1 Желтоқсан, 2018
Қазақтың тұңғыш ғарышкері – Тоқтар Әубәкіров

Жер бетіндегі батырлық дәргейінің жөні бір бөлек. Ал аспанда, тартылыс күші жоқ ашық ғарышта жұмыс жасау – нағыз ерлік. Осы іспетті қайтар-қайтпасы екіталай, қайтқан жағдайда да денсаулығы сол қалпында оралары белгісіз жолға көзді жұмыс тұрып аттанып кету – ерлік емей немене?


Қазақ топырағында туып, қазақ жерінде өскен осындай батырлардың бірі – Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров.



Біз осы уақытқа дейін Қазақстанның дамуына, қазақ ұлтының бейбіт һәм ынтымақты ел болуына елеулі әсер еткен тұлғаларға жеке-жеке тоқталып, олардың өмірінің жарқын сәттерін оқырман назарына ұсынып келеміз.



Осы лектің кезекті кейіпкері – 1991 жылдың 2-қазанында «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ашық ғарышқа ұшқан Тоқтар Әубәкіров.



Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27-шілдеде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында ұсталар отбасында дүниеге келген. Әкесі Оңғарбай мен анасы Кәмила бір кәсіпті дөңгелеткен қарапайым жандар еді.



Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін, Мәскеу авиация институтын бітірген Тоқтар тарихта КСРО-ның 72-ші, әлемнің 256-шы ғарышкері болып саналады.



Бала шақта аспанда артына бұлт тастап ұшқан ұшақтар жолына қарап, ұшқыш-ғарышкер болуды армандайтынымыз бегілі. Осындай бала күнгі арман жолында нақты мақсаттармен жүріп, үлкен ізденіс нәтижесінде арманын шындыққа айналдырды.



Анасының айтуынша, ол бала күнінен оқу-білімге құмар болып, өзін-өзі дамытудан шаршамаған.



Отар мемлекеттің азаматын сол уақытта КСРО атынан ашық ғарышқа жіберу – ойлау түгілі түсіңе енбейтін дүние. Бірақ Тоқтар Оңғарбайұлының біліктілігі, теориялық білімі, мықты денсаулығы басшылық тарапты бей-жай қалдырмады.



Ғарышкер болу – бірнеше ай дайындық арқылы жүзеге аса салатын қадам емес. Бұл дәреженің биігіне шығу үшін, алдымен, бірнеше жылдық теориялық және практикалық білім һәм тәжірибе керек.



Міне, осы жаттығулардың барлығын өткерген адам нағыз спортшыдан кем түспейді. Осы жолдардың барлығынан өткен Тоқтар ағамызға да Қазақстанның спорт шебері деген атақ берілген. Бұл атақты Тоқтар Оңғарбайұлына Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда сол уақыттағы еліміздің спорт саласының басында жүрген Темірхан Досмұхамбетов берген.



Тоқтар Әубәкіровтың басшылықта, яғни, 1996-1997 жылдары ҚР Президентінің Көмекшісі, 1997-2000 жылдары ҚР Президентінің Кеңесшісі, 2003 Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты секілді үлкен қызметтерді абыроймен атқарып, халық ықыласына бөленді.



Қазақ «Тәуекел ет те, тас жұт» дейді. Ер адамның ең басты серігі ол тәуекел. Тәуекелге екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтіні анық. 1965 жылы әуе қорғанысына қарсы ұшқыштар даярлайтын Армавир жоғары әскери авиация училищесіне түсу үшін де үлкен тәуекел керек еді. Бірақ ержүрек Тоқтарды ол да тоқтата алмады.



Әскери авиация училищесіне оқуға түседі. Аты аталған училищені 1969 жылы бітірген соң КСРО әскери-қарулы күштерінде Қиыр Шығыста, Амурдағы Комсомольск қаласында әскери қызметін жалғастыра береді. Сонда СУ-15 ұшағымен ұша бастайды. Төрт жылғы әскери қызметінде Тоқтар ерекше қабілетімен көзге түседі. Қиыр Шығыстағы ең үздік ұшқыш атанады. Сондағы авиация зауытына жиі барып, сынақшы-ұшқыштармен танысады. Олар әңгіме арасында егер сен  эскадрилия командирі болсаң, сынаққа мүлдем жібермей қояды деген сөзді айтады. Өзін сынақшы-ұшқыштар мектебіне ауыстыруды өтініп, қайта-қайта сұранады.



Өтініші қанағаттандырылмай, арызы кейін қайтарыла берген соң «жығылсаң нардан жығыл” дегендей, Тоқтар ағамыздың ойына керемет бір идея сап ете қалады. Ол дереу Қонаевқа хат жазу қажет деп шешеді. Отыра қалып, хат жаза бастайды. «Мен, Тоқтар Әубәкіров, аға лейтенантпын. Сынақшы-ұшқыш болғым келеді. Оған денсаулығым да, білімім де жетеді. Барлық сынақты ойдағыдай тапсырдым. Бірақ Қорғаныс министрлігі мені бұл жаққа жіберетін емес. Қазақтың бір баласы сынақшы-ұшқыш болса, несі жаман? Маған осындай мүмкіндік жасауға қол ұшын беріңіз», - деп үшбу хатты жолдап кеп жібереді.



Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ол кезде Коммунистік партия Орталық комитетінің Саяси бюросының мүшесі Л.Брежневтің досы. Хат жоғарыға жетіп, өтініш қанағаттандырылады. КСРО Қорғаныс министрі А.Гречконың тапсырмасы бойынша Тоқтар Әубәкіровті Авиация өнеркәсібі министрлігіне ауыстыру туралы жоғары жақтан пәрмен келіп түседі. Сөйтіп, Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1976 жылы Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін, 1979жылы Мәскеу авиация институтын бітірген. 1976-1992 жылдар аралығында Мәскеудегі А.И. Микоян атындағы тәжірибелік-конcтрукторлық  бюроның ұшқыш-сынақшысы қызметін атқарды.



1976жылы Мәскеудегі А.И.Микоян атындағы тәжірибелік-конструкторлық бюроға ұшқыш-сынақшы болып орналасты. Сол жерде көптеген сынақшы-ұшқыштармен танысып, небір асау әуе тұлпарын ерттеп міне бастайды. Былай қарағанда өмірбаян беттеріне тізбектелген осы жылдар оп-оңай өте шыққан сияқты.  Бұл тұста Тоқтар үшін өмір мен өлім ылғи қатар беттесіп отырыпты. Өйткені сынақшы дегеніміз беймәлім дүниені сынақтан өткізу. Әрбір сынақта ұшақты емес адам өмірін сынақтан өткізіп отырды деуге болады.



Бірақ жаужүрек, батыл, қазақ жігіті үшін бұл нағыз намыс сынағы болды. Кеңестік идеологияның шарықтап тұрған кезінде Тоқтар атамызға небір ауыр сөздерді естуіне тура келді. Тоқтар атамыз кеудесін тік көтеріп нағыз қазақтың қайтпас-қайсар мінезімен өзінің кім екнін дәлелдей білді. А.И.Микоян атындағы авиаконструкторлар бюросының бір құжатында бұрынғы Одақтың 26 сынақшы-ұшқышы болғандардың ішіне Қазақстаннан жалғыз Тоқтар Әубәкіров қана ілігіпті. Солардың 9-ы сынақ кезінде апатқа ұшырап, қаза тапқан. Ал, қалғандары батыр атағына ие болған. Тоқтар атамыз солардың бірі болыпты.



Тоқтар атамыз бір естелігінде 1977 жылы 17 ұшқыш-сынақшыдан айырылып қалғанын, сонда аэродромнын босап қалғанын айтқан. Өмір мен өлім арасында жүрген Тоқтар атамыз өзінің қайсар мінезінің арқасында алға қойған мақсатына жетуге ұмтылды, жетті де. Тоқтар атамыз МИГ-23 ұшағынан бастап МИГ-29 ұшағына дейін түгел сынақтан өткізді.



Т. Әубәкіров 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде қонбай ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1989 жылы бірінші болып авиатасушы крейсердің алаңқайшасына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. Гиннесстің рекордтар кітабына кірген ерлігін де осы ұшақпен жасады. «Тбилиси» крейсерінен жаңа әдіспен ұшақты көкке көтеру оқиғасына бүкіл әлем көз тікті десе де болады.



Кеңес ұшағы лып етіп көтеріле ала ма, жоқ бұрқ етіп жоқ бола ма деп бүкіл дүние жүзінің мамандары демін ішіне тартып, қарап тұрған еді. Тоқтар Әубәкіровке крейсердің қамзолдың етегіндей қып-қысқа ұшаңқайынан МИГ-29 ұшағын лып еткізіп көкке көтеру міндет болды. Жаңа әдістің ерекшелігі сонда: ұшақ құдды трамплиннен түскендей төмен лықсып келіп, дүр етіп ұша жөнелген кептердей тез көтеріліп кетуі керек. Барлық мәселені секундтар ғана шешеді. Ұшақтың моторына байланысты. Сәл іркіліс болса, бітті: ұшақ судың астына кіріп кетеді. А деп ауыз ашқанша құйрығы қайқаң етіп зеңгір көктен көрінетін дыбыстан жылдам ұшқыр ұшақты сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров сонда зыр-р еткізіп, көтеріп үлгерді. Асқан дәлдікпен аядай жерге ұшақты қайта қондыру да ғаламат ерлік болатын. Авиация тарихында бірінші рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырғаны үшін Тоқтардың бұл ерлігі Гиннесстің рекордтар кітабына енгізілді. Бұл 1989 жылдың 1 қарашасында болған оқиға еді.



МИГ-29 ұшағын ұшырмас бұрын КСРО президенті М.С.Горбачев орталық комитеттін кезекті бір жиналысында әскери авиацияның басшысынан, осы ұшақты ұшыратын орыс азаматы табылмады ма дегенде, әскери авиация басшысы орыс авиациясын қанмен былғамай 1-сыныптағы ұшқыш-сынақшы Т.Әубәкіровты жіберейік деген ұсыныс айтылады. Абырой болғанда Т.Әубәкіров өзіне қойылған міндетті абыроймен атқарып шықты. Сондай-ақ, ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді.1988 жылы бірқатар сынақ ұшуларын сәтті өткізгені үшін Кеңесовет Одағының Батыры атағы беріледі.



Қиыр Шығыста жүріп Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа хат жазу, онда да қазақтың бір баласының сынақшы-ұшқыш болса, несі айып, – деп мәселені төтесінен қою үшін де жүрек жұтқан батырлық керек. Егер сонда Тоқтар атамыз солай тәуекел етпесе, қатардағы көп ұшқыштың бірі болып қала берер ме еді деген ой туындайды. Өмір жолы мүлде басқаша қалыптасар ма еді кім білсін. Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атамыздың Тоқтар Әубәкіровтің ерлігіне тәнті болғанда айтқан сөзіне қосыла бас иземеске амал жоқ



«Мынау деген кез келген ғарышкер-ұшқышыңыз сынақшы-ұшқыш бола алмайды. Былай қарасаң, олардың дәрежелерінің бір-бірінен еш кемістігі, не артықшылығы жоқ. Тек, ғарышкерлер елдің алдында, халықтың алдында жүретін топ, ал сынақшылар құпия өмір сүреді. Сынақшы мен ұшқыштың ара-жігін ажыратып алу керек. Мәселе – олардың қызметінің сынақшылық құпиялылығында да емес, бар мәселе – олардың жүрегінде. Ең алдымен, жүрек керек».



Тоқтар Әубәкіров өз естеліктерінің бірінде А.И.Микоян атындағы авиаконструкторлар мекемесінде қызмет жасап жүргенде өзінің құжатында жүргізуші деп жазылғанын айтқан болатын. Осылайша Тоқтар атамыздың еңбегі елеусіз қалмай Кеңес Одағының бірнеше марапаттарына ие болды. Соның ішінде ең елеулі марапаттарының бірі ол Кеңес Одағының Батыры атағын алуы. Мұның бәрі қажырлы еңбек пен төзімділіктің арқасы.



Тоқтар Әубәкіров санасында Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның кейпі нықтап орнаған. Ол, тіпті, тарих сахнасынан біржола жоғалған КСРО үкіметі берген сыйлықтарын да марапаттары қатарына қосуды қаламайды.



«Бүгінде Қазақстан, Құдайға шүкір, тәуелсіз, дербес мемлекет. Өзіміздің Ата заңымыз, мемлекеттік рәміздеріміз бар. Сондай-ақ, елдің атын шығарған, ерлік жасаған азаматтарға берілетін мемлекеттік марапаттарымыз да жоқ емес. Ал, КСРО тарих сахнасында жоқ мемлекет. Ол туралы тек өткен шақта айтылады. Яғни, қазіргі таңда сол кезде алған атақ-дәрежелердің маңызы шамалы. Тіпті мен үшін ешқандай маңызы жоқ десем де болады. Сол себепті, ол туралы айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын», - деп емеурін танытқан ғарышкер тұлға баспасөздердің біріне берген сұхбатында.



Міне, қазақтың намысын, қазақтың ұлттық рухын бойына сіңіріп, түпсіз ғарышқа түңілмей бет алған батырдың тұлғалық болмысы – осы.



Батырын төрге шығарып, еркелігін ауырсынбай көтеріп келе жатқан қазақ халқының дәстүрлі қағидасы бүгінгі күні де бұзылмауы тиіс. Өйткені, батыр – елдің айнасы, елдің бет-әлпеті, ұлттың найзасы, халықтың қалқаны.



Батырының даңқын көтерген халықты ешбір жау ала алмасы хақ.  


Ruh.kz
El.kz