14 Қыркүйек, 2018
Қазақ кинотуындысының көші

Үстіміздегі жыл басталғалы бері Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген 18 қазақстандық кинотуынды 14 халықаралық кинофестивальге қатысты. Соның ішінде 11 отандық фильм түрлі марапаттардың иегері атанды. Ендеше әрбір фильм туралы тарқата айталық.


Ақпан айында шетелдегі қандастардың ахуалын көрсеткен «Оралман» фильмі Непалдағы 22-ші Халықаралық кинофестивалінде «Үздік Халықаралық көркем фильм» жүлдесінің иегері атанды. Сондай-ақ, бұл туынды қырғызстандық «Ак-Илбирс» бәйгесінің екі бағыт бойынша жүлдегері атанды. Біріншісі – фильмдегі басты рөлді сомдаған Дулыға Ақмолда «Үздік актер» атағын иеленсе, екіншісі – кинотуынды «Орталық Азиядағы үздік фильм» атанды.







Киноның негізгі идеясы – Ауғанстандағы қазақ отбасының Отанына оралу жолын, өз жерінде көрген қиыншылықтарын, оралмандардың қалай шеттетілетінін көрсету.



Наурыз айында Ақан Сатаев түсірген «Анаға апарар жол» фильмі Нью-Йорк қаласында өткен WeLink Халықаралық кинофестивалінде «Үздік көркем фильм» атағын егеленді.







Аталған фильм аналық махаббатты, ерлікті, азаматтықты, отансүйгіштікті, рухтың жоғарылығын насихаттайды. Аталған фильм кинжүлделерден бөлек, халықтың да толығымен көңілінен шықты.



Сәуір айында В.Каиржанов есімді режиссер түсірген «Прятки» фильмі V Халықаралық конкурс-фестивалінде дыбыстық әлеуетінің жоғары болғаны үшін Григорий Яковлевич Франк атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.





Айта кету керек, аталған фильмнің дыбысын «Inтонации» студиясының студент-режиссерлері әзірлеген.



Кинода ересектер шабуылының құрбаны болған қос құрбының тарихы баяндалады.



Адамдардың бірін-бірі бағалауынан, бірін-бірі сыйлауынан, құрмет пен ізгілік сынды қасиеттерді бойға жинаудан асқан маңызды ештеңе жоқ екенін көрсетуге тырысқан Серік Әбішев пен Руслан Магомадовтың «Однажды в детском доме» атты кинокартинасы Ресейде өткен «Свет миру» Халықаралық кинофестивалінде бас жүлде иеленді.



Талғат Теменов түсірген «Маленький принц нашего города» атты фильмде Бибол болып, басты рөлдердің бірін сомдаған Төлеубек Аралбаев «Үздік ер адам рөлін сомдағаны үшін» атағына ие болды. Бұл жүлде әртіске Циндао қаласында өткен ШЫҰ елдерінің арасындағы Халықаралық кинофестивалінде бұйырды.







Бұл фильм тағдырлары ұқсас қос адамды бейнелейді: біріншісі – балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан алты жасар бала болса, екіншісі – өмірлік тәжірибесі мол Қарттар үйінде өмір сүріп жатқан ақсақал. Сюжет бойынша осы екі актер бір-бірімен кездейсоқ жолығып қалады. Киноның желісі әрі қарай екеуінің сұхбаты ретінде, өз өмірлерін еске алып сырласқан әңгімелері бойынша жалғасады.



10-наурыз күні Стокгольм қаласында Швециядағы қазақстандық жастар Ассоциациясы мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның бірлесуі арқылы және Швециядағы Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен Svenska Filminstitutet атты швед кинематография институтының Кино үйінде қазақстандық фильмдердің көрсетілімі болды.





Еуропалық көрермендер назарына отандық кинематография өнімдерінен «Шал», «Жаужүрек мың бала» секілді фильмдер ұсынылды.



2-5 мамыр аралығында Оман Сұлтандығының Маскат қаласындағы «VOX Shatti Cinema» кинотеатрында қазақстандық кинотуындылардың апталығы өтті.



Көлемді шара Ақан Сатаев түсірген «Анаға апарар жол» атты көркем фильмнің көрсетілімімен басталды. Ал апталықтың соңғы күнінде көремендер назарына Рүстем Әбдірашевтің «Алмазный меч» атты туындысы ұсынылды.



Үстіміздегі жылдың мамыр айында Италия және Эстония мемлекеттерінде Қазақстандық кино күні аталып өтілді.



Айта кету керек, дәл осындай шараларды жыл соңына дейін Тайланд Корольдігінде, Чехияда, Словакияда, Румынияда және басқа да елдерде өткізіу жоспарлануда.



5-сәуір күні Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Париж қаласында жеткен тұғырлы жеңісі туралы суреттейтін, голливудтық компаниямен бірігіп түсірілген «Әміре» фильмінің тұсаукесері сәтті өтті.



Аталған фильм өте жоғары кәсіби деңгейде түсіріліп, тәжірибелі мамандар қолымен өңделген. Бұл кинотуынды да көрермендердің ерекше ықыласына бөленді деп әбден айтуға болады.



Алдағы уақытта әлемдік сатылымға, көрермендер назарына қазақстандық-қытайлық ұжымдардың бірлесе жасаған жұмысы «Композитор» картинасы жарыққа шықпақ. Аталған туындыда Ұлы Отан соғысы жылдары біздің елде өмір сүрген атақты қытайлық композитор Си Синхай туралы және оның Бақытжан Байқадамовпен достығы туралы суреттеледі.



Елбасы өзінің Қытай Халық Республикасына жасаған арнайы мемлекеттік сапары барысында фильмнің шығармашылық тобымен танысып, актерларға кәсіби шеберліктері үшін алғыс білдіріп, көршілес халықтардың мәдениет төңірегінде де бірлесе жұмыс жасап жатқанына қуанышты екенін жеткізді.



Үстіміздегі жылдың соңына дейін «Балуан Шолақ» фильмінің жарыққа шығуы және «Күлтегін», «Мұзбалақ» сынды анимациялық туындылардың көрермен назарына ұсынылуы күтілуде.



Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында ел тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, заманауи жетістіктері, тарихи тұлғалары, қазіргі заманның батырлары туралы ұлттық нақыштағы берері мол кинотуындылар жарыққа шығуда.



Бұл – мәдениетіміздің даму қарқынын дәлелдейтін нәтиже.



Мақала авторы: Ruh.kz


ruh.kz
Brod.kz