10 Қыркүйек, 2018
Қазақты «оятқан» Алаш қайраткері

Британдық жазушы Томас Карлайл «Әлем тарихы - бұл ұлы адамдардың өмірбаяны», - деген екен. Қазақстанның тарихы көптеген ұлы ғұламалар мен елеулі тұлғалардың өмірімен тікелей байланысты. Осындай тұлғалардың бірі де бірегейі - Алаштың қайраткері Міржақып Дулатов болды.


Тарихшы Мәмбет Қойгелдиев: «Міржақып өте жылдам жазған және өте өткір тақырыпқа жазған. «Қазақ» газеті  сондай сапада, сондай биіктіктен көрінуіне, меніңше, бірден-бір Міржақып Дулатұлына қарыздар. Жалпы Міржақып Дулатұлы - қазақ журналистикасын жаңа сапаға көтерген адам», - деген пікір келтірген. Осындай арыстай азаматтың өмір жолынан һәм отты сөздерінен тәлім алу бүгінгі жас буынға үлкен үлгі болмақ. ал біз өз тарапымыздан Міржақып Дулатұлының өмірбаяны жайлы кейбір деректер мен ол кісінің өзекті мәселелерді көтерген ойларын жазуды ниет еттік.  



Міржақып Дулатов - қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қаламы ұшқыр жазушы, өз заманының ащы шындығын ашықтай көрсете білген публицист, жастардың тәліміне ерекше көңіл бөлген ұстаз. Ол кісі 1904 жылы мектепті тәмамдағаннан кейін Ом қаласына жол жүреді. Осылайша Орал, Санкт-Петербург қалаларында өткен ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысып, конституциялық-демократиялық партия съезінің жұмысына атсалысады.



Алаш қайраткері 1885 жылғы 25 қарашада Торғай уезді, бүгінгі Қостанай облысы Сарықопа атты елді-мекенде ауыл шеберінің жанұясында дүниеге келген. Екі жаста болғанға анасы қайтыс болады, ал 12 жасында асқар тауы әкесінен айырылып қалады. Алғашқы білімді ауыл мектебінен алып, кейін Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде тәлім алады. Содан кейін ұстаздар курсын жақсы көрсеткішпен аяқтап, 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдікпен айналысады. Міржақып бос уақытында білімін әрі қарай дамыту мақсатында қосымша кітаптар оқиды, ұлттық, орыс және шетелдік жазушылардың шығармаларына ден қояды.    



Міржақып Дулатов өзі жазған өмірбаянында: «1897 жылы мен екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түстім, оны бітіргеннен кейін оқытушылар курсында оқып, ауыл мұғалімі деген мамандық алдым. Осымен менің оқу орындарынан білім алуым аяқталды. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдік қызметімді атқара жүріп, бос уақытымды білімді жетілдіруге жұмсадым», - дейді.



Балалық шағынан кедейшіліктің бар ащы тұстарын көріп өскен жас мұғалім сол кезде орын алып жатқан жайттарға бей-жай қарай алмайды. Сол кезде Алаш қайраткерінің Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов сынды ағартушылық және қоғамдық қызметтерді белсенді түрде жүзеге асырып жүрген көрнекті тұлғалармен кездесуі алдағы өміріне бағдарын анықтайды.



1905 жылғы революциялық оқиғаларда ол Қарқаралыдағы шерушілер қатарында болады. Сол жылдары Оралда облыстар съезі өтіп, «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы» құрылады. Съезд жұмысына қазақ және татар халқының көрнекті қайраткерлері қатысады. Атап айтқанда, олардың қатарында Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, Б.Қаратаев және басқалары қатысады. Аталмыш съезде халықтың тәуелсіздігі, ұлттық мәдениеттің, тілдің және шығармашылықтың дамуы, діннің еркіндігі туралы сөз етіледі. Патша билігіне петиция әзірленеді.   



1906 жылы М. Дулатов делегаттар құрамының ішінде Петербурге жол жүреді. Осы уақытта ол жерде көптеген қазақ зиялылары мен оқитын жастар болды. Осы сапардан Міржақып Дулатұлы тек қана саяси күрескер ғана емес, орақ тілді, от ауыз ақын ретінде оралады. Осылайша 1907 жылы Петербургте басылатын «Серке» басылымында «Жастарға» деген өлеңі жарық көреді. Сонымен қатар, «Біздің мақсатымыз» мақаласы бүркеншік атпен жарияланады. Бұл мақалада қазақ халқының сол кездегі басынан өткерген қиын-қыстау кезеңі жан-жақты еш бүкпесіз көрсетіліп, отарлық саясаттың бар бейнесін ашады. Патша өкіметі мақаланың авторын таба алмайды, дегенмен, газеттің осы санын таралымнан алып тастайды.    



Туған жердің ер мінезді ұлы саналатын Міржақып Дулатұлы 1909 жылы Петербургте «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағын жарыққа шығарады. 1919 жылы Қазан қаласында «Бақытсыз Жамал» романы басылады. Бұл романда сол кездегі қазақ әйелінің тағдыры мен барлық тауқыметі көрсетіледі. Сонымен қатар, осы жылдары Міржақып әдебиет, арифметика оқу кітаптарын жазады, Фирдоуси, Крылов, Пушкин, Лермонтов, Шиллер туындыларын қазақ тіліне аударады. Сондай-ақ, көрнекті қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновпен бірлесе отырып, «Қазақ» газетінің жарық көруіне белсенді атсалысады. 1920 жылы Ташкенттегі «Ақ жол» газетінде қызмет атқарады.



Ал 1922 жылы Міржақып Дулатұлы жазықсыз қамауға алынады. Қамаудан шыққаннан кейін 1922-1926 жылдары Орынбордағы ағарту институтында оқытушы болады. Кейін 1928 жылдың аяғында бip топ қазақ зиялыларымен бipre қамауға алынады да, он жылға сотталып, 1935 жылы тұтқында қайтыс болады. Міржақып Дулатұлының аты мен шығармашылығына ұзақ жылдары тыйым салынды. Тек 1988 жылғы 4 қарашада ақталады. Ал 1991 жылы Міржақып Дулатұлының барлық шығармалары, өлеңдері мен мақалалары шоғырланған жинақ кітабы жарық көреді.



Бүгінде біз жастарымыздың тәлім-тәрбиесіне аса көңіл бөлуді қалаймыз. Дегенмен, Міржақыптай көрнекті ағартушыларымыздың ерен еңбектеріне баса назар аудармаймыз. «Оян, қазақ! Ойлан, қазақ! Бол, қазақ!» деп сол кезден бері халықтың көзі ашық, көкірегі ояу, білімді болуы, өркендеп-көркеюі жолында қан төгіп, жан беріскен Міржақып Дулатұлының артында ұлы туындылар қалды. Жас буын осындай асыл мұраны ешқашан ұмытпауы тиіс. Алаш қайраткерінің тек қана бір салаға қатысты емес, барлық саланы қамтитын ойларына көңіл бөліп, зерделеп отыру қажет. Мәселен, «Жалғыз білім үйретуге емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру керек», «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел - қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді», «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады», - дейді Міржақып Дулатұлы. Тарихсыз келешек болмайды. Тарихсыз мемлекеттің негізі де берік емес. Сол кездің өзінде көрнекті ағартушы аталмыш жайттардың барлығына тұңғиықтан көз жүгіртіп, жан-жақты ойлай білген.



Сонымен қатар, ол кісінің өзге де келелі сөздері бүгінді бізге мұра болып қалды. Атап айтқанда, «Ел шауып кісі өлтірген боп па батыр», «Алла жақын кеудеде оты барға»,  «Заманның көз сал халіне», «Жар - халал жұп», «Салт-сананың негізі - елдің қолданған кәсібінде», «Ғылым үйрен - көзің ашылады», «Зиялы қауым халықтың қамын ойлауға міндетті», «Ұл-қыз демей баланы оқыт, қазақ», «Өзің білгеніңді - халқыңа үйрет», «Халықтың жайын, салтын, рәсімін, тілін білмейтін сот - сот емес, сор», «Айту - бізден, істеу - сізден», «Әркім өз қолынан келгенше жомарт» сынды ойларынан көп дүниені алуға, ойға түюге болады. Өздеріңіз білетіндей, Міржақып Дулатұлы сол кездің өзінде ешкімге жалтақтамай, заманның бетпердесін ашық айту арқылы ақындық өнерінің биік шыңына қол жеткізе білген. Төменде ол кісінің бірқатар өлең шумақтарының үзінділері келтіріледі.



 



«Кешегі қара күндерде,



Жұлдызсыз, айсыз түндерде,



Жол таба алмай сенделіп,



Адасып алаш жүргенде,



Бұл күнгі көп көсемдер,



Сұраймын сонда қайда едің?»



 



 «Халқыңның ойла пайдасын,



Өзің үшін налыма...



Басыңды тік бәйгеге,



Бір халқыңның қамына...



Қиянаттан бой тартып,



Шық әділет жағына».



 



 «Үш жүзге біздің қазақ бөлінеді,



Осылай шежіреден көрінеді.



Саны көп, сапасы жоқ, һәммадан бос,



Ғылымға мойын ұсынбай ерінеді». 



 



«Шет шығып сахарадан баспас қадам,



Болады бүйтіп жүріп қашан адам?



Бейхабар ғаламдағы хикматтан,



Тұтқындай қапастағағы күні қараң».



Сонымен қатар, қазақ тілінің жай-күйіне алаңдаушылық білдіре отырып, «Қазақ тілін іске асыратын болсақ, қазақ әдебиетін күшейтеміз десек, ең алдымен істің санын салмақтамай, сапасын ескеруіміз керек. Ол үшін қазақша деп жазылған сөздердің әлгі кемшілігін құрту керек. Оны құрту үшін әуелі бел кемшіліктің қандай екенін білу керек», - дейді Міржақып Дулатұлы, - «Қазақ тілі - бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да ту басында біздікі секілді таза да, бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық… Бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлдардан да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр… Қазақ тілін сақтаймыз, балаларымызды қазақша болсын дегенде бұлардың бәрінің негізі «Тіл - құралы» екенін ұмытпасқа керек».



Ал жастардың оқуға ниет қойып, үнемі дамып отыруы жолында «Һәркімнің ізіне түсіп қуған, үйренген бір ісі болады. Со ісін ол басқалардан артығырақ біледі. Егер оқу, оқытуды машықтап, ол оқытудың һәм оқытқан нәрселерінің асыл тәртібін, түп негізін анық білетін кісілер жазу хақында өз пікірлерін түсінікті етіп жазса, сынаушы деп соларды айтуға жарайды», «Ар-намыс, махаббат болмаған жерде адамшылық тұра ма?! Бұл сипаттардың болуы үшін адам баласы азат, тәрбиелі болуға тиіс», - деген екен Алаштың арысы.



 


ruh.kz
www.youtube.com