22 Маусым, 2019
КЕНЕННІҢ КӨЗІН КӨРГЕНДЕР

Кенен Әзірбаевтың туғанына 135 жыл толуына орай ізін басқан інілерінің естелігінен

Ғасырға жуық ғұмыр кешіп, оның сексен жылын ақындықпен өткізген Кененнің өмір жолдары да, шығармашылық шежіресі де өте күрделі. Ол Жамбыл ұстазы сияқты екі дәуірді басынан өткерген замана жыршысы, туған халқының кешегі һәм бүгінгі өмір тұрмысын, әдет, салт, дәстүрін поэзия тілімен де, музыка үнімен де өрнектеген үлкен дарын иесі. Ол ең алдымен әнші ақын – Балуан Шолақ, Біржан сал, Ақан сері, Дәурен сал, Тәкен салдардың өнерін осы заманға жалғастырған сал-серінің соңғы өкілі.    

Ұстаздары да жалпақ елге аттары әйгілі Жамбыл, Сарбас, Тоқтағұл, Қалмырза, Тоголок, Орымбай және тұстастары Шашубай, Сауытбек, Кенжеқожа, Үмбетәлі, Есдәулет, Әмір, Өмірзақ, Бармақ, Әбдіғали, қырғыз ыршылары Оспанқұл, Әлімқұл, Қалық, Төкпе сияқты кілең өнерпаз, дастангер, дүлділ айтыскер ақындар. Кенен сонымен бірге замана шежіресін, ел арасындағы аңыз әңгіме, шешендік сөз, нақыл, терме-жырларды жадында мол сақтап, өзінен кейінгі үрім-бұтаққа жеткізген, көпті көрген көңілі сара көнекөз. Оның шежірешілдігіне кітаптарда өз айтуынан баян етілгені көзі қарақты оқырман қауымына бағзыдан белгілі Ноғайбай, Кебекбай, Бөлтірік, Бердібек шешендер мен Қордай, Сыпатай батырлар жөніндегі хикаялары дәлел.

Оқушы қауым Кенен Әзірбаев жайлы жазылған кітаптарынан тек қана Кенен ақынның өнегелі өмірімен, поэзиясымен ғана танысып қоймайды, сонымен бірге оның ақындық ортасымен, алды-артындағы ұстаздарымен, тұтас ақын-жыршылар, әнші-күйшілер, би, шешендер және өзінің шәкірттері жөнінде де қызықты мағлұматтар таба алады.

Ежелден ақындық пен жыршылықтың, сал-серілік өнердің кеніші іспетті Жетісу топырағының Сүйінбайлар дәстүрін жалғастырушы дүлділ перзенті ауыз әдебиетінің кәусар тұнығынан сусындап, бойындағы тағылымды талантын халық игілігіне жұмсаған ақын, композитор және күміс көмейлі, жез таңдайлы әнші Кенен Әзірбаевтың ір қырынан мол мағлұмат жинап, Кенен ақынның көзі тірісінде өз аузынан жазып алып «Тоқсан толғау» деректі ғұмырнамалық эссе өмірбаяндық әңгімелер мен шежірелерге, соны да шынайы айтыс үлгілеріне толыққан. М.Жолдасбеков пен Н.Төреқұлов арда азаматтың өшпес ізін халық игілігіне жоғарыда айтылған атпен 1992 жылы тарту етті. Кененді сағынған қауым ақынға деген сағынышын аталмыш кітаптардан баса алады.

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ХАЛЫҚ КҮЙЛЕРІНІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

 

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz