25 Қыркүйек, 2018
«Қазақстанның қасиетті географиясы». Түркістан қаласы

Қазақ даласының әр бұрышында тамаша тарихтың тәмсіліндей болып, құнды ескерткіштеріміз жатыр. Өткен ғасырлардағы жаугершілік замандарда жауына оңайлықпен берілуге ұлттық болмысы, асқақ рухы ерік бермеген бабаларымыз қанды қырғынға қойып кеткен еді. Сол уақыттарда ежелден ата-бабалар мекен еткен көптеген сәулетті шаһарлар жермен-жексен болып қирап кетті. Сол уақыттардан бері Қазақ хандығының да, бертіндегі ұлттық автономияны алуды көздеген ерлердің де саяси-әлеуметтік, географиялық ордасы болып келген қалалардың бірегейі – Түркістан қаласы. 


Уағында Мағжан Жұмабаев «Түркістан – ер Түріктің бесігі ғой, Түркістан – екі дүние есігі ғой» деп жырына қосқан шаһар – осы. Түркістанның қасиеті немесе Тәңірдің жазғаны – бұл қала Орта Азия мен қазақ жерінде бірнеше ғасырлар бойы дүркін-дүркін жүрген кескілескен шайқастар мен басқыншылықтар кезінде де аты өшпей келеді.



Түркістан қаласы жуырда ғана Елбасы жарлығымен «облыс» статусын алды. Бұл өзгерістің басты мақсаты – елдің, ұлттың, жас буынның «Рухани жаңғыру» кезеңінде өз тарихымен етене жақын болуына ықпал ету. Ал Түркістан болса, еліміздегі тарихы терең, көне қалалардың көзі десек болады.



Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялағалы бері нақты бағыттар бойынша қыруар дүниелер жүзеге асырылуда. Сол бағыттардың бірі – «Қазақстанның қасиетті географиясы». Аталған бағыт ұлт тарихындағы ұлы нәубеттер кезінде өмір сүруін тоқтатып, бірақ тарихта аты өшпейтіндей ізі бар мұраларымызды жас ұрпаққа насихаттап, өскелең ұрпақтың санасын жаңғыртуды, ұлттық болмысын күшейтуді мақсат етеді.



Тақырыпқа қайта оралайық. Жоғарыда аталған «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты бойынша биыл жүздеген мектеп оқушысы киелі Түркістан шаһарына саяхат жасап, өздерінің ата-бабаларының табаны тиген орындарға тағзым жасады.



Бүгінде тарихшы ғалымдар Түркістан қаласының байырғы тарихын зерттеу қажеттілігі туындап отырғанын алға тартады. Әсіресе, Түркістан қаласының алғашқы уақыттарда Иасы ауданы болғаны, ал Иасының негізгі орыны қазіргі Күлтөбеде екені ғалымдардың қызығушылығын тудыруда. Өйткені, Иасы жылдам өркендеп, хан құрылтай шақыратын орынға айналған. Оңтүстіктегі шаһарды дамыту кімнің ойы, кімнің саясаты болды?



Сонымен қатар, Түркістан Қазақ хандығының діни һәм сауда орталығы болған. Оған дәлел – Түркістан қаласының Мекке қаласынан кейінгі екінші қасиетті орын атануы. Сонымен қатар, хан ордасына, хан сарайына айналған қалада киелі тұлға Қожа Ахмет Йасауи мен Арыстан баб жатыр. Қожа Ахмет Йасауи мазаратының үстіне тұрғызылған үлкен кесененің ішіне қазақтың арғы-бергі тарихындағы айтулы еңбегі бар хандар мен сұлтандар жерленген.



Жалпы Түркістан қаласының тарихы мен қасиетін қысқаша материалда толыққанды ашу әсте мүмкін емес. Елбасының «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты аясында Түркістанның кемел мұрасы жас ұрпаққа көңіл толатын деңгейде насихатталып келеді.



«Бәрінің Түркістанда басын қосып,



Қазақтың қамын жеген кеңес құрды



Ақыры Абылайдың хан болуын.



Бәрі де бір ауыздан қабыл қылды.



Әкеліп ақ киізді жазып салып



Үстіне отырғызды ханды апарып», - деп жырлаған Шәді төренің сөзінен қазіргі күні біздің табанымыз тиіп жүрген жерлерде уағында Абылай бабамыздың ақ киізге отырып, хан көтерілгенін қайтадан еске аламыз. Қандай бақыт десеңші?



Ғасырлар өтті, уақыт жылжыды, заман өзгерді, бірақ Түркістан шаһарының қасиеті қалпында. Сол қасиетті болашақ азаматтардың бойына бүгіннен бастап толыққанды сіңіру – бүгінде қолында әлеуеті бар атқамінер ағалардың, басшылардың, қала берді жалпы халықтың, әрбір ата-ананың міндеті.



Қазақтың Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай, басқа да белгілі хандарының, батырларының, билерінің мүрделері Ахмет Йасауи кесенесінде және оның айналасындағы мазараттарда жатыр.



Түркістан шаһарының XV-XVIIІ ғасырлардағы тарихының тура бет-бейнесі әлі күнге толық ашыла қойған жоқ. Сол уақыттарда Түркістан шаһарының Орта Азиядағы көшбасшы қалалардың бірі болуы, геосаяси һәм діни орталыққа айналуы – барлығы зерттелуге тиіс дүниелер. Рас, біздің ғалымдар, тарихшылар бұл бағытта аянып жұмыс жасап жатқан жоқ.



Дегенмен, көне қаланың орынын жаңа қала басып, өркениет дамыған сайын оның да экономикалық әлеуеті артып, халықтың әл-ахуалы жақсарып, түрлі заманауи дүниелер жасалынуда. Сондықтан, бұл орындарға қазба жұмыстарын немесе толыққанды бір зерттеу жұмыстарын жүргізу өзге нысандарға қарағанда біршама қиынырақ.



Қазір Түркістан шаһарының маңындағы  Күлтөбе, Сидақ ата, Шойтөбе, Қарашық І, ІІ, Төрткүлтөбе І, ІІ сынды археологиялық ескерткіштердің тарихын тереңдете ашу мақсатында арнайы зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.



Қазақтың ордасының, тәу еткен киелі шаһарының жер бетінде қазақ барда тауы шағылмақ емес. Бүгінгі күні көне һәм қасиетті қала облыс орталығына айналып, заманауи өркениетке сай қарқынды дамуда.



Сан ғасырдың тарихына куә болып келе жатқан Түркістанды болашақта туристік аймаққа айналдыру жоспарлануда. Өйткені, ер Түріктің бесігіне айналған қасиетті қаланың көлеміндегі тарихи орындар да, көне ескерткіштер де өзгенің көзіне таңсық көрінетіні айдан анық.



Түркістанда тәу еткен түркі жұртының бүгінгі тұяғы заман өзгерсе де, өз тарихынан, ұлттық қазығынан қашықтаған емес. Оған мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты айқын дәлел бола алады.



Мақала авторы: Ruh.kz


Ruh.kz
Surfingbird.com