13 Маусым, 2019
ХАЛЫҚШЫЛ ПЕРЗЕНТ

Барлыбек Сырттанұлы! Алаштың алдаспан азаматы. Октябрь революциясына дейін есім-сойы мұқым қазаққа кеңінен танылған, аты шыққан демократ, реформатор.

Қазақ елінің хал-ахуалы мен прогресі жайынды құнды ой білдірген публицист еді. Қан төгіспен билікке жеткен қызылдар заманында Барлыбектей қайраткердің аты да, мұрасы да, ерен еңбегі де тарих жылнамасынан сызылып, өткен уақыттың қойнауында қалып кетті...  

Барлыбек Сырттанұлы – ұлы дала елінің ұлы есімі. Қаһарлы қылыштан қан тамған қат-қабат қайшылықтар заманында қорлық-зомбылық көре жүріп, қара басын қатерге тіккен оқыған буынның төлбасы. 1905 жылғы І орыс революциясынан соң, патшалық монархиялық биліктің колониясындағы түркі халықтарының өкілдері де бір мүддеге бағына бастады. Олар – сол замандағы ең озық жоғары оқу орындарын тәмамдаған, жеті жұрттың тілін еркін меңгерген интеллектуал, өр рухты азаматтар еді. Қазақ оқығандары ортақ мұрат жолында бірігіп, өркениетті һәм азат ұлыс құру үшін саясат сахнасына шығып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. Бай мен кедей формациясына бөлінген әлеуметтік тапты теңестіру үшін, империяға төленетін алым-салықты азайту үшін, қазақтың жер асты, жер үсті байлығының игілігін сол ұлттың өзі көру үшін дамыған еуропа ғылымының техникасын, технологиясын меңгеруге ниетті болды. Бұл жолда олар бұқара халық пен монархиялық билік арасында дәнекер көпір болып, екі жақтың да мүддесін қорғауға мәжбүр еді. Сондықтан да алаш зиялылары қара халыққа алым-салық ауыр соқпау үшін өздерін кепілдікке салып, білім мен ғылымның күшіне сенді. Өздері ғана емес, өкшелес, кейінгі жас буынды ғылымға тартты. Білім жолына салды. Оқимын, ізденемін деген жасқа жол ашып, бағыт көрсетті. Рухани көсем Ахмет Байтұрсынұлы әліпби даярлап, ең алғаш рет қазақ тілінде оқу құралын жазды. Ғылымға, оқу-әдістемеге түрен түсіріп, іргетасын қалады.

 Заңгер Б. Сырттанұлы да замана ағымынан қалыс қалмай, мүдделестерімен бірге қазақтың қамы үшін қызмет етті. 1911 жылдың 13 маусымында қазақтың алғашқы конституциясын жазды. «Қазақ елінің Уставы» деп аталған еңбегінің кіріспесінде: «Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей бейбіт жолмен жерімізде хүкметі өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ елі республикасын құрамыз» деп жазды. Таласқа түскен қазақтың жерін қорғап қалу үшін құқықтық-саяси маңызы зор профессионалды еңбек жазып, патшалық билікке қарсылық көрсетті.

 Барлыбек халықшыл тұлға. 1890 жылы Петербор императорлық университетін бітірген соң, сол кездегі тәртіп бойынша Түркістан генерал-губернаторлығының кеңсесіне жолдамамен қызметке алынады. Ташкент қаласындағы Қазыналық палатаны басқарып, кейіннен Жетісу облысының әскери губернаторының кеңсесіне ауысады. Верный қаласына келген соң, жергілікті қазақтардың арыз-шағымына құлақ асып, талаптарын орындайды. Қазақ өнерін дәріптеуге арналған түрлі мәдени үйірмелер құрады. І Мұсылмандар кітапханасын ашады. Денсаулық сақтау басқармасы жанынан қазақ балаларына арналған емдік-сауықтыру орталығын ұйымдастырады. Қала маңындағы Байсерке, Талғар елдімекендерінен мектеп ашуға мұрындық болады. Халық арасында сауаттылықты арттыруға, үлкені, кішісі болсын оқуға, даярлық білімін алуға бастама көтерген.

 Барлыбек қашанда болсын халық жағында болып, бұқараның тілегіне құлақ асқан. Мәселен, оның көзін көрген Мұхамеджан Тынышбайұлы өзінің естелігінде: «... «Барлыбек, Тұрлыбек» аталып ағайынды екеуі Алматыда тұрады. Жетісу облысына қараған қазақ-қырғыз бәрі бұларға ағайын-туыс болып, бұлардың үйінде топырлап жатпаған кезі болған емес. Теңдікке қолы жетпегендер Барлыбек, Тұрлыбекке жылап келіп, теңдік алып мауқын басушы еді. Һешкімді я жылатыа, я жылатуға Барлыбек, Тұрлыбек себеп болған емес. Бұлай болған соң, бүтін бір облыс қазақ-қырғыз Барлыбек, Тұрлыбектің сөзінен һеш уақытта шыққан емес» деп жазған (М. Тынышбаев, Б. Сырттанов, «Қазақ» газеті № 95, 96, 1915 жыл). Осы естеліктен байқағанымыздай Барлыбек те, оның ағасы Тұрлыбек те халық десе құшағы ашық қарапайым жандар болыпты. Ал, алаштың тағы бір оқығаны Жүсіпбек Басығараұлы Барлыбек хақында: «... Сиез он күнде тамам болды, сол он күнде марқұм Барлыбек тамаша болып, орыс пен қазақтың арасындағы сөзді ашық ажарлап түсіндіргеніне жұрт рухтанып қалды. Марқұмның мінезі: шын мұсылман, майда, мәлім, жылы жүзді, сөзі маңызды, білімді жігіт көрінді» деп жазады (Е. Тоқтарбай, «Барлыбек туралы бірер сөз...» тарихи толғам, Алматы, «Баянжүрек» баспасы, 2019. – 174 б.). Жүсіпбек Басығараұлының жазғаны арқылы Барлыбектің билік пен халық арасын жақындатқан тілмаш ретіндегі қызметін, жұртты ұйыстырған рухты бейнесін көреміз.

 Оқырман назарына халықшыл перзенттің «Қазақ халқының қазіргі һәм ілгергі күні турасынан бірнеше ойға келген сана» деп аталған тарихи мақаласын ұсынып отырмыз. Бұл мақала арқылы оның әлеуметтік, қоғамдық ойларын түсінуге болады. Қазақ халқының қазіргі жүріс-тұрысы һәм күн ілгеріде қандай болары турадан бірнеше жауаптар менің ойыма келеді. Бұл жауаптардың алды-ақ, біз қазақ халқы надандықтан, қараңғылықтан шығамыз һәм қай уакытта білімділіктің даңғыл жолына түсеміз деген. Қарайсың, көресің қазақ қараңғы адамдар. Егер бұрын біздей-ақ надан, бұл күні білімді болған халықтар қазақтардай ғылым, білімнен қашып жүрсе, бұл кезде оларда машина, завод, фабрика, телеграмм, темір жол, пароход һәм өзге ғылым, білімнен шығарғандар жоқ болар еді. Білімді халық біздің қыл, тері, жүн-жұрқамыздан қымбат, жақсы нәрселер – шұға, былғары істеп, өз еркімен дүние айналып жол жүріп, бөгетсіз мұхиттан өтіп, Сүлеймен патшаның ақылымен жаратылғандай от арбасына, кемесіне мініп даладан, таудан, судан өтіп жүргенде, ақ шайтанның күшімен алғандай, жер түбінен телеграммен олар хабар алғанда, біз қазақ халкы олардың бірін де ұқпаймыз.

Бірақ ойлаймын күн ілгері білімге біз де жетеміз деп. Біз қашан жетеміз? Бұған жетеміз деп ойламас едік, кереметпен болғандай, күнбатыстан орыс келіп, бізді өзінің қуатты қол астына кіргізбесе. Европаның һәм Азияның жартысының патшаларының патшасы ақ патшаға қарағанымызға 60-100 жыл болды. Қазақ халқы Орал тауынан Алтай тауына шейін, Арал теңізінен Алатау тауына шейін қаптап жатыр. Осы күнге шейін ұрыс-керіс, зорлық, жанжалын қоймайды. Қырға тыныштық түссе де, біз әлі де жүріс-тұрысымызды түзегеніміз жоқ, бірлі-жарым қалада тиянақтағанымыз болмаса, қайғы хабарсыз тұратынымызды қалдырмадык. «Ғылым жарық, ғылымсыздық караңғы» дейді орыс мақалы. Ғылымның жарығының соңынан ерген халық көбейді, күшейді, ақылдың қуатымен, ғылымның табысымен рахатқа батып жатыр. Оның алдында бәрі ашық, бекем тұрады. Бөгет болады деп қорықпайды. Ақылы көрсетіп, қолы жұмыстап тұр. Және олардың ғылымы от пен су, бу, электричествоға (электричество деп жайдың әсерін айтады) жұмыс қылдырды өздеріне. Адамға керектің бәрін ғылымның себебімен оңай табады. Жақсымен тұрсаң пайдасы, жаманмен тұрсаң залалы тиеді. Бізде ондай емес, біз ешбір өнер, кәсіп, ғылым, білім білмейміз, себебі дәнеме қылмауға үйреніп кеттік, қырдың таза ауасына рахаттанып. Мұнда тұру арзан, ертеңгі күнді ойламай, жүріс-тұрысымызды түзейік демейміз. Енді бұрынғыдай көп жер жоқ мұнда малға, мал, егін шаруасымен тұру қиын. Үйрету керек һәм өзгеге пайдалы болып тұруды. Біз әлі ештемеге түсінгеніміз жоқ, ғылымның көрсеткен жұмысын жұмыстап жақсы жолмен жаһут қылуды көрсеткен де ешкім жоқ. Қазақтар айтады: «молда біледі не жақсы, не жаман екенін» деп. Көрініп тұрған сөздерді молдадан сұрап неге керек? Отарба, откеме жүргізуін, кездеме тоқуын молда біле ме? Молдалардың көбі адалдықпен жүрмейді, оларда да бар қайсы біреулері. Ұрылар айтады: «молдалар күндіз ұрлайды, біз түңде ұрлаймыз» деп, әрине, молдалар ұрлық қылмайды. Мұның мәнісі молдалар дүниеқор болады деген сөз.

ilovepdf_com.jpg

Б. Сырттанұлының қазақ халқының өмірін жақсартуға арналған жоспарлы өтініші

«Қазақ» газетінің бір номерінде Түркістан генерал-губернаторының қырдағы болыс, би, старшын қызметіне орысша оқу білетінімен әншейін қазақ таласса, оқу білетіндерді бекітсін деген бұйрығын ұқтым. Бұл бұйрығы үлкен жақсылыққа жүрсе керек. Қазақтар өзіне ерік берген соң, әділдік жолын ұға қоймайды. Қызметке кірген би, болыстар, старшындар халыққа қызмет қылуына сайлаған екенін білмейді һәм халық та олар өзіміздің қызметшіміз деп ойламайды, қызметтегілер өздері халықтың бәрін айдап, өз еркіңмен биле деп бұйырғандай көреді. Болыстық, билік һәм старшындық қызметті шығарғанда орыс ұлықтары ойлаған еді, қазақ халқы өзіне қызмет қылуға жарайтын, халықтың пайдасын ойлайтын адамдарды сайлайды ғой дегенді. Бұл ойлағаны бекер шығып, болыс, би, старшындарымыз халқымызға қызмет қылып, жұртқа пайда ойлап, халықтың жұмыскері болмақ түгіл, елімізді момын, мінген аттай көріп, білгенін қылатын болды. Халыққа қылғаны көбінесе зорлық. Бірдемеміздің жайын айта барсақ, дау-жанжалды, адал-арамды айырып бітіріп, өзімізге қызмет қыл деген, сайлап қойған қызметшіміз ұлықтық құрғысы келіп, үйіне кіргізбейді. Айтқан сөзімізге құлағын маңғазсынып, салғысы келмейді. Бұлардың мұндай қылатыны өздерін немесе сайлағанын ұқпағандығы һәм халықтың білмегендігі оларды сондай шірентіп қойған. Және де қазақ ішіндегі бір бұзық іс мынау:

Бір руды бір ру жаудайкөреді. Бірін-бірі бөтен санап, әлі келсе жеп қояды. Бәрі бір халық, өз халқын өзі бөтен санаған жалғыз-ақ біздің қазақ жұртында болар!

Бір ру елдің ішінде бөтен рудан біреу болса, оған күн жоқ, теңдік жоқ. Осылай бірін-бірі жау санаған соң, қазақта береке қалмай барады. Бір атаның баласы бір атаның баласын талап, әлі келсе қылмағаны болмайды. Себебі не десең, анау бөтен, ананың жұрағаты, міне, біздің бұзылып баратынымыз.

Қазақ халқының жақсылық мінездері де бар, бірақ біз мұнда жаман мінездерін ғана көрсетеміз, жамандығын бетіне бассақ, ой түсіп, екіншіден түзелер деп ойлаймыз. Қазақтың қызмет адамдары өзінің қалайша қызметке кіргенін, халық оны неге сайлағанын ұқпайтынын мынадан біл. Болыс болған соң, болыс қызметіне кірген кісіні ағайын-туған һәм өзге жақын адамдардың бәрі келіп құтты болсын айтады. Той болады. Мал сойылады, тамашаға, құтты болсынға келгендердің бәрін тойғызуға. Сойғаны өзінікі де болады һәм өзге жағымсығандар да ала келеді тойға союға малын, көзіне болыстың осындайда бір көрініп калмақ үшін. Ел ет жеп, қымыз ішіп қызықта жүр, соңынан не боларын ешкім ойламайды. Күрес, бәйге болып жатыр.

Той бітті. Болыс жабайы адамдарға қажеті келетін білікті, білікті адамдарды артынан тағы шақырып, сыйлайды, қонақтардың ішінен біреу шығып: «болыс бізді құрмет тұтты, күн ілгеріде де сөйтеді, бізге болыстық қылып, жауға бермейді керек уақытында» дейді өзгелеріне.

Бұл сөзін естіп, сондағы тәуір адамдар уағда қылады, үй басы бір қойдан, екі қойдан, не одан көп жиып бермек болып. Жабайылар сөз қылып жүрмесін деп, бұлар әуелі түйе бергені түйе береді, ат, қой халіне қарай береді. Әншейін адамдар өздері құрметтейтін руындағы адамы беріп жатқан соң мұның тілін алып, үйреніп қалған байғұстар болыснайға жалғыз қойы болса да ұстап береді. Бұл ру адамдарын өзіне жаһут қылып мал жиып бергені үшін сол жиналған малдардан береді яки бөліп алды демесін деп, өз малынан береді яки бір нәрсе береді солардың көңілін аулауға.

Қайсы уақытта былай да болады. Оларды шақырып әуре болмай, қызметін қолына алған соң-ақ бұйырады, елден шығын төлеуге мал жиюға. Қазаққа мал таба қою оңай емес, бере қоймайды. Малын онда күшпен алады не түрлі қылып. Арыз береді үстінен. Болыстың анықтама болып, болыснайға болысып бар жанын беріп, куә болады оларға болыс қысас қылмағанына. Болыс анықтама боларын білген соң-ақ, сол керекті кісілерін шақырып алып, ақша, беріп не беремін деп уағда қылып яки қорқытады. Сөйтіп жауап алғанша куәларын қорқытып, даярлап қояды. Берген арыз іске жарамайды. Болыс қырға келген соң бағанағы арызқорларға тыныштық жоқ, кегін алып, үстінен біреуге арыз бергізіп, қылмағанды қылады. Айдаладағы біреуге арызқордан мал даулатып, «қарғаның көзін қарға шұқымайды» билер болыснайға болысып, атаған малын төлетеді, не абақтыға салады, мұны көрген соң пәленше күшті, оның үстінен арыз берсең, ол жанын қоймайды, одан да айтқанына жүре бер деседі әрқайсысы. Мұндай қылғандардың бекер екенін білу аса қиын, себебі законның не қылсын дегенінің бәрін орнына келтірген.

Сайланған адамдардың еркімен білгенін қылып, жүрген соң, халық оларға не айтса, соған көніп жүре береді, сондай ұлық болып еркіндеп бір ұлықтық құрып жүруге әркім әуес болады.

Сайлап болыс, би, старшын қоюдың казақ арасында жөні жоқ екенін партия болғанынан сезуге мүмкін. Сайлаудан жарты жыл, бір жыл бұрын бай адамдар шарын көбейтуге ел арасындағы құрметті адамдарға ат, майын, шайын, ақша, шапан бере бастайды. Мұны бергенде елден тым болмаса жасырып берсе екен, жоқ, қайта мақтанады көп бергендігіне, халыққа көрсетіп пәре беріп. Өз малын, ақшасын беріп қоймайды, халықтан жиып алады «шығын», «жұтшылық» деп. Сайлау солардың алдында қазақ арасында әуелі елубасыларды сайлайды. Бұдан да әрқайсысы өзінің кісілерін қоюға таласып, төбелес шығарады.

Жақ, жақ болып, шарт-шұрт қамшыласып жатқаны, қанға боялып. Әрқайсылары өзіне тиісті адамды қойғысы келеді. Қазақтың дүниеқорлығы сайлауда аса үлкен болып кетеді. Әншейінде болыстан күнде қорлық көріп жүрген елубасылар сайлауда құтырып кетіп, алым алады, бірақ болыс алымындай үлкен болмайды һәм сол сайлауда ақша алған елубасылардың өздері соңыра болыстан көреді қорлықты, төрт есе қылып қайырады алғанын. Бұған қарамай дүниеқорлығы сондай, алады бір күн де болса алып қалайын деп. Қайсыбір елубасылар біреуінен алып қоймай, тасқа түскеннің бәрін алады, тасын салады, қай көп бергенге не бәріне де салады.

Болыстық билік қызметі әншейін қазақтарға аса қызықты мәртебе көрінеді. Жиналыста болыс, билер жоғарғы орындарда болады. Олардың сондай қызметте болғанын жабайы адам һәм бай адам көре алмай, өзім де сондай болсам екен дейді. Олар мың күнгі байлықтан бір күнгі билікті жақсы көреді. Қазақ халқының білімге кіріспеген надандығы, әйтпесе болыстық қызмет бектік болмас еді, бейнет болар еді һәм болысты әркім алып қызмет қылуға міндеттенгенін мынаны қыл деп отырса, бектік бола қоймас еді. Оның бектік болып жүргенінен қазақ дәнеме білмейді, болыстары ертегідегі патшалардай ұрғанды ұрып, дүре салғанға дүре салып, білгенін қылып жүреді, қарсы тұратын ешкім жоқ. Ұлықтық һәм болыстықты жақсы көретіндер болыс болып, байлыққа жету, бұлардың бәрі қазақты болыстыққа таластырады.

Ұлық болып құрметті болып тұру, қазақ халқының бар тілегі. Қазақта партия болып, жөнсіз іс қылып, таласқанға еті үйреніп кеткен, өздеріне айтсаң «біз жолсыз іс қылмаймыз, нашарларды, қысым көргендерді қорғаймыз» дейді. Елден жегенін айтсаң «сайлауда халық бізден де алған, өзінікін өзіне қыламыз» дейді олар, бұларын мойнына алады. Сайлау уақытында 500 теңге сұраған кісілерді өзім әлденеше көрдім, ұлықтар өзі бекітетін болса, жақсы болар еді, алым алып, сойылатын болмас еді. Закон бойынша мүмкін болмаса да, бір сайлауда солай қылып байқаса, не болар еді?

Қазақ халқы жақсы адамды сайлап қоя білмейді, өзін-өзі алып жүре алмаған халықтан да һәм әншейін бірлі-жарым адамнан да ерікті алу керек.

                                                                               64.jpg

«Әссаләмгаликим» – деп бір қарт кіріп келді. «Уағаликимассәлем, төрге шығыңыз» деп, аман-сау сұрап, танысып орындарымызға отырыстық. Учитель. Орның құтты болсын, өзіміздің туысқан екенсің ғой, қашан шыққан адамсың? Бұрын қай жерде тұрдың? Не әңгіме бар? Нешедесің? Келін бар ма? – деп қарт үсті-үстіне бастырмалата бастады. Керекті жауаптарын алған соң қарт көп сөйлей бермеді. Енді үндемей отырудың қолайын таба алмай, кезегімізде біздер де сұрай бастадық.

– Не сөзіңіз бар?

– Жұрт тыныштығы ма?

– Біздің қазақта сөз жоқ деп айтуға да болмайды, һәм тыныштық деп айтуға да болмайды. Сайлау сөзі, партияның сөзі, қала берсе, ұрлық сөзі болады. Бұрын-соңды бұлардан басқа сөздер қазақ арасында жоқ еді. Сол жоқ сөздер біздің Жақсыбайда табылып тұр.

– Біздің қазақта махұрым қалып жүрген ол не нәрсе?

– Шырағым, жасымыз біразға келіп еді, мұндай істі көргенім де жоқ, һәм естігенім де жоқ. Бұрынғыдан қалған сөз бар еді: «Ақырзаман боларда кемпір мен шал жігіттік қылар» деген, сол болды ма деймін. Біздің Жақсыбай болысындағы бір Жұмабай дейтұғын шал бар еді, жасы жетпісте. Оның жігіт ағасы болған үш-төрт балалары да бар, кемпірі бар, ауқаты тәуір. Сол Жұмабай әне күні күзем алыпты, киіз басуға үш-төрт бойжеткен қыздар шақырыпты. Біреуі оның немере қарындасы, біреуі Көшпелінің қызы, өзгесі көршілері. Өзінің қарындасы мен Көшпелінің қызын үйіне алып қалып, тоқты сойып, қонақ қылыпты. Ас артынан қонақтары сыртқа шықса, Жұмабай бір таса жерде тұрып Көшпелінің қызын ұстап алып, жігіттік қамын қызға баян қылыпты. Қыздың жалынып, жібер деп бірнеше қайта айтқан сөзін шал Жұмабай тыңдамай құшақтай бастапты.

Сол жерде Көшпелінің қызы мен Жұмабайдың қарындасы бірігіп, Жұмабайды көтеріп ұрып, ендігі қалған күнін құрбан қылғандай қылып сабапты. Өлтіруге де ойлары бар екен, көлденең кісілер келіп, айырып алыпты. Көп жатып Жұмабай азар адам болыпты.

Сол адамды көремін деп Қаратөбе базарында мен көп әуре болдым, базардан тапқызбады. «Жақсыны көрмек үшін» деген. Қой шырағым, ондай жанға әуес болма. Әуес болсаң, тәуір жанға әуес бол. Жамандық аяқтың астында, жақсылық тау басында, жақсылыққа жету қиын, жамандыққа оңай деп үгітті айта бастаған мезгілде қоңырау болып, класқа кіріп кеттік. Жұмабайдың хақында сұрастырып көрсем, ол мұнан бұрын да осындай үш-төрт іс істеп жазада қалған адам екен. Біздің қазақтың жетпіс-сексендегі шалдары он бес, жиырмадағы қыздарды неке қылып алады деп бойымызға ішкен асымыз тарамай жүргенде мынау не деген сұмдық!?

 Оқығаннан тоқығаннан бір-бір хат тосып, жатырмыз, әр қайсысы қазақ-қырғыз баласының басында тұрған кемшіліктерін жоғалту турасынан өз ойларын жазып жіберсе екен деп, және де сол сөзді қозғалтуға білімдердің бір жерге кеңесу турасынан.

«Қазақ», «Айқаптың» соңғы бір-екі номерінде осы заманда артықша білімділеріміздің бір азырағы жөнінде бар еді. Бәрі де бас қосуды, жиылысты керек-ақ көрген, бірақ Ғалихан бауырым сақтық етіп, «біз қазақ-қырғыз баласы қызып кетіп, тіліміз оған-бұған тиіп кетер, жиылыс жабылып қалар» деп тоқтау салған. Енді қысқа ғана бас қосу турасынан өз ойымды айтамын: менен бұрынғы жазушылар, бұрынғы заманда һәм осы күнде әр түрлі ел қалайша жиылғанын, қандай ой ортаға түсетіндұғы айтылар. Ондай, ондай сөзді қайтадан қозғатпайық, тура сіздің сұраған сөзіңізге жауап берейін. Біздің жақтағы ел (Жетісу елі) қазағы да қырғызы да өзге жақтағы ел-жұртымызға қарағанда әлі қараңғыда жүр. Жарық көре аламаймыз. Бәріміз наданбыз. Оның үстіне әркімнен көріп жүрген зорлығымызды айтып жеткізе алмаймыз. Әсіресе өстіп жүрген елге жиылыс, бас қосу артықша керек деп білемін.

Ағын су басынан лайланса, төменгі жақтағы су да лай болады. Бұл сөзге қарағанда осы болатұғын жиылыс жақсы болып өтсе, кейінгілері де жақсы болып өтіп тұрар. Әуелгісі жаман болып өтсе, түзету қиын болар.

Сол себептен жиылыс болғандай болса, сол жиылысқа баратын кісілерден көбінесе осы күнгі оқыған білімді жазушылардан өтініп сұраймын: анық елдеріңізді аяйтын болсаңыздар өзге біреулерге де, өз өздеріңізге де, тіліңді инедей сұғып алмай, жалғыз-ақ ортаға салынған сөз турасынан сөйлеуіңізді өтінеміз.

Болыс басы екі кісі жиылысқа келсе екен дейсіз, санап қарасақ бірталай кісі болады екен. Бүтін үйге сыйып отырар емес, жалғыз біздің Жетісу облысынан баратын кісі екі жүз алпыс. Сонша кісі қайда сыйады? Сонша кісіні тағы да ел жібере алмайды, ақша табу қиын. Әрбір ояздан екі-үш кісі барса жарар.

 

PS: Саяси қайраткер Барлыбек Сырттанұлы замана сөзінен жаңылмаған, қаламы қуатты, сөздері рухты публицист те болған ды. Барлыбек өз заманындағы мерзімді басылымдарға Алаш жұртының тағдыры, тұрмысы мен хал ахуалы жайында жиі жазған. Жоғарыда мысалға келтірілген мақаларында қоғамдық, әлеуметтік ойлары мен көзқарасы бар. Прогресске үндеген арыстың әдеби, ғылыми мұрасы туған елімен мәңгі жасай беретін қазына болмақ. Уақыт алыстаған сайын Алаш оқығандарының сөзі, мінезі – тұғырланып, мемлекеттік идеологияға, елшілдік санаға, мемлекеттік ұстанымға айнала түседі.

 

 

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

 


Оқи отырыңыз:  «Ұшқыннан» «Егемен Қазақстанға» дейін...

                               ҚҰСБЕГІЛІК ӨНЕР: БҮРКІТ БАПТАУ


Елдос Тоқтарбай
Ruh.kz
Жеке мұрағат