1 Тамыз, 2018
«Қазақстанның қасиетті географиясы». Сауран қаласы

Қазақ даласының тарихы терең, қасиеті ерек. Уағында атағы алты құрлықтың арғы жағына жетіп жатқан қалалардың бүгінде құм астында көміліп жатқаны жүрек қылыңды қозғап, көңіліңді шерменде етеді. Дегенмен, бүгінде көңілге қуат, дертке дауа болған мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» бар. Аталған жоба аясында көмбе тарихтың көбесі сөгіліп, жаңа ұрпаққа насихатталу деңгейі артты.


Біз бүгінге дейін бағдарламалық мақаланың «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағытына ақпараттық сүйемелдеу ретінде, ғасырлар бойы қатталған тарих қойнауында елеулі орыны бар қалалар тарихы туралы, олардың уағындағы географиялық һәм сауда-саттық жөніндегі маңызы туралы жазбалар жариялап келеміз. Әлбетте, алдағы уақытта да қалыпты қадамнан бұра тартпақ емеспіз. Бүгінгі мақаламызда қазіргі Түркістан облысы, Түркістан қаласына таяу маңда орналасқан ежелгі ірі шаһар – Сауран туралы сөз қозғамақпыз.



Уақыт, әрине, өз дегенін жасайды. Судың да ағып барып құмға сіңетін тұсы болады. Сол секілді кезінде дәурені жүрген қамал қалалар бүгінде топырақ астында жатыр. Бірақ сол бабалар ұрпағының жалғасы жасаған Тәуелсіз Қазақстан даласында. Мұның өзі – көңілге қуаныш сыйлайтын дүние. Бабалар қанын суша төгіп, қу жанын шүберекке түйіп, ұлт болашағы үшін күрескен жер – бүгінгі буынның қасиетті мұрасы.



Сауран қаласы – белгілі дереккөздер ақпаратына сүйенсек, уағында Ақ Орданың астанасы болып, Әмір Темірдің ордасы аталған шаһар. Бұл қаланың ұлт тарихы үшін маңызы зор. Неге дейсіз бе? Өйткені, дәл осы қалада өте құнды әрі жауапты келіссөздер жүргізіліп отырған. Әлі күнге дейін өңін бермей тұрған көне нысанда мезгілінде адамның түсіне кіріп шықпайтын, кереметтей биік қорғандар, мұнаралар болыпты-мыс. Бұл сөздің жаны бар. Себебі, Түркістан қаласынан 45 шақырым жерде жатқан қаланың сыртқы сұлбасы әлі күнге көзге қашықтан менмұндалап көрінеді.



Сонымен қатар, Сауран қаласының өз дәуірінде сауда-саттық, алыс-беріс жүйесінде де маңызы өте зор болған. Олай деуімізге де себеп жоқ емес. Оңтүстік өңірде жатқан осынау қала арқылы сауда-саттықтың қызған базарына айналатын, Қытайдан шығып, қазақ даласын кесіп өтетін әйгілі «Жібек жолы» кесіп өткен. Демек, шаһарда дала мәдениетімен қатар, сауда-саттық жүйесі де уақытылы дами білді. Атақты сауда жолы арқылы нешеме керуендер осы қала төңірегінде дем алып, жергілікті халықты саудаға үйретті.



Жоғарыда айтылған сөздерімізге дәйек боларлық заттай мұралар қала топырағын қазған кезде көптеп табылған. Олардың ішінде Қытай жерінен келетін өндіріс өнімдері, түрлі әшекей бұйымдар, құнды маталардың қалдықтары бар.



Тәуелсіздік жылдарынан бері елімізде тарихи орындарға бірқатар зерттеу экспедициялары жүргізілді. Солардың нәтижесінде Сауран шаһарынан табылған күйіктас пен гипстің сынықтары жергілікті жерде мұсылмандар мешіті мен балалардың сауатын ашуға арналған медреселер болғанын дәлелдейді.



Қазақ даласындағы қойынына бүккен сыры мол, тарих куәсіне айналған нысанды зерттеген тарихшылардың пікірінше, дәл осы жерді мекендеген халықтың білімі айтарлықтай жоғары болған. Тарих беттерінен ойып тұрып орын алатын шаһар халқы қазақ даласындағы ең алғашқылардың бірі болып, су жүйесін қолданысқа енгізген.



Сауран қаласының әскери-стратегиялық, сауда-экономикалық және мәдени маңызды қала болғаны соншалық, аталмыш шаһар туралы көне һәм құнды тарихи деректердің барлығында мәліметтер кездеседі.



«Сауран қамалы – өте берік бекітілген қорған, оның мықты және күшті қамал болғандығы соншалықты, тағдыр тәлкегінің қолы оның қорғанының түбіне жетіп көрген емес, және көктегі аспанның өзі де әлем жерінің төрттен бірінде мұндай берік қамал көрген емес. Оның биіктігі соншалықты, күннің көзі де одан асып көрген емес. Қамалдың беріктігі соншалықты, оның мұнаралары мен дуалын қирату ешкімнің ойына да кіріп шықпайды».



Бұл – Абдаллах ханның Сауран қамалын жаулап алу ниетімен шыққан жорығын суреттеген жазба. Белгісіз автор ХVІ ғасырдың екінші жартысында осылай деп жазыпты. Көне жазба мұрада бұдан бөлек, Шайбани әулетінің билеушісі атанған ханның қаланы жаулап алудағы мақсаты әскери-стратегиялық маңызы бар шаһарды өз иелігіне қарату болғаны да көрсетіледі.



Аталмыш қала жөніндегі алғашқы деректер Х ғасырдың бірінші жартысынан бастап кездеседі. Осы мезгіл арасындағы қала туралы мәліметтер Истахри жазбаларынан көрініс берген. Одан кейін шаһар туралы әл-Мақдиси өзінің «Худуд-әл-алам» шығармасында да атап өтеді. Әлем айнасына атақты болған шығармаларда да Азияда орналасқан алып шаһар туралы мол мағлұмат бар.



XIII ғасырдағы ибн әл-Асир жазбаларында, дәл осы ғасырда жазылған Якуттың «Елдер сөздігінде», армян патшасы І Гетумнің моңғол патшасы Меңгудің хан ордасынан қайтардағы сапары туралы жазбаларда Сауран қаласының географиялық орналасу ерекшелігіне, биік қамалдарына тоқталып өткен.



Түркістан облысының аймағында жатқан көне Сауранның территориясына алғашқы зерттеулер шамамен 100 жыл бұрын жасалынған. Аталған зерттеулер жайында орыс ғалымдары П.И.Лерхтың туындыларында, П.И. Пашиноның жолжазбаларында, А.П.Федченконың есептерінде айтылады. Олар қаланың құрылысына өте қатты қызығушылық білдіріпті-мыс.



Көне тарихпен байланыс жасау – болашақ кепілдігін орнату. Егемендікке қол жеткізгеннен кейін елдің экономикалық, саяси тұрғыдан дамуы қарқын алды. Міне, енді ес жиып, етек жинағаннан кейін тарих пен мәдениетке, әдебиетке, ұлттық құндылықтарға, ұлт ұрпағының санасын жаңғыртуға көңіл бөлінуде.



Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты аясында ұлт тарихындағы көне қалалардың насихаты артып, үлкен көңіл бөлінуде.



Мақала авторы: Ruh.kz


ruh.kz
Qazaqstan3d.kz