7 Қараша, 2017
Қазақ тіліндегі кей әріптердің латыншада неге өзгергені туралы Е.Тілешов түсіндірді

Астанада өткен «Жаңа әліпби - жаңғыру жолы» атты дөңгелек үстелде жаңа әліпби авторларының бірі Ш.Шаяхметов атындағы Республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов қазақ тілінің латын графикасымен берілген әліпбиіндегі бірнеше дыбыстың таңбалану ерекшелігін түсіндірді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.


«Апострофтық әліпбидің ішінде у, и, дыбыстарына қатысты пікір білдіріп жатқандар көп. Соларға тоқталып кетейін. Мысалы у дыбысы басында w-мен берілген. Диграфтық нұсқа ұсынылғаннан кейін w-ге қарсы пікір бергендер 78 пайыз болды. Сол себепті біз бұл нұсқаны қабылдаған жоқпыз. Ал апострофпен берген себебіміз, орыстың у-ы мен қазақтың у-ы бірдей емес. Қазақтың у-ы қашанда дауыссыз. Бізге оны дифтонг деп қате түсіндіріп келді. Біз бұған дейін "сұу" деп айтып, "су" деп жазып келдік. Ал орыстың у дыбысы – таза дифтонг - әрі дауысты, әрі дауыссыз. Қазақ тіліндегі у естілуі бойынша w-ға келетін еді. Дегенмен біз қоғамдағы қарсылықты ескере отырып, оны апострофпен бердік. Себебі қазақтың у-ын орыс тіліндегі у-дан ерекшелендіру мақсатында жасалды" - дейді Ербол Тілешов.



Сонымен қатар, ол и және й әріптерінің бір ғана таңбамен апостроф арқылы берілгендігіне тоқталды.



«Енді и, й дыбыстарына келер болсақ; ұзақ и, яғни нүктесі жоқ и сырттан келген дыбыс, ал қысқа й - нүктесі бар й біздің төл дыбысымыз. Мысалы 1957 жылға дейін біз «мій», «жыйналыс» деп жазып келдік. Солардан біз і-ні, ы-ны алып тастап, «ми», «жиналыс» деп жазатын болдық. Ал иман, ислам, имам деген секілді араб, парсыдан енген сөздер мен интернет, инвестиция деген секілді кірме сөздер болғаны болмаса, қазақы қысқа й негізгі дыбыс. Сондықтан біз екеуін бір таңбамен апостроф арқылы бердік» - дейді Ербол Тілешов.



 


ruh.kz
Открытые источники