1 Ақпан, 2019
Қазақстанда Қожа Ахмет Ясауи туралы телехикая түсіріледі

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында биыл «Ахмет Ясауи» телехикаясын, «Әл-Фараби» көркем фильмін және «Қамбар батыр», «Сауран қалашығы» анимациялық фильмдерін түсіру жоспарланған


Түркістан облысы басшылығының хабарлауынша, облыста бүгінде жалпы 678 мәдениет және өнер мекемесі халыққа мәдени қызмет көрсетеді. Олардың қатарында 387 кiтапхана, 251 клуб, 24 музей, 3 кәсіби театр, 7 саябақ, 2 орталық, 1 облыстық филармония, 1 көркемсурет галереясы, 1 «Оңтүстікфильм» мекемесі, 1 «Түркістан сарайы» концерттік мекемесі бар.



«Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты 12 облыстық мәдениет және өнер мекемесі Шымкент қаласына берілді. Яғни, 5 театр, 3 кітапхана, 2 мәдени орталық, 1 музей, 1 цирк. Ал, облыстағы мәдени ошақтардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 117 млн. 741 мың теңге қаржы қаралды. Оған автокөлік, сахналық киімдер басқа да құрал-жабдықтар сатып алынды», – деп хабарлайды облыс баспасөз қызметі. 



2018 жылы аймақта отандық және әлемдік мәдениет туындыларына қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 29 967 іс-шара ұйымдастырылған. Өткізілген шаралар негізінен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және Астананың 20 жылдығына орай өткізілді. 



Бұдан өзге, «Оңтүстікфильм» мекемесі мен «САҚ» киностудиясы Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында бірқатар жобаларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, «Ордабасы бірліктің туы», «Оқсыз», «Түркістан» анимациялық фильмдерін және «Төле би» атты 10 сериялы тарихи телехикаясы таспаланды.  



Сондай-ақ, өткен жылы түсірілген «Күш атасы − Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» анимациялық фильмдері мен «Көне жетігеннің сыры» телехикаясы жергілікті және республикалық телеарналардан көрсетілді. Сонымен қатар, биыл Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Ахмет Ясауи» телехикаясын, «Әл-Фараби» көркем фильмін және «Қамбар батыр», «Сауран қалашығы» анимациялық фильмдерін түсіру жоспарланған. 



Өткен жылы атқарылған шаруалар және жұмыс жоспарымен танысқан аймақ басшысы басқарма басшысына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, Қ.А.Ясауи кесенесінде жатқан тұлғалардың тізімі, өмірбаяны мен тарихи деректері және Түркістан қаласы туралы ақпарат жинақтап, кітап шығаруды тапсырды. Сондай-ақ, әр сала бойынша Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын және Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру мақсатында мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастыру керектігін айтты.



Қожа Ахмет Ясауи (1093-1166) - қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер.



Өз аты Ахмет, есімінің алдындағы «қожа» мұсылман дінін таратып, уағыздаушылық қызметіне орай берілген атау, ал соңындағы «Ясауи» ақынның қай жерден шыққандығын көрсетеді. Бірақ нақтылық үшін айтсақ, Йасы қаласы оның туған жері емес, жастайынан жетім қалып, ағайын туыстарының қолына келіп, бала кезінен өскен жері. Ақынның туған жері қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы.



Кесенесі Түркістанда орналасқан. 1978 жылы қыркүйекте Қожа Ахмет Яссауи республикалық мұражайы ашылды. 1989 жылы тамыздың 28-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы» ұйымдастырылды. Түркия елімен арадағы келісім бойынша жүргізілген ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары 2000 жылы аяқталды. 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Мазарда отызға жуық мешіт, кітапхана, залдар бар.



 



 


Ruh.kz
ғаламтор