20 Қараша, 2018
Қазақ тарихындағы жорық жыршыларының бірі – Қазтуған жырау

Қазтуған - Алтын Орда заманындағы ноғайлы-қазақ дәуірі әдебиетінің ірі өкілі. Ноғайлы аталып, артынан бір-бірінен бөлініп кеткен түбі бір, тілі бір түркі тілдес тайпалардың шынтуайтқа келгенде, сол кезде жеке халық болып қалыптасқан қазақтардың бай әдебиеті, ақын-жыраулар поэзиясының бастауында тұрған үлкен эпик ақын.


Оның шығармалары бүгінгі уақытқа толық жеткен жоқ, көбі мүлде ұмыт қалса, қолда бары баспа бетін көріп келе жатқандары үзінді күйінде ғана ақын мұрасынан азды-көпті мағлұмат береді.



Қазтуған жыраудың алғаш өлеңдерін Ғабдолла Мұштақ құрастырған «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» жинағында жарияланса, кейіннен «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Ұлы арман», Ленинградтан тұңғыш рет орыс тілінде жарық көген «Поэтика Казахстана», «Поэты пяти веков» жинақтарында, «Қазақ хандығы дәуіріндегі єдебиет» хрестоматиясында басылды. Жырау өмірі мен шығармашылығы туралы азды-көпті болсын С.Сейфуллин, М.Мағауин, Є.Дербісәлин, Қ.Сыдыиқов, Х. Сүйіншәлиев, Ж. Тілепов сияқты белгілі әдебиеттанушы ғалымдар қалам тербеді.



Қазтуған ХV ғасырда өмір сүрген ноғайлы батыры, би әрі ақын-жырау екені анық. Алайда, ол туралы деректер өте жұтаң. Сол себепті де жоғарыда аталған ғалымдар жырау туралы азды-көпті жазды деуіміз де осыған саяды.



Бұған дейін ХІХ ғасырдың көрнекті қазақ ақыны Мұрат Мөңкеұлының «Қазтуған» толғауында айтқандай, Қазтуған жыраудың қонысы «Жайықтың күнбатыс шетіндегі Нарын, Қабыршықты, Қаралау деген жерлер екен» деген жалғыз мәліметке сүйеніп келдік. Жау жағадан алып, қысылтаяаң кез туған шақта Қазтуған елін аман сақтап қалу мақсатында жұртты бастап Еділ, Жайықтан Қазақстанның күншығыс жағына ауған деседі. Оның басты себебі - талай құтты қоныс болған туған жердің жайсыз мекенге айналып ел бірлігінің қожырай бастауынан болса керек. Ел қамын ойлап, халық мұңын жоқтаған Қазтуғандай жаужүрек батыр, қол бастаған басшы жұртын соңына ерте білді, елінің болашағын тереңнен толғанып, оны аман-есен сақтай алуды перзенттік парыз деп білді.



Қазтуған жырау жорық жыршысы және халық эпосын жасаушалардың бірі саналады. Артына қазақтардың әскери рухын, туған жерін, халық өмірі мен тұрмысын суреттейтін көптеген өлеңдерден тұратын шығармашылық мол мұра қалдырды. Олардың көпшілігі сақталмаған. Дегенмен, бізге жеткен жекелеген туындылары оның әдебиет тарихы төрінен орын алуға лайықты екенін айғақтайды.



Оның поэзиясы жауынгерлердің көшпелі өмірін, көзқарасын суреттейдіж және олардың тұрмысын, айналадағы құлан таза табиғат туралы ойларын бейнелейді. Ақын-жыраулардың қиялының жүйріктігі, өткірлігі, бай және әдемі көкемдік әдістері сол дәуірдегі қазақтардың поэтикалық өнерінің жоғары деңгейде болғанын, сонымен бірге, өзіндік ерекшеліктері бар екенін білдіреді.



Ұлттық бояуы жағынан айқын суреттелген, жасампаз романтикамен көркемдеген, нақылдық ой орамдары мен көркемдік тіркестерге бай Қазтуған жырау өлеңдері көп ғасырлық өнер мектебі мен єдеби өмір белгісі ретінде санамыздан орын алды.



Қазтуған жыраудың «Мадақ жыры», «Туған жермен қош- тасу» сынды туындыларын ежелгі қазақ поэзиясының таңдаулы үлгілеріне жатқызуға болады. Ақынның жады арқылы жеткен бірқатар толғаулары И. Березиннің «Түрік хрестоматиясында», Ғабдолла Мұштақтың 1910 жылы шыққан «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» жинағында, М. Мағауиннің «Алдаспан» кітабында жарияланды.



Ноғай-қазақ жұртының



Қонысын қалған қия алмай,



Қазтуған жауға аттанған.



Қазтуған шешендігіндегі назар аударатын жайттың бірі - жыраудың өзіне тән образ жасау шеберлігі. Бұрын-соңды жыр шумақтарында қолданылып жүрген бейнелерге тың теңеу тауып, іс-әрекетін ұлғайта суреттеу тәсілінің арқасында жауыр болған сөз қолданыстар жарқырап шыға келді.



Арғымақтың баласы,



Арыған сайын тың жортар,



Арқамнан қосым қалар деп.



Ақ дария толқын күшейтер,



Құйрығын күн шалмаған балығым



Ортамнан ойран салар деп.


Ruh.kz
Zhanaqorgan-tynysy.kz