11 Қазан, 2018
«Қасиетті Қазақстан» Тарихи тағылымға толы Сарайшық қалашығы

Еліміздегі тарихы тереңнен бастау алған қасиетті орындардың бірі, ірі сауда және экономикалық орталық болып табылған Сарайшық қаласы туралы алғашқы деректер арабтың атақты саяхатшысы Ибн-Баттутаның жазбаларында келтірілген. 29 жыл саяхат жасаған белгілі саяхаттанушы 1334 жылы Азияға сапарында Сарайшық қаласында болған.


«Біз Сарай қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарай-жук қаласына жеттік. Бұл «Ұлысу» деп аталған үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейін екінші жүзбелі көпір осында екен», - делінген Ибн-Баттута жазбасында. Айтып өту керек, Сарайшық қаласы моңғол тілінен аударғанда «Кіші Сарай»  деген мағына білдіреді.



Сарайшық ХІІІ-ХVІ ғасырларда Ұлы Жібек жолындағы ең маңызды қалалардың бірі ретінде Азия мен Еуропаның батыс және шығыс бөліктерін байланыстырған. Кейін ол Қазақ хандығы құрылған шақта Хан ордасы орналасқан ортағасырлық қала болды. Шайбанидтер хандығы мен Сырдария жанындағы қалалардың арасында азаматтық шайқастар жүрген уақытта Қасым хан өз ордасын Сарайшық қаласына ауыстырады.   



Сарайшық қалашығы Атырау қаласынан солтүстікте 50 шақырым жерде Орал өзенінің оң жағалауында орналасқан. Бүгінде орта ғасырларда дүркіреп тұрған ірі қаланың орнында көлемдері шамамен 300-400 метр орташа төбелерден тұратын жазық дала жатыр. Көне ескерткіштердің оңтүстік-шығысында Сарайшық ауылы орналасқан, ал батысы мен оңтүстік-батысында зираттар бар. Қаланың оңтүстік бөлігі өзенмен түйіседі, жыл сайын өзеннен тасыған су қаланың 1500 шаршы метрін шаяды.  



   Жазба деректер бойынша Сарайшық қаласының негізі ХІІІ ғасырларда қаланған. Ал қазба жұмыстары барысында анықталған ең ерте археологиялық кезең XIV ғасырдың басына жатады. Қазба жұмыстары жүргізілген  аумақтардың біріндегі тұрғын және өндірістік кешендерден қалған үйінділер осы уақытты көрсетеді. Ал зираттар мен Сарайшық ауылының артында Орал өзенінің арнасы ағады. Ертеректе Орал өзенінің негізгі сағасы осы жерден өтетін, яғни қала оның шығыс жағында орналасқан-ды. Қаланың ең төменгі мәдени қабатының қалыңдығы 0,3-0,4 метр, қабат қызыл сазды керамикадан тұрған. Суармалы керамика секілді құрылыстардың қалдықтары анықталмаған. Тек ошақтар немесе пештерді жабдықтау үшін қолданылған өңделмеген кірпіштердің қалдықтары ғана кездеседі.



Бізге жеткен жазба деректерге сүйенсек, Сарайшық қала ретінде XIV ғасырдың бірінші жартысында салынған. Ол кезде Сарайшық қаласының қолөнер мен сауда-саттық жоғары деңгейде дамыған қала болғандығы айтылады.



Алғашқы іргетасы қаланған кезден бері бірнеше онжылдық ішінде Сарайшық қаласының тұрғын жайлары бірнеше рет жөнделіп, қайта қалпына келтіріліп отырған, көшелердің де жобасы өзгеріп отырған. Тұрғын үйлердің  ішкі қабылғалары ақталған, ал едендер өңделмеген кірпіштермен қапталған.



Ал осындай қабаттар болмаған жерде таза саз қабаты қолданылған. Сондай-ақ, шатырлар балықтарды құрғату секілді шаруашылық мақсатта жиі пайдаланылып отырған.



Сарайшық қаласы туралы ағылшындық көпес Антоний Дженкинсон жазбаларында: «Теңізден бір күндік сапарда үлкен өзен жағасындағы гүленге Сарайшық деген қалаға келдік. Бұл қала орыс патшасымен көңілдес Измаил деген татар князінің қол астында екен. Шығыс пен батысты байланыстыратын керуен жолының үстінде болғандықтан қолөнері мен саудасы дамыған қала екен», - делінген. Ол 1558-1559 жылдары аралығында Каспий теңізінің солтүстігі мен шығысына саяхаты барысында аталмыш қалаға соғып, тұрғындардың өмір жайымен танысқан.



Ал 1950 жылы ҚКСР Ғылым академиясы Сарайшық қаласының орнына қазба жұмыстарын жүргізеді. Осы орайда белгілі археологтар С.П. Толстов және Г.И. Пацевич араб тарихшыларының ХІІ ғасырдағы еңбектерін зерделей отырып, сондай-ақ, өздері бастаған археологиялық экспедициялардың қорытындыларын негізге алу арқылы Сарайшық қаласының тарихын үш кезеңге бөледі. Олар өз зерттеулерінде: «өмір сүрген Саксин қаласының орнында бой көтеріп, жаңа атауға ие болған қала. Саксин Х-ХІ ғғ. Хорезм тұтқындарының көмегімен сауда жолының бойында салынған еді», - деген деректер келтірген. Ал аталмыш үш кезеңге келер болсақ, бірінші кезең ХІІ ғасырда Сарайшық қаласының арғашқы іргетасы қаланған сәті, ал екінші кезең ХІІІ-ХІV ғасырларда қаланың ірі сауда және экономикалық дамыған орталық болу барысы, яғни, Сарайшық қаласының гүлденген шағы деп көрсеткен. Үшінші кезең ХV-ХVІ ғасырларда Сарайшық қаласы Ноғай ордасының орталығы атанып, кейін орыс-қазақтардың шабуылдары салдарынан қираған кезеңі болып табылады.



Әз-Жәнібек ханның нұсқауымен Сарайшық қаласының төменгі жағында Секер көлі салынған. Ауыл ақсақалдарының айтуынша: «Жазық жерде ойықтың болуы, көл жағасының қолмен тығыздалуы, кейбір жерлерде тастармен, қызыл сазбен, жермен жиектелуі бұл көлдің қолдан жасалғанын дәлелдейді». Бұл көлге аққулар жиі қонуы үшін Жәнібек хан су бетіне қант себу туралы бұйрық берген. Көл бетінде аққулар топ-тобымен жүретін болған. Бір қызығы, суға шомылғысы келген Сарайшық тұрғындары су бетінен аққуларды ұшырып қана, суға тусе алатын болған деседі.     



Бұл көл туралы қызық аңыз бар. «Хан қызы құрбыларымен бірге әкесінің тапсырысымен жасалған аққу түріндегі алтын қайықта жүзіп, құстарды тамақтандырған. Осылайша ол аққуларды адамдардан қорықпауға үйреткен. Жаз бойы аққулар Секер көлінің бойымен еркін жүзетін болған. Кенеттен Жәнібек ханның қызы өзінің тойы алдында 15 жасында ауырып, қайтыс болады. Хан қызын жасауымен және алтын қайықпен бірге алтын табытта жер қойнауына тапсыруды бұйырады. Кеңесшілер: «Егер де сіздің қызыңыздың табытында осыншама алтын жатқанын білген бір көргенсіз табылса, ол табытты тонап кетеді. Ал мәйітті жазық далада қалдырады. Жасырын жерлеу қажет», - деген кеңес береді. Осы кеңеске құлақ асқан Жәнібек хан жеті кеңесшісін шақырып алып, оларға құпия тапсырма береді. Қабыр қазылып, қызының қабыры жерге көмілгеннен кейін хан олардың барлығын өлтіреді. Ал қызының зиратын ешкім тауып алмауы үшін түн ішінде сол жерден бір атар жылқыны айдатады. Келесі күні ханның өзі қызының жерленген жерін таба алмай қалады» делінген екен аңызда.



Негізінде, Сарайшықта жеті хан жерленген деген пікір бар. Алтын орда хандары - Сартақ, Берке, Тоқтақия, Жәнібек, қазақ хандары - Қасым, ноғай хандары Измаил және Ораз.   



Қазақстан археология мектебінің негізін салушы Әлкей Марғұлан 1950 жылы Сарайшық қаласының орнына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, аталмыш қаланың іргетасы ХІІ ғасырда қаланғанын айтады. Белгілі археолог Әлкей Марғұланның деректері бойынша, Сарайшық қаласында үлкен қыш күйдіру, темір қорыту цехтары мен ұстахана, ақша жасау шеберханалары орналасқан. Әлкей Марғұлан атындағы Батыс Қазақстан экспедициясы 1968 жылдан бері Сарайшық қаласының орнында тұрақты қазба жұмыстарын жүргізіп отырады. Бүгінде осы жерге археологиялық экспедициялар жасаған Республикалық археология институтының ғалымдары қаланың ХІІ ғасырда қаланғанын дәлелдеді.  



2001 жылы қазба жұмыстары барысында археологтар көненің көзі болып табылатын ерекше кесені анықтайды. Негізінде, дәл осындай кесенің әлемде екі данасы ғана бар. Біреуі сонау Египетте анықталса, екіншісі Сарайшық қаласының орнында табылды. Аталмыш кесенің ерекшелігі - ішіне уланған тағам салынғанда түсінің өзгеруі болып табылады. Осы ерекшелігіне қарай отырып, бұл кесені хандардың қолдануы ықтимал. Ал белгілі археолог  З.Самашов жетекшілік еткен археологиялақ экспедиция Сарайшық қаласынан алыс емес жерде «Алтын адам» аталған сармат сарбазының мүрдесін анықтаған.


ruh.kz
mygorod.kz