19 Қыркүйек, 2017
Керуленнен аққан бір тамшы Кеңгірге келіп құйғандай 

Бұл даланың төсінде бүгін аран құрып атойлап аң қуған жоқпыз, бірақ ақылға жүгініп, тарихтың ақтаңдақтарын іздедік. Бұл даланың төсінде бүгін жер танабын қуырып құлан жортқан жоқ, бірақ біз мінген заманауи техникалар қара жерде қайықтай жүйткіді. Бұл даланың төсінде бүгін осыдан сегіз ғасыр бұрынғы Жошы ханның жер қайысқан сарбаздары болған жоқ, бірақ сол бір тарихи күндердің сырын шерткісі келгендей бұлаңқұйрық сағым ойнайды. Бұл даланың төсінде бүгін құлан қуған Жошының ізі жоқ, бірақ сол Жошы ханның ізін іздеген ұрпағының жолы сайрап жатыр...


Кентай...



Түркі тектінің кіндігі байланған киелі мекен.



Бұл сапар дәстүрге айналған. Осыдан бір жыл бұрын Орталық Моңғолияның Шивээт Улаан өлкесіне де табан тіреген. Биылғысы қасиетті Кентайдан бастау алды. Осыдан бір ай бұрын Кентайдан басталған экспедиция қазақ топырағына да келіп жетті.



Астанадан аттанған 11 елдің өкілі «ұлт ұясы» Ұлытауға бет алдық. Жолбасшымыз – Халықаралық Түрік академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі. Сапарға мұрындық болып, ұйымдастырып отырған да аталмыш ұйым. Қазақтың ғана емес, исі түркінің жоғын жоқтауды көздеген академияның атқарып жатқан жұмысы аз емес. Кентайдан Ұлытауға дейін жалғасар сапар соның бір парасы ғана.



Астанадан шыға берістегі ақ тұман ішімізді қылпылдатып жібергенін несін жасырайық. Астананың әлпеті мынау, Ұлытауда қар жауып тұрмаса не қылсын деген күдік көкейге келген. Бірақ олай болмады... Сарыарқаның салқар төсі бізді күле қарсы алды.



Иә, бұл жерде Астана мен Жезқазған арасындағы 700 шақырымнан астам жолдың жырын айтпай-ақ қояйық, ол онсызда баршаға аян мәселе.



Осы жерде сапар мақсатына сәл тоқталғанымыз артық болмас.



Кентай аймағы Шығыс Моңғолияда орналасқан. Кентай, Бұрқын Қалдун тауларының ортасында, Онон, Керулен өзендерінің бастауында оналасқан. «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» ІІІ халықаралық экспедициясы осы Кентай жотасынан бастау алды.



https://baq.kz/storage/b2/b22ec605e7ae413b0ee03da1cdb250c2.jpg" style="height: 500px; width: 900px;" />



(Кентай жотасы, Бұрқын Қалдуын тауы)



Естеріңізде болса, бір кезде осы Кентайдағы Бұрқын Қалдун (Бурхан Халдуун) жотасынан Шыңғысханның бейіті табылды деген ақпарат тараған болатын. Бұл жайлы https://baq.kz/kk/news/ruhani_zhangiru/bani_men_baki_arasi_nemese_zhoshi_hannin_zhumbagi20170918_140800" rel="nofollow">«Фәни мен бақи арасы немесе Жошы ханның жұмбағы» бөлімінде толығырақ айтатын боламыз.



Елбасының «рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған бұл экспедиция Керуленнен Кеңгіреге (Жезқазғанға) келіп жетті. «Қырымның қырық батыры» эпосының ізімен таныстырар болсақ, бұл құрамның ішінде Моңғолия ұлттық музейі директорының орынбасары Баярсайхан Жамсранжав бар, ноғайлыдан қалған көздей боп РФ Жоғарғы кеңес комитеті төрағасының орынбасары Мурад Заргишиев келді, Арқаның тарихын, алаштың ақиқатын бір атамдай тарқатқан Ақселеуден қалған көз – ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейінің директоры Перизат Ақселеуқызы да осы топтың ішінде. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университенінен Айболат Құшқымбаев, Қырғызстандағы Манас унисерситетінің түркологы Нурдин Усеев, ҚР Парламенті Сенаты Аппараты Басшысының орынбасары Дархан Жазықбаев, Әзербайжан Ұлттық академиясының жетекші ғылыми қызметкері Азад Зейналов, Түркиядағы «NTV» телеарнасының бағдарлама редакторы Зорлу Күршад, «Discovery Azerbaijan» бас редакторы Аида Эйвазова, «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали, «Қазақ радиолары» ЖШС директоры Мәди Манатбек, «Qazcontent» АҚ басшысының орынбасары Марат Иғали, қазақстандық түркітанушылар Нәпіл Бәзілхан, Ақеділ Тойшан т.б. болды.



Жалпы құрамы 40-қа жуық мүшесі бар экспедиция сапарының алғашқы күні Жезқазған қаласына жетті. Керулен мен Ононнан бастау алған экспедиция Қаракеңгір, Сарыкеңгір екі өзенді тел емген мысты қалаға ат басын тіреді. Алда үлкен сапар күтіп тұр бізді...



Бұл даланың төсінде бүгін аран құрып атойлап аң қуған жоқпыз, бірақ ақылға жүгініп тарихтың ақтаңдақтарын іздедік. Бұл даланың төсінде бүгін жер танабын қуырып құлан жортқан жоқ, бірақ біз мінген заманауи техникалар қара жерде қайықтай жүйткіді. Бұл даланың төсінде бүгін осыдан сегіз ғасыр бұрынғы Жошы ханның жер қайысқан сарбаздары болған жоқ, бірақ сол бір тарихи күндердің сырын шерткісі келгендей бұлаңқұйрық сағым ойнайды. Бұл даланың төсінде бүгін құлан қуған Жошының ізі жоқ, бірақ сол Жошы ханның ізін іздеген ұрпағының жолы сайрап жатыр...



https://baq.kz/storage/92/926625147974f4199a21321bfa86bb56.jpg" style="height: 506px; width: 900px;" />



Фото: Абзал Қалиев



 


Ержан ЖАУБАЙ
Абзал ҚАЛИЕВ