21 Қараша, 2019
«KAZBAT» көркем фильмі

Шымкентте «KAZBAT» көркем фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті. Фильм Қазақстан Республикасы әскери қызметшілерінің тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік мақсатта қызмет атқару барысында, 1995 жылы көктемде бастарынан өткерген шынайы оқиғаны баяндайды.


Шымкентте «KAZBAT» көркем фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті. Фильм Қазақстан Республикасы әскери қызметшілерінің тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік мақсатта қызмет атқару барысында, 1995 жылы көктемде бастарынан өткерген шынайы оқиғаны баяндайды.

Сол жылдың 7 сәуір күні Пшихарв шатқалында Қазақстан Ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылынан от пен оқтың құрсауына түсіп қалған болатын. Жаудың күші басым болған ұрыста 17 әскери қызметші оққа ұшып, 33-і жараланған еді. Ауған жағынан шабуыл жасаған Тәжікстандағы заңсыз оппозицияның содырлары бір сағаттың ішінде Тәжікстан аумағына өтіп кетуді жоспарлаған. Бірақ оларға қарсы шабуылдың өте күшті болғандығынан, бессағаттық қарулы қақтығыстан кейін содырлар кері шегінуге мәжбүр болды. 

77131075_2911558848854108_6743776112796499968_o.jpg

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ішкі әскердің қазіргі мұрагері – Қазақстанның Ұлттық ұланы өзінің батырларын ешқашан ұмытпайды. Олардың ерлігін экранға шығару арқылы қаза болған жауынгерлерге құрмет білдіріп, ел есінде қалдыруды көздеп отыр.

Фильмнің идеясын Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов ұсынған. Ал фильм режиссері – Асқар Ұзабаев, фильмнің қоюшы бас операторы – Максим Задарновский.

Фильмде танымал, талантты актерлер Дәурен Серғазин мен Ринат Дошибеков, жас актерлер – Халық Рахат, Дияс Мырзахмет, Шарифбек Закиров және Индира Шынболатқызы рөлдерді сомдайды. 

76732166_151860222760298_1386107253475508224_o.jpg

Ал көркем фильм ертеңнен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Фильмнің теледидарға арналған нұсқасы келесі жылы 7-сәуірден бастап, аталған қарулы қақтығыстың 25 жылдығына орай «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіле бастайды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 17 сарбаздың бесеуіне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, он екісіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі қаза болған соң берілді. Сондай-ақ, олардың барлығына да Ресейдің «За отличие в службе» медалі қаза болған соң берілді.

Тәжік халқына көрсеткен көмегі үшін қазақстандық жауынгерлерге құрмет ретінде Душанбеде монумент тұрғызылды. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында «Отан-Ана» монументі қасынан Ішкі әскердің 17 сарбазына арналған аллея ашылып, ескерткіш бағана орнатылған. Сонымен қатар Шымкент, Петропавл және басқа қалаларда батырларға ескерткіш қойылған.

Шымкент қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі