2 Наурыз, 2018
Керекуде «Күй тартыс» домбыра байқауы мәресіне жетті

Бүгін, Павлодар қаласының Михаил Максимович Катаев атындағы облыстық Оқушылар сарайында «Күй тартыс-2018» домбыра орындаушылардың облыстық конкурсы өз мәресіне жетті.



 «Нағыз қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ домбыра…»




Байқаудың мақсаты - балалардың арасында қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлеріне қызығушылықтарын дамыту, жас дарындарды анықтау, өскелең ұрпақтың әсемдік сезімін тәрбиелеу және халық өнерін насихаттау.



Финалға №7, 20, 22, 25 және 37 жалпы орта білім беру мектептерінің оқушылары, Құрманғазы атындағы музыка мектебінің және М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының «Жас екпін» үлгілі  домбыра оркестрінің тәрбиеленушілері жолдама алған болатын.



«Нағыз қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ домбыра…» демекші, қазылар алқасы ең үздік қазақ күйлерін орындайтын жеке күйшілерді таңдады. Аталмыш күй орындаушылар байқауында жас ақындар жекпе-жек кездесті. Көрермендер Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», «Сары-арқа», Дәулеткерейдің «Түркімен», Желдібаевтің «Ерке сылқым», Дина Нүрпейісованың «Той бастар» атты тамаша күйлерін тыңдады.



 



Қазылар алқасы танымал қазақ күйлерін ең үздік орындаған қатысушыларды анықтады.



Бас жүлде  - Бақытова Айшат, Павлодар қаласы, Құрманғазы атындағы музыкалық мектебі.



1 орын - Серіков Арман, Екібастұз қаласы, Глинки атындағы  музыка мектебі. 



2 орын - Аубакиров Айдос, Павлодар қаласының  №  2 ЖОМ.



2 орын - Сахиева Дариға, Павлодар қаласының  №  35 ЖОМ.



3 орын - Ильяшова Айша, Ертіс ауданы, Балалар өнер мектебі.



3 орын – Тоқтабаева Асемгуль, М.М.Катаев атындағы Оқушылар сарайы, «Жас екпін» домбыра ансамбілі.




Мен осыдан 8 жыл қатарынан домбыра ойнаумен айналысып келемін. Бірнеше жылдар бұрын осындай байқауға қатысып, екінші орын алғаным есімде. Сол кезде бас жүлдеге әлі келемін, деп өзіме уәде бергенмін. Міне бүгін бас жүлде иегері атанып отырмын, - деді Айшат Бақытова. 




«Күй тартыс-2018» домбыра орындаушылар облыстық конкурсының басты ерекшелігі ұлттық аспаптар мұрасын сақтау, ұлттық дәстүрлерді жалғастыру, рухани құндылығымызды дәріптеу.



Бас жүлде иегері кубокқа иеленіп, жеңімпаздар – дипломдарға, ал барлық қатысқан белсенді қатысушылар сертификаттарға ие болды.


ruh.kz.