29 Қыркүйек, 2018
«Қасиетті Қазақстан» Көне Тараз - тарихтың алтын діңгегі

Кең байтақ Қазақстанның аумағында тарихи тағылымы мол қасиетті орындар мен объектілер баршылық. Осы ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», - деп атап өтіп, халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру қажеттігіне баса назар аударған болатын.


Осындай қасиетті орындардың қатарына көне Тараз қаласын жатқызуға болады. Жалпы, І-ХІХ ғасырлардың арасында болған көне Тараз қаласы қазіргі Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласының орталығында  орналасқан. Көне Тараздың орталығында үлкен сауда-саттық орны болған.



Ежелгі Тараз қаласы өткен заманда керуен жолдарының тоғысқан орны ғана емес, ғылым мен мәдениет, ұсталық өнер мен сауда-саттық қарқынды дамыған қала болып табылады. Еліміздегі маңызды өнеркәсіптік және мәдени орталық ретінде қарастырылатын қазіргі заманауи Тараз қаласының көшелерінде Қазақстанның ең ірі ортағасырлық қалаларының бірінің бұзылған үйінділері бар. Көне Тараз қаласы туралы тұңғыш жазбалар византиялық дереккөздерде кездеседі. Аталмыш дереккөздер VI ғасырдың аяғына жатқызылады. Дәл осы ортағасыр кезеңіндегі ең ірі империялардың бірінің шарықтап тұрған шағында Византия түріктермен келісімге келуге тырысады. Осы жылдары түріктердің мемлекеті шығыста орналасқан Тынық мұхитынан батыстағы Қара теңізге дейін кең байтақ жерді алып жатқан болатын. 



Аталмыш жайттардың арқасында Тараз қаласы туралы барлық ортағасырлық географтар, тарихшылар, саяхаттанушылар жаза бастайды. Себебі, бұл қала Ұлы Жібек жолының орталық бағыттарының бірінде орналасқан қала болып табылған. Сондықтан да, Таразды сипаттаған кезде авторлар ең бірінші кезекте оның сауда-саттықтағы маңызы мен мәніне жете тоқталып кетеді. Мәселен, қытайлық саяхаттаушы Сюань-Цзянь өз естеліктерінде: «Тараз өте үлкен аумақты алып жатыр. Ол жерде жан-жақтан келген сатушылар тоқтайды және түрлі тауарларын сатады», - деп көрсеткен. Ал  Ибн Хаукаль өз мәлімдемесінде: «Тараз - мұсылмандардың түріктермен сауда-саттық орны» десе, ал ал-Макдиси «Тараз - жан-жақтан жақсы бекітілген, төрт қақпасы бар қала. Онда көптеген бау-бақшалар орналасқан. Тараз қаласында тұратын халық саны өте көп, сонымен қатар, әлемнің түкпір-түкпірінен келушілер мен керуендер баршылық. Қаланың қақпасының қасында үлкен өзен ағады. Қаланың жартысы осы өзеннің бір жағалауында, ал жартысы екінші жағалауында орналасқан. Халық өзен бойындағы үлкен көпірмен жүреді, ал мешіт базардың арасында тұр», - деп өз жазбаларында көрсеткен екен. Дегенмен, сол кездегі авторлардың ешқайсысы қаланың нақты орналасқан жері туралы жазбаған. Осы себепті, көне Тараздың орны бірнеше жерден іздестірілді. Кейбір деректерде Тараз қаласы Таластың оң жағалауындағы Тоймакент қаласының үйінділеріне жатқызылса, өзге жазбаларда Қарабура өзенінің жанындағы Тала мекенімен, сондай-ақ Садыр-Қорған атты белгілі ортағасырлық қалашықпен байланыстырылды. Танымал шығыстанушы В.Бартольд ортағасырлық Тараз қаласының Әулие-Ата жерінде орналасты деген ойға бейім болды. Өз ойында ол ал-Макдасидің еңбектеріне сүйенді. Археологтар М.Е. Массон, А.Н. Бернштам және Г.И. Пацевич бастаған зерттеу жұмыстары танымал шығыстанушының осы ойын толыққанды растады. Қазіргі Тараздың орталығында орналасқан қалаға жүргізілген қазба жұмыстарынан кейін ежелгі ескерткіштер, сол дәуірден сырт шертетін құрал-жабдықтар табылды.



ХХ ғасырдың басында көне Тараз қаласының орнында 30-дан астам қорғандар, ежелгі қоныстардың бұзылған үйінділері болды. Бүгінде аталмыш үйінділердің орны ретке келтіріліп, олардың орнын заманауи үйлер басқан. Дегенмен, О.Сүлейменов көшесінің батысында орналасқан ежелгі қоныстың орны мен қаланың солтүстігіндегі ұзын дуалдардың нақты бөліктері өз қалпында сақталуда. 1867 жылы ежелгі Тараз қаласын П.Лерх зерттесе, ал 1893-94 жылдары В.В. Бартольд Талас даласындағы көне ескерткіштермен қатар Әулие-Ата маңындағы ескі қаланың орындарын талдады. Тараз қаласында алғашқы қазба жұмысы 1927 жылы М.Массонмен жүргізілді, 1938 жылы А.Н. Бернштам жетекшілігімен КСРО ҒА Қазақ бөлімшесінің зерттеу экспедициялары алты орынға қазу жұмыстарын жүргізді.



 Ал Г.Пацевич жетекшілік еткен Жамбыл археологиялық пункті 1940 жылдары қазба жұмыстарына белсене түрде кіріседі. Кейін 1958 жылы Т.Сенигова басқаруымен Қазақ КСР-нің АЭҒЗИ-нің Тараз археологиялық экспедициясы көне қаланың орнын зерттейді. 1960-65 жылдары аралығында Е.И. Агеева, Т.Н. Сенигова, М.С. Мерщиев сынды археологтардан тұрған Қазақ КСР ғылым академиясының АЭҒЗИ Ортаазиялық экспедициясы қайта қазу жұмыстарын жүргізеді. Ал 1983-85 жылдары аралығында Қазақ КСР ғылым академиясының Тараз археологиялық экспедициясы, кейін Қазақ КСР-нің тарихи және мәдени ескерткіштер жиынтығы археологиялық экспедициясы осы жұмыстарды жалғастырды.



Уақыт талаптарына төтеп бере алмай, көптеген көне ескерткіштер топыраққа айналып, ал кейбіреуінің тек үйіндісі қалса да, көп жылға созылған археологиялық жұмыстар өз нәтижесін береді.



Мәселен, заманауи Тараз қаласының орталығында жүргізілген құрылыс жұмыстары барысында көптеген көне заттар табылған. Осының арқасында ортағасырлық Тараз қаласы тұрғындарының өмірінің әр сәттерін сипаттайтын көрнекті дүниелер анықталған.  



Бүгінде Тараз қаласы заманауи құрылыс объектілерімен толыққан. Осы себепті, көне қаланың сол кездегі сипатына ХІХ және ХХ ғасырдың 30-жылдарында табылған мәліметтер арқылы қаныға аламыз. Сол кездегі дереккөздер мен қазба жұмыстары ежелгі Тараздың қамалдан, шахристаннан, қорғаннан және аумақтардан тұрғанын көрсетеді. Шахристанның солтүстік дуалы 370 метрге, батысы 160 метрге созылған. Аталмыш солтүстік дуал қамалмен жалғасқан. Осы қамалдың тікбұрышты төбесі мен жақтаулары бар, жақтауларының ұзындығы - солтүстігінде 175 м, батысында 117 м, шығысында 115 м, ал оңтүстігінде 125 м болды деп болжанады. Көпжылдық қазба жұмыстары шахристан мен қамалдың нақты бейнесін келтіруге және оның сипатын анықтауға мүмкіндік туғызды.



Сонымен қатар, шахристанның оңтүстік батысы мен қамалда жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде кірпіш сынықтарынан, қыш ыдыстардан, күлді қабаттардан жаңа дәуірдің алғашқы ғасырына тән сипаттар анықталды. Қыш ыдыстар сынды сол кезде күнделікті өмірде қолданылған заттар әртүрлі бейнелерімен, өзіндік сәндігімен ерекшеленеді. Мәселен, қазба жұмыстары барысында алмұрт формасындағы құмыралар, темір пышақ, қалайы бұйымдар сынықтары, шыны мен тастан жасалған алқалар, кішкене шыны ыдыстар, шала қайнатылған қыштан, суарылмаған қыштан жасалған  заттар ішінде қызғылт, қоңыр, көк, қызыл бояумен ойып салынған өрнектері бар жылтыр ыдыстар мен құмыралар табылған. Сондай-ақ, түрлі оюлармен нақышталып, өсімдік суреттері, геометриялық, эпиграфиялық бейнелермен безендірілген қақпақтар, қыш мүсіндерге арналған қалыптар, сирия жазуы бар ыдыстар да анықталған. Ал. Әбден суарылған ыдыстар ақ, ашық, көк және қоңыр түспен жылтыратылған және өсімдік өрнектері салынған. Ал қазба жұмысы барысында табылған темір ақшалар VІІ-VІІІ ғасырды, металл ақшалар ХІ-ХІІ ғасырды көрсетеді.  



Шағын көлемдегі күйдірілген кірпіштерден салынған үйлер, бөлмелерге еден төселуі, тастардың салынуы сол кездегі құрылыс әдіс-тәсілдерінің өзгерістерге тап болғанын көрсетеді. Осылайша түрлі жылдары жүргізілген қазба жұмыстары ежелгі Тараз қаласының әр кезеңінен сыр шертеді.



Экспедициялар барысында анықталған тағы бір жайт - шахристанның шығысында қазылған 200 шаршы метр алаңнан монша қалдықтарының табылуы. Археологтардың әзірлеген жобасына сай монша шаршы формалы ғимаратта болған. Оның сыртқы қабырғасының қалыңдығы - 1 м.



Қазба жұмыстары аясында 7 бөлме анықталды. Моншаға су арнайы орыннан қазылған құдықтан келген. Ал бөлмелер монша едені астынан салынған ыстық өткізгіш каналдар көмегімен жылытылатын болған.



Көне Тараз моншасының құрылыс техникасы, қабырғаларының ерекше өрнектермен безендірілуі ХІ-ХІІ ғасырға сәйкес келеді. Дәл осы сәтте Тараз экономикалық дамуды басынан өткерген болатын. Кейбір деректерде Тараз моншасының құрылысы Таяу Шығыстағы Қайыр әл-Хайыр әл-Гарби моншасының сипатына ұқсас келеді.



Көне Таразда моншамен қатар, қалалық су құбырлары болғаны жайлы материалдардан біле аламыз. Мәселен, қаланың орнынан аталмыш су құбырларының қалдықтарына кезігуге болады. Бүгінде олардың 12,8 метр көлемі зерттелген.  Аталмыш су құбырлары сол кезде қолда болған материалдардан, яғни, тастан, малта тастан, топырақтан төселген «жастықтар» үстіне қойылған үсті тегіс таспен жабылған. Ал құбыр үзіктерінің кигізілетін тұстары қыштан жасалып, ұзындығы 0,25-0,8 м, диаметрі 0,21-0,22 м болған. Қаланың су құбырына су Таластан су айдағыш бассейн арқылы жіберілетін. Олар су қоймасына тап болып, кейін қыш құбырлармен қаланың барлық бөліктеріне таратылатын. ХІІІ ғасырда аталмыш су құбырларының жұмысы тоқтатылады.



Көне Тараз өз уақытында үлкен оазистің орталығы бола білді. Тараздан басқа бұл оазиске ондаған ірі және шағын қалалар, елді-мекендер, жеке жайлар мен сарайлар кірді. Уақыттың талабына сай бүгінде олардың орнында ескі үйінділері қалған.



Қазіргі Тараздың оңтүстігінде 200 метрге дейін аралықта көне қаланың қалдықтарына көзжеткізуге болады.  



Негізінде, көне Тараз тек сауда-саттық үшін ғана емес, мәдени-экономикалық жағынан жоғары дамыған өңірдің маңызды орталығы болып табылатын. Ғалымдардың зерттеулері бойынша оның шекаралары жаудың оқыстан шабуылдауынан жақсы қорғалатын. Әскери бөлімдер қарауылда күні-түні тұратын. Оларды айналып өту ғана емес, осындай мықты қорғалған бекіністі тікелей шабуылмен де алу мүмкін емес болды. Сонымен қатар, оқыстан шабуыл жасауға да еш мүмкіндік болмайтын. Қақпадағы әскер шабуылға тойтарыс беріп жатқанда, ірі әскери жасақтар өз күштерін жинақтап, жан-жақты стратегия құрып алатын.   



XIX ғасырда Тараздың орнында Әулие-Ата пайда болды, кейін республикамыздың ең көрікті, тарихы бай қалаларының бірі Жамбыл болып құрылып, ал 1998 жылы қалаға көне атауы Тараз қайтарылды. Көне Тараздан табылған қазба материалдары Ресей Мемлекеттік Эрмитажы, Қазақстан Мемлекеттік Орталық мұражайы қорларында, Ә.Х.Марғұлан атындағы  археология институтының және Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайларында сақтаулы. 



2002 жылы Қазақстанда Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы жоғары дәрежеде атап өтілді. Көне Тараздың б.з.д. І ғасырдың соңы мен б.з. І ғасырының басында қала ретінде, соның ішінде елеулі аумақты алып жатқан өңірдің саяси және экономикалық орталығының алғашқы іргетасы қаланған болатын. Осы кезден бастап ол қарқынды түрде дами бастады. Көне Тараз қаласы - тарихы тағылымды, ер жүрек батырларымыз бен ұлы тұлғаларымыздың, ғалымдарымыздың ерең еңбектеріне, ақындарымыз бен мәдениет саласының майталмандарының көрнекті шығармаларына бай қасиетті Қазақстанның рухани қайнаркөздерінің бірі болып табылады. Тараз тек Қазақстанның қаласы ғана емес, ол Ұлы Жібек жолы бойымен сауда-саттық жасаған  керуендерді байланыстырған мәдени, саяси, экономикалық-әлеуметтік салалары табысты да жүйелі жұмыс істеген алып шахар болып табылады. 


Ruh.kz
www.libr.e-taraz.kz