3 Қазан, 2018
Қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдызы Қасым Аманжолов

Қазақ халқының біртуар ұлдарының бірі, тарих беттерінде есімі алтын әріптермен жазылып қалған тұлға, аса көрнекті қоғам қайраткері, дарынды ақын Қасым Рақымжанұлы Аманжолов 1911 жылғы 10 қазанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қызыл деген жерде дүниеге келген.


Поэзиямен қатар, аударма саласында да елеулі жетістіктерге қол жеткізген Қасым Аманжоловтың еңбектері бүгінде еліміздің ең асыл мұраларының бірі болып табылады. Қасым Рақымжанұлы Батыс пен Шығыс классиктерінің, орыстың белді ақындарының туындыларын аударған. 



Балалық шағында ата-анасынан айырылып, жетім қалған Қасымды ағасы өз қолына алады. Қасым Аманжолов ауылдағы жаңадан ашылған мектепте хат таниды. Ал 1924-1927 жылдар аралығында Семей қаласындағы интернатқа жатып, тәлім-тәрбие алады. Кейін үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында тәлім алады. Дарынды баланың ақындық өнері де осы кезде көріне бастайды. Қасым Аманжолов 1930 жылы Алматыға келіп, «Лениншіл жас» газетінде қызмет атқарады. Ал 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына қабылданады. Дегенмен, денсаулығына байланысты, сонымен қатар, жеке де себептер бойынша елге қайтып оралып, Орал қаласында басылатын «Екпінді құрылыс» газетінде жұмыс істей бастайды.



Жас Қасым қара сөздің шебері ғана емес, әншілік, әртістік өнермен қатар, домбыра, мандолина сынды музыкалық аспаптардың құлағында ойнайтын «сегіз қырлы, бір сырлы» ақын болған. Қасым Аманжолов 1935-1936 жылдары аралығында Орал қаласындағы қазақ театрында қызмет етеді. Осы сәт Қасым өміріңдегі ең қымбат шақ болып сақталып қалады.



Ал 1938 жылы Қасым Аманжоловтың «Өмір сыры» атты өлеңдер жинағы жарық көреді. Осы өлеңдер жинағында жас ақынның отты жырлары өзіндік сипатқа тән болатын. Мәселен,



 



Ішім пысты, жалықтым,



Жүре алман енді аяңдап.



Кенде қаппын, жаңа ұқтым,



Не болса соған аяңдап –



 



немесе:



 



Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,



Қайрат шіркін алып шықса, қиын ба!..



Жығылам деп жүре алмаймын жай басып,



Жүгіремін киіп-жарып, айқасып.



Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар,



Іш пыстырып, жалт-жұлт қарап, жай басып



Жығылсам да, жүгірумен өтемін,



Аяңшылдың ақылын мен не етемін.



Жығылармын, алқынармын, шаршармын,



Барар жерге бұрынырақ жетермін, -



 



деген өлең жолдары Қасым Аманжоловтың тума талант иесі екендігінің бірден-бір дәлелі іспеттес. Сонымен қатар, 30-жылдары Қасым Аманжолов  А.Пушкин, М.Лермонтов, Т.Шевченко, Дж.Байрон, В.Маяковский туындыларын жоғары дәрежеде аударып, бұл салада да өз шеберлігімен тәнті етеді. Қасымның еңбегімен А.С. Пушкиннің «Полтава», М.Ю. Лермонтовтың «Маскарад», А.Т. Твардовскийдің «Василий Теркин», Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмалары, Т. Г. Шевченконың, В. В. Маяковскийдің өлеңдері қазақ тіліне тәржімаланған.



Бұл тәжірибе ақынның поэзиядағы жаңа қырын ашқандай болды. 1939-1940 жылдар «Нар тәуекел», «Бурабай толқындары», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Сұлтанмахмұт туралы баллада», «Өз елім», «Ғашық едім қайтейін» сынды ерекше сипатқа ие керемет туындылар жарық көреді. Сондай-ақ, «Құпия қыз», «Бикеш» (алғашқы атауы «Азғынбаев») атты алғашқы поэмалары жазылады. Қасым Аманжолов қазақ поэзиясына он буынды өлең түрін енгізіп, тұрақтандырған. Сондай-ақ,  1937 жылы Александр Пушкиннің қайтыс болғанына жүз жыл толуына арналған «Ақынның ескерткішіне», 1941 жылғы «Отан үшін жан пида!» өлеңдері 15 буынмен жазылса, 1937 жылы жарық көрген «Руставели Шотаға» өлеңі 16 буынмен шығарылған.



1941 жылы Қасым Аманжолов армия қатарына шақырылады. Сол уақытта ақынның қыл қаламынан «Мазасыз музыка», «Қоштасу», «Бейсекештің бес ұлы» сынды әсерлі туындылар жарық көреді. 1941-1943 жылдары Қасым Қиыр Шығыста болады, кейін 1943 жылы батыс майданға ауыстырылып, соғыс аяқталғанға дейін алдыңғы шепте болады. Соғыс жылдары Қасым Аманжолов «Елге хат» (бес бөлімнен тұратын ұзақ толғау), «Ұлы күтіс», «Үстімде сұр шинелім», «Подполковник Әлпинге», «Қапанға», «Сәбитке», «Ғалиға жауап», «Қызғалдақ», «Сен фашиссің, мен қазақпын», «Дариға, сол қыз» атты хрестоматиялық өлеңдері мен әйгілі «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын жазады. Ғ.Мүсірепов Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын қазақ поэзиясындағы жаңа бетбұрыс деп бағалаған.



Қан майданда жаумен арпалысып жүрген қайсар мінез ақын жігіттің қаламынан отты жырлар жарық көреді. Сонымен қатар, Қасым соғыстың кейпін шынайы бейнелеп, осындай сынға толы сәттерде ерліктің маңыздылығын паш етеді.



 



Жылдап бір жүріп, қан жұтқан,



Адамды қылғып тірідей.



Түскендей жерге "тамұқтан"



Қап-қара алып бір дүлей.



Ырсиып темір тістерін,



Жалақтап, жалмап, жұтынып,



Істеп бір алып істерін,



Тұр әлі тоймай құтырып, - десе,



 



Өлім – жауым, өмір – дос,



Неге өлейін бостан бос,



 





 



немесе:



 



Қорықпаймын жұтар деп оқ,



Қаршыға жаз жүрегім.



Қорықпаймын бір есерсоқ,



Салар деп қан шеңгелін.



Қорықпаймын жұрт сөзінен



«Тым арзан өлді» деген, - деп ерлікті жоғары бағалайды.



 



Ақынның «Қапанға» деген өлеңінде соғыс алаңындағы жас солдаттың ішкі жан толғауы, өмірі мен сезімі, көңіл-күйі айқын бейнеленген. Ал қазақтың қайсар ұлы, қаһарман батыры Бауыржан Момышұлына арнаған «Бауыржан» атты өлеңінде:



 



Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,



Теңселтіп темір топан дүние жүзін.



Бетіне туған жердің өшпестей ғып,



Ер жазды өз қанымен жүрген ізін.



Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін,



Атағы атын алып келді бұрын.



Үстінде туған елдің тұрды толқып



«Бауыржан Момышұлы» деген бір үн.



Ақынның ақ сұңқардай жүрегі бар



Алқындым, бір көруге болып кұмар



Көктемде күркіреген күн дауысын,



Жер естіп, желкілдеген гүл ынтызар, - деп ағынан жарылады.



1947 жылы Қасым Аманжолов сырқаттанып қалады. Дегенмен де, қайсар мінезді ақынның қаламынан он шақты өлең жарық көреді, сонымен қатар, «Біздің дастар» поэмасы бастау алады. Сол уақытта  М.Лермонтовтың «Маскарад» драмасы, А.Твардовскийдің әйгілі «Василий Теркин» атты ұзақ та күрделі поэмасы жоғары дәрежеде аударылады.



1948 жыл Қасым Аманжолов шығармашылығындағы ең табысты жыл болады. Ол «Дауыл» атты жинағын шығарады. «Социалистік Қазақстан» газетінде дара ақын, поэзия саттары Әбділда Тәжібаев «Дауылды жырлар» деген мақала жазып, Қасым Аманжоловтың осы жинағына аса жоғары баға береді. Сонымен қатар, осы жылдары Қасымның «Балбөбек», «Нұрлы дүние» жинақтары да басылып шығады. Ал 1952 жылы «Таңдамалы шығармалары» туындысы жарық көреді. 1954 жылы Қасым Аманжоловтың атақты «Өзім туралы» толғауын аяқталады. Бүгінде бұл туындының көп оқырман жатқа білетіндігі хақ:



 



Ризамын туғаныма адам болып,



Өкінбен қаламын деп бір күн солып.



Адамзат сапарының мейманымыз



Бір мезет жер бетіне кетер соғып.



 



Бір күні от өмірім қалса өшіп,



Қайран ел туған жерден кетпес көшіп.



Торқадай жамылып ап топырағын,



Жатармын өз жерімде бір төмпешік.



 



Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,



Өкінем ұқсата алмай келемін деп.



Күніне жүз ойланып, мың толғанам



Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп...



 



1946 жылы Қасым Аманжоловтың өлеңдері «Гроза» деген атпен, ал 1949 жылы «Стихи» деген атпен орыс тіліндегі жеке кітап болып жарық көреді. Қасым Аманжолов 1955 жылғы 17 қаңтарда ұзақ уақыт аяғынан шалып келген дерттен қайтыс болады. Өмірінің соңғы жылдарында Қасым Аманжолов өмір мен өлім туралы, азаматтық борыш пен ақындықтың мәні туралы көп толғанады.



Қасым Аманжоловтың өз туған жеріне, Отанына деген ыстық пейілі мен сүйіспеншілігі өлең шумақтарынан сезіледі. Мысалы, «Туған жер» атты өлеңінде перзенттік сағыныш пен сүйіспеншілік үлкен сезіммен бейнеленген.  



 



Шықшы тауға, қарашы кең далаға,



Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға.



О шеті мен бұ шетіне жүгірсең,



Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?



Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің!



Нендей күйге жүрегімді бөледің!



Сенде тудым, сенде өстім, сенде өлсем, -



Арманым жоқ бұл дүниеде, - дейді ақиық Ақын.



 



Ал, мына бір өлең жолдарында:



 



Өмірге ендім еңбектеп,



Шалқалап әкем шықты үйден.



Жетімдік тағдыр жетті ептеп,



Қабағын жаба түксиген.



Өмірден үміт жоқ өзге,



Даланың тердім тезегін.



Әкем боп таптың сол кезде,



Қайран да менің өз елім, - деп Қасым Аманжолов Отанға деген ерекше сезімін жырмен  жырлайды.



 



Өздеріңіз білетіндей, сұм соғыстан кейін халық шаурашылығы қарқынды түрде қолға алынды. Халықтың әлеуметтік әл-ахуалын ойлаған Қасым Аманжолов «Соғыстан соңғы бесжылдық» атты өлеңімен елді бірлікпен тірлік етуге шақырады.



 



Қасқара шықты майданға,



Қасақы жауды мерт кылдық.



Халқымыз анттан тайған ба,



Құлшына түстік, серт қылдық.



Қираған сәнді қаламыз,



Қаусаған алып заводтар.



Құлпыртып қайта саламыз,



Жағамыз, – дедік, – жаңа оттар!



Өртенген орман, күйінбе,



Сені де қайта егеміз.



Баяғы балғын күйіңе



Келесің қайта дегеміз!



Қайғырма, туған жеріміз,



Жиренген жауың жеңілді.



Бөлейміз нуға сені біз,



Жайқалтып алтын егінді.



 



Нұрлы дүние – думанды елім,



Жарқылдайсың жас айбынмен.



Бір сен үшін туған едім,



Бір сен үшін жасаймын мен,



 



– деп жазады Қасым Аманжолов. Өр мінезді ақынның рухты жырлары жасай берсін!


ruh.kz
qabylan.kz