6 Желтоқсан, 2018
Қазақ әдебиетінің нар тұлғасы – Шерхан Мұртаза

Тарих парасын, кеше мен бүгіннің арасын жалғайтын, жаңа буын ұрпақтың өткенін көз алдына әкелетін құдірет иесі – жазарман, жазушы, ақын. Қазақ даласы ақын мен жазушыға кенде емес. Аға-іні, дос-бауыр болып, сыйластықтың биік дәрежесін көрсете білген зиялы қауымның кесек тұлғалы өкілдерінің бірі – Шерхан Мұртаза.


Біз «Қазақстанның дамуына үлес қосқан тұлғалар» атты дәстүрлі тақырыбымызға апта сайын ұлт маңдайына бікен азаматтарды үздіксіз дәріптеп, өмірінің бірқатар жарқын сәттерін оқырманға ұсынып келеміз. Міне, бүгін де сол үрдісімізден тысқары тартпай, жақында ғана өмірден озған жазушы Шерхан Мұртазаны кейіпкер тұлға ретінде алып отырмыз.



«Бір кем дүние» деп ұлттың, жалпы адамзаттың қанындағы кереғарлықтарды тізіп берген кемеңгер жазушы 1932 жылы 28-қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданына қарасты Мыңбұлақ ауылында өмір есігін ашқан. Саналы ғұмырын ұлттың тарихындағы ұлы дүрбелеңдерді сипаттауға, тарихи мандатын ала алмай өткен ақтаңдақтарды ақтауға жұмсаған жазушының қаламынан салмақты дүниелер туды.



Бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе» және «Ай мен Айша» романдарын 1999 жылы жарыққа шығарған қаламгер артынша 2000 жылы төрт томдық жинақ жариялады. Осыдан кейін Шерханның шығармашылығы тоқырап қалғандай болған. Бірақ 2008 жылы қазіргі күні жастардың оқыса қолынан, сөйлесе ауызынан түспейтін «Бір кем дүнесі» жарыққа шықты. Кез-келген жазарманның саналы ғұмырын нұрландырып тұратын шығармалары болады ғой. Міне, Шерхан атамыздың қаламынан туған «Бір кем дүние», «Қызыл жебе», «Ай мен айша» - осы типтегі туындылар.



Шерхан Мұртаза - өзінің өмірлік миссиясын орындап өткен абыз тұлға. Оның қаламынан туған көркем әдеби шығармалардан бөлек, баспаөз бетіндегі мақалалары, мемлекеттік биліктегі азаматтық қызметінің барлығы ұлт үшін әрекет етті.



1992-1994 жылдары Шерағаң 12, 13-шақырылған ҚР Жоғ. Кеңесінің, 2-шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты атанды. Сол уақыттарда ұлттық құндылықтар, ұлт тағдыры, тіл мәселеасі төңірегінде халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, елдің ықыласына бөленді.



Әсіресе, осы тіл мәселесінің төңірегінде Шерағаң айтқан «Айыр тіл жыландан ғана болады, ал адамда тіл жалғыз» тіркесі қандастардың ұранына айналып кетті. Бұл сөз қазақ тілі мен орыс тілінің мемлекеттік істегі дәрежесін деңгейлестірмек болған кезінде айтылған-ды.



Шерхан Мұртаза саналы ғұмырын тарих қойнауындағы ерлердің ісін ардақтауға, ұлт тағдырындағы ұлы дүрмектердің қиындығын көрсетуге, Тәуелсіздік жылдары ұлттық бірегейлікті, тілді, салт-дәстүрді, жерді сақтап қалуға жұмсады.



Қарымды қаламгер Тұрар Рысқұлов бейнесін қаншалықты дәріптеп, биікке көтерсе, өзі де соншалықты абыройға бөленген адам. Бала шағы қиындықпен өткен Шерағаң өтііктен, екіжүзділіктен, сатқындықтан, даңғойлықан мүлде ада кісі еді. Бұл сөзімізді оның өз замандастары дәлелдейді.




«Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты», - деп көңіл білдірде Елбасы Шерағаң дүниеден өткенде.





«Ол кісінің жазушылығын ғана емес, адамдығын, кісілігін, парасаттылығын, әділдігін – бәрін көрдім. Ол өз заманындағы аса ірі тұлға болатын. Оның әділдігінен, айбынынан адамдар тайсалатын. Өйткені бетің бар, жүзің бар демей, ақты ақ, қараны қара деп нақты сөйлейтін. Шерағаң «ана жақтың адамы, мына жақтың адамы» деп бөліп, жатсынбайтын. Бүкіл қазақтың талантты баласын төңірегіне ұйыстыра білді», - деп еске алады жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы.





«Шерхан Мұртаза қазақ журналистикасын аяғынан тік қойып, қазақ журналистикасының мәдениетін, интеллектісін көтерген журналист. Шерағаңның бойындағы ең құрметтейтін қасиет – ол әділдіктің ақ жолында әділдіктің ақ семсерімен өмір сүрді. Қаншама адам буынсыз жерден пышақ ұрып, ренжітсе де, ол сол адамға, оның шығармашылығына ешқашан қиянат жасаған емес», - дейді жазушы-драматург Дулат Исабеков.




Шерхан Мұртаза өзінің жорналшылық жолында еліміздің бірқатар баспасөзін басқара жүріп, қаламы қарымды шәкірттер тәрбиелеп шықты. Сол шәкірттері бүгінде еліміздің ақпарат аламанында абыройлы қызмет жасап жүр. Олардың қатарында Оралхан Бөкей, Сағат Әшімбаев, Тұтқабай Иманбеков, Кәрібай Ахметбеков, Жарасқан Әбдіраш, Шөмішбай Сариев, Қуанышбай Құрманғали, Кәдірбек Сегізбаев сияқты белгілі азаматтар бар.



Шерағаңның замандастары, аға-інілері, дос-жарандары оның редакторлық қабілетіне ауыздарынан суы құрып тамсанады. Таң қалатын да реті бар. Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас» газетін басқарып тұрған уақытта мерзімді басылымның материал мазмұнын әдеби бағытқа бұрып, «Қазақ әдебиеті» газетімен әдеби материалдар жөнінде үзеңгі қағыстырды. Ал тираж жөнінен рекорд жасады десек, артық айтқанымыз емес. Сол уақыттағы «Лениншіл жастың» тиражы 300 мыңға жеткеніне қалай таң қалмассың?!



Бірқатар естеліктерге көз жүгіртсек, әдебиетке, жорналшылыққа енді келген жастар тырнақалды туындылары Шерағаңның сынынан өтсе, төбесі көкке бір елі ғана жетпей тұрғандай қуанатынын айтады.



Міне, осыншама абыройдың иесі, атақ-даңқына, марапат-мадағына қарекеті сәйкес Шерағамыз үстіміздегі жылдың 9-қазанында дүниеден озды. Оның қазасы қазақ әдебиеті мен қазақ журналистикасы үшін қаралы һәм ауыр қаза болды. Елдің сөзін ұстаған, халықтың мүддесіне әрекет еткен абыз жазушының иманы саламат болсын дейміз.


Ruh.kz
turkystan.kz