1 Қараша, 2017
Қазақстанда оқушыларға арналған «Көшбасшы жолы» туры басталды

Астана және Алматы қалаларында Елбасының қызметімен тығыз байланысты жерлерде өтетін «Көшбасшы жолы» турлары сериясының алғашқы экскурсиясы басталды.



Турларға Алматы, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облысының 13 және 17 жас аралығындағы 480 үздік оқушылары қатысады. Осылайша, 30 қазан мен 4 қараша аралығында Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының оқушылары Астанаға келсе, Алматы, Жамбыл, және Оңтүстік Қазақстан облысының үздік балалары Алматы мен Үшқоңырға барады.



Бұдан басқа, Астанада оқушыларға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының мұражайы, қоры мен кітапханасы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Астана - Бәйтерек» монументі және Назарбаев Университеті көрсетіледі.



Ал, Алматылық турдың бағдарламасы Алматы облысындағы Елбасы оқыған Қарасай батыр атындағы мектеп, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің үй-мұражайы, «Батыр Бабалар» мемориалды кешені, сондай-ақ Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражай, 28 панфиловшылардың саябағы сияқты объектілерге бару жоспарланған.



«Осындай турларды өткізу мектеп оқушыларының ой-өрісін кеңейтіп, қызығушылығын арттырады, әрі балаларды жақсы оқып, белсенді болуға қосымша ынталандыратын болады», - деп атап өтті Тұңғыш Президент қорының баспасөз хатшысы Ақерке Берлібай.



Естеріңізге сала кетейік, ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде еліміздің өңірлерінен 185 мың мектеп оқушылары үшін 700-ден астам тур ұйымдастырылды. 


ruh.kz