31 Мамыр, 2019
КЕСТЕЛІ ТІЛ, ӨРНЕК СӨЗ

Әдеби тіліміздің дамып, сөздік қорымыздың өркендеуіне ақын-жазушыларымыздың қосар үлесі орасан. Ана тіліміздің әуезділігі мен ұлттық реңіне сонау сәби күнінен қанып өскен ақын-жазушы – тумысынан уызына жараған, ұлттық құнарлы топырағынан нәр алған перзент болады. Тіл-қазынамыздың байлығына еселей түсіп, төл әдебиетімізге айрықша қолтаңбасымен келген, новатор ақындарымыздың бірі бірегейі – Тыныштықбек Әбдікәкімов!

Қазақ поэзиясының қайнар бұлағы болған қасиетті өлең мекен – Қарауылда туған, данышпан Абай хәкімнің алтын бесігінде ер жеткен ақынның бойына аталы сөз, кестелі тіл сінген-ді. Тыныштықбек ақынның ерекшелігі сол – құнарлы тілінде. Ақын қазақ поэзиясының интеллектуалды бағытына тыңнан түрен салды.

 Осыдан тура жиырма бес жыл бұрын «Жалын» баспасынан «Ақшам хаттары» деген пышақтың қырындай ғана шағын кітап шыққан-ды. Авторы – Тыныштықбек Әбдікәкімов болатын! Міне, осы сәттен-ақ Тыныштықбек ақын өзінің ерекшелігімен дараланып, Алаш қаласы – Семейде тұрып ақ, күллі қазақ даласын таңырқатты. Бұрын-соңды қазақ поэзиясында сөз болмаған тіркестер, айтылмаған орамдар, өзгеше өрнектер соңы жаңалық болып қабылданды. Оқырман жұрт оның өлеңіне, сөз саптауына таңырқасып та, тамсанып та жатқан екен. Оны біз қарт әжемізден естіген едік. Біздің Зейнеш әжей – оқығаны мен тоқығаны мол еңбек адамы. Тыныштықбектей ақынның барын сол әжемізден біліп, әжеміздің нұсқауымен «Ақшам хаттарын» оқып ек...

Жаны жаңалыққа құмар ақын жаңа ғасырдың басында, яғни 2000 жылы «Ырауан» жыр жинағын шығарып, тағы да оқырман қауымды ынтықтыра түскен ғой.

Қазақтың заңғары Әбіш Кекілбаев: «...Қазақша айтқанда, біртүрлі ақын. Қазақтың «біртүрлі» дегені мақтағандықты да, масаттанғандықты да білдірмейді. Бірақ, тосырқағаны мен таңырқағанын жасыра алмай, амалсыз мойындағанын аңғарта алады. Түптей біліп, түбегейлі түсіне алмай жатқандығын да сездіртеді.Тыныштықбек Әбдікәкімовті де біреу ұғар, біреуі ұқпас, біреу құптар, біреу құптамас, бірақ ол ешкім елемей кете алмас, ескермей қала алмас, айрықша нысаналы ақын», -деп жоғары бағалаған еді.

  «Біртүрлі ақын» атанған шайыр «Ақшам хаттары», «Ырауан» жыр жинақтарынан соң,араға біраз жыл салып, оқырманын сағындырып, өз аудиториясын ынтықтырып «Алқоңыр дүние» жаңа жырларын ұсынды. Қолдан қолға өтіп жүрген бұл кітапты біз де оқып көргенбіз.  Енді осы жыр жинағы хақында ой қозғауды жөн санадық: 

Сонымен, Тыныштықбек ақын шығармашылығы туралы сөз қозғағанда, оның жаңашылдығы мен ерекшелігі туралы айтқан жөн. Бұл ретте сыншы Әуезхан Қодардың пікірін «сөйлетсек» :«Қазіргі Батыс Еуропада метафизикаға негізделген кейбір дүниетаным сыртқары әлемнен бас тартып, күнбе күнгі өмірге тіреліп отыр ғой. Ал бірақ күнбе күнгі нәрсені мифке айналдыра алатын поэзия ол - Тыныштықбектің поэзиясы. Бірден домбыраны даңғыра қылады, оның шайтан тиегін табады, ата тегін тура Бәйтеректен таратады, сөйтіп кете береді. Соңғы кездегі қазақ поэзиясының үлкен табысы Тыныштықбектің поэзиясы деп ойлаймын. Өйткені ол - арифметикалық есепке көнбейтін, ауыз екі деңгейде айта салуға жарамайтын, әрқашанда тек түбегейлі терең зерттеуге тұратын поэзияның үлгісі». Сонымен, ақын туындыларын өлең құрылысына қарай талдау барысында белгілі бір заңдылыққа сүйене алмаймыз. Екіншіден, оның шығармаларының тақырыбы мен идеясы терең философиялық мазмұнға негізделеді.

Ақын поэзиясы – постмодернистік бағыттағы поэзия. Әуелі жоғарыда айтқан формасы жағынан болсын, мазмұны жағынан да заманауи талаптарға сай ерекшеліктер сезіледі. Постмодернизмнің басты белгілерінің бірі – оқырманға тұжырым жасауға ерік беру. Бұл ретте ақынның мөлдір жырларын оқыған соң оқырман өзі түйін шығарады, өзі қорытынды жасайды.

48281853_2002886136425521_420148767639994368_n.jpg

«Алқоңыр дүние» жинағында ақынның өлеңдері мен балладалары, толғаулары топтастырылған. Кітап алты бөлімнен тұрады. Әр бөлімдегі жырлар бір-бірімен логикалық жалғасын тапқан.

Бұл жинақта топтастырылған өлеңдердің тобы қарапайым тілмен берілмей, белгілі бір мифтік-философиялық категорияларға негізделіп жазылған астарлы туындыларды құрайды. Жинақ соңында автор сол түсініктердің анықтамасын да беріп кеткен екен. Демек, оқырман Тыныштықбек ақын өлеңдерін оқу барысында эстетикалық әсерге бөленумен шектелмейді, авторды түсіну үшін сан түрлі ойға батып, еңбек етеді деуге болады. Мәселен, «Айналайын» өлеңін алайық, бір қарағанда «айналайын» қазақтың күнделікті айтып жүрген сөзі болып көрінуі мүмкін. Алайда оның мағынасы тіпті басқа болып шығады. Ол үшін өлеңді оқып шығу қажет:

Мен күн сайын өмірбойғы ұзақ Жолдан оралам.

Осы Жолдың екі ұшында – Қайырым мен Қара Нан.

Осы Жолдың екі ұшында – Музыка мен көк тиын...

Тегі, біздей дауасызға Құдайдан да жоқ тыйым.

Есесіне,

Естен бұрын, Қыдыр Қолын сезді иық!

Әне, сонда, Аспан Төрін байқап қалған Көзқиық

Ійесімін,

БАҚЫЙ ДЕГЕН – ҚАРАПАЙЫМ АЙНАЛЫМ:

ОЙЛАНУДЫ СЕЗІНУ МЕН СЕЗІНУДІ ОЙЛАНУ.

Мен күн сайын өмірбойғы ұзақ Жолдан оралам.

Осы Жолдың екі ұшында – Қайырым мен Қар Өлөң.

Осы Жолдың екі ұшында – Музыка мен Мейірім!..

Тәңір-Халық қияли ғып өсіреді кей ұлын.

Өлең мазмұнына мән берсек, ақынның ішкі жан-дүниесі, сезімі аңғарылады. Автор белгілі бір кеңістікті таңдаған ол – өмірбойғы ұзақ жол. Автор қиялы шексіз: ойлағанын сезеді, сезгенін ойлайды. Ал «айналайын» не десеңіз, автор түсінікте былайша анықтама берген: « Айналайын (Духовное преображение; преобразование, трансформация; круговорот,..) – көп мағыналы сөз: «Қамқоршың болайын», «Садағаң кетейін» я «Жанымды пида етейін» т. с. с. Ең басты екі мағынасының біреуі – пенделік қалыптан өзгеріп, барша жанды-«жансыздарға» қамқоршы Жасампаз Ақыл-Есі Ійесі болуды, Рухы кемел періштелікті білдірсе, екіншісі – мәңгілік ғаламат айналайын (круговорот; вращение) сипатта болатын Космостың айналайын- өзгерісін айтады. «Айналайын» сөзінің метатезалық үлгісі: «айланайын»». Демек, автор өлеңде айналайын сөзінің екінші мағынасы ғарыштың өзгерісі дегенді алып отыр. Бұнда ойдың шексіздігі мен ғаламның кеңдігі ұғымдары бір-бірімен байланысын тапқандай болып көрінеді.

         «Тыныш пен Өлместің тілдесуі» автордың философиялық толғанысы оқырманды бейжай қалдырмайды. Бұл туындыны автор диалог үлгісінде жазып, бір ойды екінші оймен жалғайды. Жыр шумақтарының астарында адами құндылықтар, рух азаттығы, қоғамның халіне қатысты мәселелер қозғалған:

Адамдарды ауыртқанда ақшалардың қызылы,

оңай рас, алтынқабық жұмыртқа боп бұзылу!

– Одан гөрі әлдеқайда жақсы шығар ішкілік?

Армандаудың жабайылау азаматтық ұсқыны

тысқары бір көріне алмай тамақтану заңынан,

«Тұрмысымыз – қылмысымыз!» деп жылай ма соңынан?..

Жиһаздың да жалқынынан қозған мыйлар ғұмыры

ас үйлер мен әжетхана арасында шұбыру

екендігін елден гөрі сен білерсің жақсырақ.

Иманыңды үйіртеді бұл әлемде жоқ сұрақ!..

– Құран басып, нан ал!» – дейтін жолы не жол «тәңірдің»?..

Уыз таза тән секілді аппақ ыстық қамырдың

қышқыл демі

сілекейлі тіл бітіріп безіме,

мен де өзімді көз ашпаған жылан құрты сезінем!..

Саусақ бітіп тұмсыққа да, тұмсық бітіп саусаққа...

– Шындық пенен Ақиқаттың екі арасы алшақта,

        сәлеммен де саудаласу кетті айналып мансапқа!

Тыныштықбек поэзиясының ерекшелігі – оның шығармаларында дүниенің арғы бастауында, мифтік санада орын алатын кейіпкерлердің жиі ұшырасуы. Автор періште, жылан, сайтан, күн құдайы Ра сынды кейіпкерлерді өмірдегі ізгілік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық, өмір мен өлімнің мәңгі арпалысын суреттейтін символ ретінде қолданған. Бұлар екінші жағынан адам рухындағы бітпес күресті, майданды бейнелейді. Мәселен «Аңқыл Ес» деп берілген жыр жолдарында өмірдің мәні, рухтың сырына қатысты философиялық тұжырымдар келтірілген:

«Ішіп-жеп қал, тойлатып қал!

Өмір-қысқа, берілген!..»

Дәл осылай сөйлеу қандай, сүт кеппеген ерінмен?

Дәл осылай ойлау қандай, сақал сауа отырып?

Әр маңдайдан шоқтай жайнап қос алқара Өтірік,

жұрт бір-бірін қызыл-жасыл құр дүниемен құлпырым

құтыртқанын, тұқыртқанын білмес деме Тіл – Пірің.

«Өмір – біреу, бірақ – мәңгі!» деген Сөзді естірсің...

Бес уақыт намаздан тыс тыныстайды Бес Тылсым!..

Өлмес, Өлмес,

тірлік мәнін сабырға сал, сабырға.

«Бес Күн Ғұмыр» Сырын ашпай, безе берме.

Дамылда.

Мәңгіліктің Құпиясы – Жұпар Тыныш Бағында!

 Ақ Әбжылан жатыр сонда, ақ ыраушан жамылған!

Сайыпкелгенде айтарымыз, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовтың «Алқоңыр дүние» кітабы өз оқырманының пайдасына жарайтындай-ақ тілі құнарлы, ойлы туынды.

 

Елдос Тоқтарбай

Елдос Тоқтарбай
Ruh.kz
Ғаламтор желісінен