7 Сәуір, 2018
Кәсіпкерлік кілті – бірлікте

Сәрсенбі күні қызылордалық кәсіпкерлер TALKS, яғни еркін форматта өткен жиында бас қосты.


Бұл жолғы шара әдеттегіден өзгеше өтті. Ерекшелігі сол, кәсіпкерлік әлеміне енді қадам басқан жастар жобаларын ортаға салды.



Ал ірі кәсіпкерлер, облыстық кәсіпкерлік палатасы өкілдері мен Қызылорда кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшылары  кәсіпті дамытудың жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, бастауыш кәсіпкерлердің түйкілді мәселелерін қарап, ілгері дамуға қол ұшын беруге әзір екендіктерін жеткізді. Сондай қолдауға ие болып, ерекше әсерде қайтқандардың бірі – Ғазиза Оспанова. Ол аймағымызда алғашқылардың бірі болып Кітап клубын ашып жатыр. Кітапханаға бас сұққандар кітап сатып алып қана қоймай, оқу залында отырып кітпа оқуға мүмкіндік алады. Ал клубтағы «Ертегі терапиясы» қызметі жиналғандардың ерекше назарын аударды. Балаларды ертегі оқу арқылы ойын ашық айтуға және өзгенің пікірін тыңдауға қалыптастыратын бөлімнің жұмысы ата-аналар мен балаларды да қызықтырып жатқандығын айтты.



Осы ретте Ғазиза Оспанова: «Ертегі терапиясына» келушілер қатары күн санап артып келеді. Онда біз балақайлармен бірігіп ертегі таңдаймыз. Соған сай уақыт белгілеп, балаларды алып қаламыз. Бұл қызмет түрі әсіресе балаларды телефондағы түрлі ойындар мен интернет әлемінен алшақтату үшін өте маңызды. Біз балаларға ертегі тыңдату арқылы олардың бойына адами қасиеттерді сіңіріп, теріс мінез-құлықтардан сақтауды қалаймыз. Дегенмен  біз клубты ашқалы бері бір үлкен мәселеге бас қатырып келеміз, яғни бүгінгі таңда қазақ тілді кітаптар өте аз. Баспаханалардан ескі кітаптар жаңартылып шығу үшін тиражы ауқымды болуы керек. Орыс тілді кітаптарды сырт қалаларда аударма жасату үшін бағасы қымбатқа түседі. Сондықтан болашақта аймақ тұрғындарына қолжетімді болу үшін өзіміз аударма жасағымыз келеді», – дейді.



Жас кәсіпкердің жобасына қолдау ретінде шараны ұйымдастырушы, аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Гүлмира Әшірбекова әлеуметтік желілерде бейне-ролик дайындап, «Кітап сыйла» акциясын ұйымдастыратындығын айтты. Осылайша, оқу залындағы кітап қорын арттыруға үлес қоспақ. Өз кезегінде облыстық «Кәсіпкерлік палатасы» тегін сайт ашып, алдағы уақытта демеуші табуға көмектесетін болды.



«Кәсіпкерлік кілті – бірлікте» шарасы аясында ұлттық өнерді дамытуға арналған жобалар да ұсынылды. Оны талқылай келе, болашақта «Сыр сүлейлері» аллеясына киіз үйлер тігіліп, аймақтағы қолөнер шеберлерінің бұйымдарын сатуға шығару, «Қымызхана» ашу, ұлттық ойындарымызды насихаттауға бағытталған түрлі шаралар өткізу бастамасын жолға қою жоспарланды. Бәсекелестікке қабілетті ұлт пен сананың ашықтығын дамыта отырып, аймақтағы әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешімін табуға, жастарды бірлесе шешім қабылдауға үйретуді мақсат тұтқан шара осылайша нәтижелі аяқталды. 


ruh.kz
Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы