10 Қаңтар, 2020
Халел Досмұхамедұлы. Милион деген немене?

Бұ күнде жұрт шатасып кетті. Милион дегеннің не нәрсе екенін ойлаушы кісі жоқтың қасында. 

Ет алсақ, қадағы үш милион сом, нан алсақ, қадаға бір милион сом, бiр тостаған сүт он милион сом, айында алатын маянамыз (еңбекақы) жүз милионден саналады. Сауда-саттыққа кірсең, ақша есебіне аралассаң, милионан басқа сөз айтылмайды. Милион деген сөз бұ күнде екі сөздің біpі болды.

Төрт-бес жыл бұрын милион деген санды анда-санда бір еститін едік. Он жыл бұрын бүтін Россияда милион ақшасы бар адамның саны отыз-жиырмадан аспайтын еді. Бұ күңде милион ақша әркімнің қолында жүр. Милион дегеннің не екенін, бұрында оны ескеруші кіcі аз еді. Милион не нәрсе десек, жұрттың көбі - «милион деген мынау», деп жанынан шығарып, бір жапырақ қағазды көрсетеді.

Көптің милионды мұнша желеңдетіп жібергені дұрыс емес. Милион баяғы милион күйінде қалды, бірақ ақшаның бәсі кеміді. Осы күні қағаз ақшаның қадірі кетті. Бұрынғы бір сом ақшаның бәсі осы күнгі әлденеше милион сомның бәсімен тең болды. Қолы толған милион деп аталған қағаз болған соң, сағат сайын «милион», «милион» деп естіген соң, адам шатасып, милионды жеңіл нәрсе деп ойлап кетті. Милионның не екенін анық ескеру үшін, милионды бәсі өзгергіш ақшамен өлшеу керек емес. Өлшемі өзгермейтін нәрсемен санау керек.

Милионды түcіну үшін бірнеше үлгі келтіpелік. Бір байдың милион қойы болсын. Бай қойын көгендесін. Сонда көгеннің ұзындығы екі жүз алпыс шақырым болмақшы. Ташкент пен Түркістанның арасы екі жүз елу шақырым... 

Милион күн – екі жүз жетпіс жыл болады. Айса пайғамбардың туысынан бері бір мың тоғыз жүз жиырма екі жыл өтті. Мұхаммет пайғамбардың Меккеден Мадинаға көшуінен бері бір мың үш жүз қырық бір жыл өтті. Милион қадам – алты жүз шақырымнан артық болады. Ташкент пен Ақмешіттің арасы 514 шақырым.

Милион шырпыны (күкіртті) ұштастырып тіресек, ұзындығы елу шақырымдай шоқ болады. Шаштың бір түгі милион рет жуандаса – жуандығы алпыс құлаш бағана болады. Ахметтің екінші жылдық «Тіл – құралы» 120 бет болмай, милион бет болса, қалыңдығы елу шақырым кітап болады.

Шырпының жарым ені бір милиметрге шамалас. Милион милиметр біp километрге тең.

Бір сомдықтан жанында милион ақшаң болсын, сомдап санағанда, қай уақытта санап берер едің? Күніне он сағат жұмыстанып, секунт сайын бір сомнан санасан, бір айда азар санап боласың.

Милион деп ғылымда мың мынды айтады. Милионды жеңіл түсінуге бip үлгі келтірелік. Бір байдың мың қора қойы болсын, қора сайын мың қойдан болсын. Сонда барлық қойдың саны милион болады.

«Есеп тану» милионды алты нөлмен белгілейді (1 000 000). Он мыңды «түмен» деп атайды. Жүз түмен милион болады. 

Мың милионды «милиард» дейді. Милиард тоғыз нөлмен таңбаланады (1 000 000 000).

Милион милионды ғылым тілінде «трилион» дейді. Трилион он екі нөлмен жазылады (1 000 000 000 000).

Милион трилионды «билион» деп атайды. Билион он сегіз нөлмен жазылады (1 000 000 000 000 000 000).

Жер дүняда шіріген байдың көп жері – Америка. 1914-інші жылға дейін Америкадағы ең артқан байлардың дәулеті милиардтап бәстеніп еді. Бұларды «милионер» деп атаушы еді. Кешегі сұрапыл соғыста байлар жер жүзіндегі еңбекшілерді бір-біріне айдап салып, үрит-соқ қылып соғыстырып, өздері соғыс құралдарын сатып, орасан пайда қылған. Бұлар тиыннан жүз сом, мың (сом) пайда көрген. Соғыстан соң Америкада мүлкін милиардтап сататын байлар пайда болған. Бұларды «милиардер» деп атайды.

Милион деген санның ұшы-қиырына жетудің қанша қиын екенін жоғарыда айттық. Милиардтың, билионның, трилионның өлшеуін меңгеріп алу тіпті қиын. Бұларды желдей ескен адамның ойы ғана өлшей алады.

Көздің ұшында бұлдырап көрінген малдың қайсысының үлкен екенін, қайсысының кіші екенін, қайсысының жақын, қайсысының алыс тұрғанын болжау қиын: тек бір топ қара бұлдырайды. Жай адамға милион, милиард, трилион дегеннің бәрі бейне осы мал сықылды. Ғылым оқып, есеп тануда жеткен адамға болмаса, жай адамға милионың да, милиардың да, билионың да, трилионың да – бәрі бір есеп, бәрі бір бұлдыр нәрсе.

Бірақ, тентек заман милионды бұлдыраған қарадан айырып, бізге жақындатып қойды. Сондықтан шатасуды қойып, милионды анықтап тану қажет болады. 

Хәлел Досмұхамедов.jpg

ЖАЗУШЫДАН

Бұл кітап қылып шығарып отырғанымыз Тәшкенттегі қазақ-қырғыз институтының шәкірттеріне оқылған дәрістіктің бір бөлегі. Ғылым ретінен кітап жоқ болған соң балалардың өтінуі бойынша баспаға беріліп отыр. Термин табу бек қиын. Сөйткенмен, қолдан келгенінше, терминдерді нағыз қазақ сөзінен алдық. Қата кеткен терминдер болса, хат арқылы білдірулеріңізді өтінеміз. Кітап асығыс жазылған соң, қолымызда Қазақстан, Түркістан хақында мағлұмат берерлік кітаптар көп болмаған соң суреттерді өз жерімізден ала алмадық, һәм Түркістан, Қазақстан хақында да көңілдегідей мағлұмат бере алмадық.

Табиғат ғылымын тәжірибесіз оқыту – жарты оқыту болады. Тәжірибелерді амал келгенше оңай істелетін қылып айттық, әрбір мектепте табылатын құралдармен тәжірибе қылатын қылып жаздық.

Қазақ тілінде бірінші рет шығатын ғылым кітабы болған соң қаталары көп болар, бірақ жоқтан бар артық деп баспаға бердік. Жаңа шыққан талаптыларға жол болсын дедік. Білім қысқаннан жазылған жоқ, мұқтаждық жаздырды.

«Біздің қолымыздан келгені осы, қолдарыңнан келсе арттырыңдар» деген латын жұртының мақалын ескертеміз.

Тәшкент,

1921-інші жыл, 15-інші май.

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден