10 Сәуір, 2018
«Кеме қалған» аумағына 1300-ге тарта ағаш көшеттері отырғызылды

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қазығұрт ауданында «Кеме қалған» киелі орнының айналасын көріктендіру, көгалдандыруға облыс жастары атсалысты.


Бұл іс шараға Оңтүстік Қазақстан обылыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бастамасымен отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйытқы болды. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген қағидамен ауданның ақсақалдары игі бастаманы  бастап, іс-шараға атсалысып жүрген жастарға ақ батасын берді.



– Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі өзегіне айналған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қасиетті жерлеріміздің мерейін тасытуда. Оған дәлел, тіршіліктің басталған жері – Қазығұрттың Кеме қалған жерінің көгалдандырылып, көпшіліктің келуіне лайықты жағдай жасалуы болып тұр. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Киелі орындарымыз – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыз екенің ұмытпаумыз керек. Бүгінгі жасап жатқан жұмыстарымыз ертеңіміз үшін жарқын істерге айналсын – деді, Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асанбай Омаров.   



"Қазақстанның киелі жерлері географиясы" республикалық жобасы аясында облыстағы 24 киелі орындарды көгалдандыруға жастар мен азаматтарды жұмылдыру арқылы өз Отанына, туған жеріне сүйіспеншілігін арттыруды көздеген шарада 1300-ге тарта түрлі ағаш-көшеттері отырғызылды.       



Республика бойынша алғаш рет қолға алынған іс-шараның ерекшелілігі — киелі орындарды көркейтумен қатар, зиярат етуге лайықты жағдай жасау.

Аталған мерекелік думанға 1000-ға жуық еріктілер қатысып, «Кеме қалған» аумағына 1300-ге тарта ағаш көшеттерін отырғызды. Сонымен қатар, белсенді жастар жыл басы Наурыздың дәмді асы – наурыз көжеден дәм татып, ұлттық жөн-жоралғыларды тамашалады. Айта кетерлігі, биыл Оңтүстік Қазақстан облысының  Наурыз мейрамы  тіршілік көзі бастау алған киелі Қазығұрт тауының етегінде өтеді.


ruh.kz
Кеме қалған