20 Шілде, 2018
«Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты аясында жүзеге асқан жобалар

Қазақ даласы қасиетке толы. Алтайдан Каспийге дейінгі ұлан-ғайыр атырап ата-бабаға қайырлы ата қоныс болды. Қазақтың даласында да, қаласында да тұнба тарих, көмбе мұра бар. Ұлт тарихындағы ұлы дүрбелеңдер кезеңінің куәсі, мамыражай уақыттардың дәлелі толып жатыр. Тарихымыздағы таң-тамаша қалдыратын оқиғалардың заттай деректері де мұражайлар төрінен орын алды. Десек те, жастардың игеруі тиіс сыршыл тарихтың көмбесі болып тұрған қасиетті жерлер баршылық.


Жас буын – ел болашағы. Даму көшінде қарқынды жүріс жасап келе жатқан еліміз үшін жастардың ұлттық болмысының мықты болуы – басты шарт. Өткенді білмей, келешекке бет алып, басқан қадамың өнбейді.



Алысқа көз жіберетін қырағы қырандай мемлекет басшысы болашақ иелерінің ұлттық болмысын нығайтып, азаматтық келбетін, тарихи білімін арттыруы үшін, руханиятын байыту мақсатында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Бағдарламалық мақала аясында қарқынды жүзеге асып жатқан бастамалардың бірегейі - «Туған жер» арнайы жобасы.



Аталған бағыттың түпкі мақсаты – топыраққа көміліп, жетімсіреп жатқан көне шаһарлардың насихатын арттырып, уағындағы келбетін қалпына келтіру, сондай-ақ, тарихта орыны бар орындарды жастарға етене таныстыру. Осы әрекеттер арқылы жас буынды елдегі қасиетті жерлердің қадірін білуге, ата жұрттың қасиетін тануға тәрбиелеу.



Біз «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында аталған бастама аясында жүзеге асқан бірқатар жобалар туралы толыққанды ақпарат беруді жөн деп санадық.



Мектеп оқушылары Бурабайда бас қосты





«Туған жер» арнайы жобасының негізгі мақсаты жастардың тарихи-мәдени сауатын ашып, ұлттық болмысын ұлт мұрасы арқылы көтеру екенін айтып өттік. Міне, аталған бастама аясында мектеп оқушылары сал-сері, ақын-жазушылардың көп шоғырланған ортасы, Қазақстанның ең әдемі жері – Бурабай демалыс орынына саяхат жасады.



Өлкетану акциясы «Туған жер» арнайы жобасының аясында республикалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бастамасымен жүзеге асқан. Жоба аясында сұлу табиғатқа көз сусындатпақ ниетпен Қызылорда, Қостанай, Орал сынды облыстардың жеткіншектері демалыс орынына сапар шекті.



Бурабай демалыс орынына саяхат жасайтын оқушылар әртүрлі санат бойынша іріктеліп алынды. Бұл қатарға іліккендердің басым көпшілігі - оқуда, қоғамдық жұмыстарда озат, белсенді болып көзге түскен және аз қамтылған отбасылардың балалары.



«Туған жер» арнайы жобасы негізінде жүзеге асқан жоба көлемінде оқушылар арқалықтың тамаша табиғатымен танысып, киелі орындардың тарихымен сусындады.



«Қасиетті жерлерге саяхат» акциясы





Павлодар облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асқан шара 2017 жылдан бері жалғасып келеді. Негізгі мақсаты – аймақтағы киелі орындардың насихатын арттырып, оқушылар мен студенттерге таныстыру.



Сондай-ақ, аталмыш акцияның көздеген мүдделерінің бірі – облыстық туризмді дамытуға үлес қосу.



Облыс көлеміндегі 78 қасиетті орындардың 5-еуі республикалық тізімге енген. Бүгінде оқушылар мен студенттер, облыс тұрғындары аталған орындарға баруын жиілеткен, әрине, бұл саяхаттарға басшылық тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде.



Қасиетті орындарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 14,8 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражатты игеру үшін бірқатар тарихи орындарға қазба жұмыстары жүргізілді. Археологиялық зерттеулер жасауға оқушылар мен студенттер көптеп тартылды. Ондағы мақсат – жұмыс барысында жас буынға тарихи орындардың өткені туралы әңгімелер айтылып, киелі мекендердің маңызын жете түсіндіру.



Қызылордада киелі жерлер картасы жасалды





«Туған жер» арнайы жобасы аясында ұлт тарихындағы көне қалаларға аса үлкен көңіл бөлінуде. Ал ел тарихындағы атағы аспандаған шаһарлардың көпшілігі Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан.



Облыс басшылығы осы орайда аймақтағы киелі орындардың 3d картасын әзірледі. Аталған карта бойынша киелі жерлердің тарихын, орналасқан жерін анықтауға болдаы.



Бұл картаның оқушылар мен студенттер арасында кең ауқымда қолданыла бастағанын ескерсек, жоба өзінің негізгі мақсатына баратын тура жолда келе жатқанын көреміз. Жобаның көздеген мүддесі – облыс көлеміндегі жас буынның тарихи-мәдени білімін кеңейту. Сонымен қатар, оларды тарихи орындарға алып барып, саяхат түріндегі шараларды өткізу.



Қазірдің өзінде жастар облыс көлеміндегі ірі қалаларға саяхаттар жасап үлгерді. Киелі Түркістанға, Шірік-Рабат, Сығанақ, Сауран секілді қалалардың жұртына сапар шеккен оқушылар мен студенттер біраз ой түйері анық.



Жоғарыда айтылған жобалар - ел болашағы үшін жасалып жатқан игі шаралар. Олар жастардың тарихи-мәдени білімін дамыту, жастардың патриоттық сезімін ұлғайту секілді үлкен мақсаттарды көздейді. Сондай-ақ, тарихтан сөз қозғаған сайын жаңа ұрпақтың бойында ұлттық рухы оянып, азаматтық болмысы қалыптаса түсетіні де белгілі.



Бүгінде әрбір аймақта студенттер мен мектеп оқушыларын киелі жерлерге саяхатқа алып бару үрдісі кең етек жайып келеді. Бұл типтегі шаралар ағымдағы жылы да өз жалғасын тауып, арнасын кеңейте түседі деген сенімдеміз.


ruh.kz
Silkadv.com