсіз қала туралы трактат бар.  



Сонымен қатар, Отырар қаласы Орталық Азияның тарихында маңызды орын алады. ХІІІ ғасырдың ортасында Отырар Орталық Азия аумағындағы ең үлкен қалалардың бірі болды. Ол Хорезм империясының құрамына кірді және бұл мемлекеттің ең солтүстігіндегі қала саналды. Қалада мыңдаған әскер орналасты. Олардың басты міндеті империяның солтүстік шекарасын қорғау болатын. Осы орайда қала әскери стратегиялық мәнге ғана ие болмады. Сөз басында айтып өткендей, Отырар үлкен сауда орталығы саналатын. Бұл қалаға 1218 жылы Шыңғысхан Қытайдың тауарларымен толған үлкен керуенін жібереді, бірақ қаланың билеушісі Хорезм шахының бұйрығымен қонақжайлықтың барлық қағидаларын бұзып, Шыңғысханның елшілерін өлтіреді. Ал барлық тауар тіркелген керуенді ел астанасы көне Үргенішке жібереді. Нақ осы оқиға Орталық Азияда ауқымды моңғол шапқыншылығының басталуына себепші болады.



Сонымен қатар, Отырар қаласы шығыс қолбасшыларының бірі Темірлан атымен тығыз байланысты. Темірдің бұйрығымен Отырарға жақын жерде Арыстан баб кесенесі салынады. Сондай-ақ, Темірдің бұйрығымен қалада Бердібек салтанат сарайы салынған. Бұл - ортағасырлық дереккөздерінен алынған мәлімет. Осы сарайда Әмір Темір өзінің Қытайға жорығының алдында өмір сүрген екен. Дегенмен, ұлы қолбасшы өзінің соңғы арманын жүзеге асыра алмастан, 1405 жылы Отырар қаласында ауыр дерттен қайтыс болады.   



Отырар қаласы 2 мыңға жуық жыл болған. ХІХ ғасырда құрғақшылықтың кесірінен адамдар қаланы тастап кетеді. Осылайша қала біртіндеп босап, кейін бұзылады. Қаланың қираған үйінділері ұзақ уақыт ешкімге белгісіз болады. Кейін 1969 жылы бұл жерде археологиялық зерттеулер басталады. Көптеген құрылыстар мәңгілікке құм астында көміліп, жоқ болып кетсе де, археологтар кейбір мешіттердің, сарайлар мен моншалардың кескінін келтіре алды. 



Осылайша археологиялық зерттеулердің арқасында Отырар қаласының мықты қамалы мен үш қақпасы болғаны анықталған. Аталмыш қақпалар аспалы көпірлермен жабдықталған. Бұл қақпалар арқылы өзге жақтан жол жүріп келген кісілер қаланың орталығына кіре алған. Сондай-ақ, қолөнер, ағаш шеберлері мен ұсталардың болуы, қаланың ішінде су құбырлары мен канализация жүйесінің орналасуы Отырар қаласының жоғары маңызға ие қалалардың бірі болғанын көрсетеді.    



Елге танымал археологтар К.Ақышев, К.Байпақов, Л.Ерзакович бастаған археологиялық экспедициялар қаланың орнында жүргізген зерттеулер мен талдау жұмыстарының арқасында Отырардың алғашқы іргесі қаланған кезден бастап XVIII ғасырдың ортасына дейінгі тұрмыстық мәдениеттің ескерткіштерін анықтаған. Атап айтқанда, Көкмардан, Күйікмардан, Қыркескен, Пұшықмардан қазбаларынан табылған саз балшықтан күйдірілген ыдыс-аяқтар, тастан қашалған заттар мен металлдан соғынған құрал-жабдықтар, еңбек құралдарына куә болуға болады. Аталмыш археологиялық жұмыстардың арқасында малшылық, егіншілік дәстүрлерге қатысты бұйымдармен танысу мүмкіндігі туды.   



Отырарда суландыру жүйесі белсенді пайдаланылған. Бізге дейін жеткен жазба деректеріне сүйенсек, Отырар қаласының тұрғындары күріш, тары, бидай секілді азықтық дақылдарды еккен, сонымен қатар, мақта, жүзіммен қатар, өзге де жеміс-жидектерді өсірген. Осылайша өздерінің ауқымды бау-бақшалары болған. Аталмыш деректерді археологиялық зерттеулерде дәлелдейді.



Сонымен қатар, араб, парсы зерттеушілерінің еңбектерінде Отырар қаласы құнарлы алқаптың астанасы, Қаратау бөктерінде орналасқан ірі бекіністің бірі, Таразға бастайтын керуен жолының басты сабағы ретінде көрсетілген. 



Осындай деректердің туындауының себебі анық. Отырар қаласы керуен жолдары қиылысатын қала болған. Осы себепті, саяхаттаушылар бұл қаланы әрқалай көріп, сипаттаған.



Бүгінде көне қалада ескерткіштерді сақтау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысқа Қазақстанға ЮНЕСКО тарапынан үлкен көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар, Отырар діни мәнге ие қала, себебі оның жанында қасиетті Арыстан баб кесенесі орналасқан. Кесененің өзі XVIII ғасырда жер сілкінісінен бұзылған. Бірақ, облыс басшысының  бұйрығымен қайта қалпына келтірілді. Кейін кесенеге бірнеше рет қай қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.  XIV жылғы құрылыстың алғашқы бейнесінен ағаш бағандар ғана қалған.



Отырар бұл тек қана көне қала емес. Оның ауасының өзінде тарихтың лебі сезіледі. Археологтар бұл жердің бастапқы көркін қалпына келтіру арқылы өткенге көз жүгіртуге мүмкіндік алатындарына әлі де сенеді.



Мақала авторы: Ruh.kz


ruh.kz
otyrar.kz