28 Тамыз, 2019
Кітап туралы бірер ой...

Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан.


Кітапсүйер қауым елордада бас қосса, әдемі іс-шараның болары даусыз. Жастар жылы аясында Нұр-Сұлтан қаласында ең ауқымды «KITAP FEST 2019» кітап фестивалі өткен демалыс күндері өткізілген болатын. Әдебиет сөзінің мағынасы өте кең. Қолға қалам алып, шығарма жазу, жүректің түбінде жатқан сезімді оятып, өлең жолдарына түсіру болмаса тарихы тереңге бойлаған ата-баба дәстүрімен сабақтастырып ертегі жазу, осының барлығы және басқа да көркем дүниелер «әдебиет» түсінігінің ішіне кереді. Сол әдебиеттің тұтынушысы біз ғой – миллиондаған саны бар халық?! Әр адам баласы рухани азыққа қанық болуы керек. Егер бұл «азық» жеткіліксіз болса, ішкі жан мен сана құлдырайды.


0Z9A7058.jpg

  Жарайды, әдебиет пен рухани азықтың түсінігін ұзақ жолдармен жазып, түсіндіре бермей, Ruh.kz редакциясына өз пікірін білдірген қонақтарымызға назар аударайық. Кітап туралы бірер ой...

Әлемнің классикалық сахналарын бағындырған қазақтың мақтанышы, Қазақстанның халық әртісі – Жәния Әубәкірованың есімі аталғанда ойға бірден пианино мен рояль келеді. Шет елдің кірпияз тыңдарманын өзіне қарата білген Жәния Жақияқызы туралы кітап жазып, кино түсіруге болады. Себебі оның өмірлік жолы көптеген қазақстандықтар үшін үлгі һәм мотивация. Алайда кинодан бұрын Жәния Жақияқызының өз қаламынан «Вариации на тему...» атты кітабы жарық көрді. Классика өнерінің шыңында жүрген талантты пианистке кітап жазу қаншалықты қиын, немесе қаншалықты оңай болды?

«Қазір көп танымал адамдар автобиографиялық немесе кеңес беру кітаптарын көптеп шығаруда. Олардың көп бөлігі бір күнде диктофонға өмірлерін болмаса кеңестерін жазып алып, шығарушы редакторларға тапсырады. Мен кітабымды олай жазбадым. Менің кітабыма қажетті материалдардың жазыла бастағанына жиырма жылдың жүзі болды. Кітабым концерттерде, дәріс оқу барысында, гастрольдік сапарларымның барысында, еңбек демалысын алған кездері жазылды. Бір сөзбен айтқанда ойыма тұщымды дүние орала кеткен және жүрегімді дір еткізген сәттердің барлығы алдымен күнделігіме түсіріп отырдым. Жиырма жылда қолжазбаларым қажет көлемде және мазмұнда жиналған соң, дара кітап етіп басып шығару мақсаты туындады. Онда да басқа адамға сенімсіздік туындағаннан соң, кітапқа түсетін әр оқиғаны, естелік пен толғанысты өз қолыммен жаздым. Менің ойымша, солай дұрыс сияқты. Автордың маңдай тері төгіліп, еңбегі сіңген кітапты оқыған оқырман іштей риза болатын сияқты. Жалпы автор да өзінің біткен дүниесіне мақтанышпен қарайды ғой».

11.jpeg    

Қазақтың шағын ауылының құмына аунап өскен бала Американың Голливудын бағындыра білді. Ол туралы отандық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Өзінің ынтасымен және алға қойған мақсатқа жету стратегиясымен ерекшеленген қазақ баласы Айдие Айдарбекова. Құдайлар мекені – Айдие есімінің мағынасы. Бала кезінен фантастика жанрын өзіне жақын еткен талант кітап жазу қасиетін дараландыра білді. Оның жазған кітабы Google Play кеңістігінде жүктелу рейтингісінің ондығына ілікті. Әлемдік интернет кеңістігінде жүктелуі жағынан топ-ондыққа іліккен басқа қазіргі заман қазақ туындылары бар ма екен?

Бала кезімде талай әдебиеттік және журналистік мастер-кластардың қатысушысы болған едім. «Жұлдыз» республикалық жас қаламгерлер одағының түлегімін. Одақтың ұйымдастыруымен көптеген журналистік басқосулар болатын еді. Бала кезден жазудың не екенін түсінгендіктен қолға қалам алып, шығарма жазу менің болмысыма жақын болған шығар. Жаныңа жақын дүниелерді ұзақ уақыт жадыңда сақтау мүмкін емес. Сол себепті менің ішкі түйсігіме жақын дүниелер сыртқа шығарма болып, кітап болып шығуды талап етті. Саты сатысымен өлеңдер, шағын әңгімелер қаламның астынан шыға бастады. Шағын әңгімелердің шеңберінен өстім деген ой студенттік жылдары келді. Кітап деңгейіндегі шығарманы жазу үшін өзіме қозғаушы күш қажет болғандықтан, алдыма орындалу мерзімін анықтап қойып алдым. «Жиырма жасыма дейін кітапты жазып бітіремін», дедім. Негізі қандай да бір арман мен мақсаттың орындалу мерзімі анық болса, сол жетістік мәресіне жету оңай болады. Мен де жеттім. Жиырма жасыма дейін «Спуститься с небес» кітабын жазып бітірдім. Кітап жазу оңай ма деген сұрақ та туындауы мүмкін. Өз тәжірибемде мен кітапты бір отырғаннан жазып тастамадым. Әр жерде, әр уақытта, ойлар келген сәттерде отыра қалып жазатын едім. «Асықпаған арбамен қоян алады» деген адам мен болдым. Алайда өзімнің туындым, өзімнің кітабым болғанмен, өзімді толықанды жазушы деп санамаймын. Көркем әдебиетке қатысты адаммын! Алдағы әдебиет саласына қатысты жоспарларыммен де бөліссем деген ниет бар. Қазақ тілінде кітап жазғым келеді. Қазіргі, бүгінгі Қазақстанды жазғым келеді. Елімізде өткен Экспо халықаралық көрмесін, түрлі саммитер мен көрмелерді байланыстырып жазсам деген ойым бар. Оқырман менің болашақ кітабымды қолына алғанда, Алматының керемет көшелерін немесе елордамызда өткізілген Экспо халықаралық көрмесін бірден танитын болады. Мен реалистік жанрдағы кітапты алып келгім келеді.
    

0Z9A6959.jpg

Қазақтың сұлу, әрі батыр қыздарының түр-келбеті мен психоллогиялық портреті сақ ханшайымы Томиристей болған. Қазақтың батыр қыздары атқа мініп, ерлермен қатар ел қорғауға ойланбастан шыққан замандар да болды. Қазір бейбіт заманды, тәуелсіз таңды атырған бақытты ұрпақпыз ғой. Біздің бүгінгі «Томиристер» өз қайсарлығын кино туындылар арқылы көрсетіп, қалың жұртты өзіне ғашық етуде. Альмира Тұрсын – қалың жұртшылық күз айында премьерасын асыға күтіп отырған «Томирис» фильмінің басты рөлін сомдаушы актриса, психолог.

Кітап оқу әр адамның үшкі дүниесінің байуына, қоршаған ортаны қабылдауына әсер етеді және де оның тұлға болып қалыптасуы үшін шешуші факторлардың бірін атқарады. Кез-келген ата-ана соны түсінуі керек. Баланың дара тұлға болып қалыптасуына көмек беру үшін алдымен ата-аналар өздері кітап оқуды тастамаса екен. Үйдегі үлкендер телефон мен түрлі гаджеттерді кітап оқуға айырбастаса, бала да солай жасайды. Шығыс мақалында айтылғандай, баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле. Күнбе күн кітап оқып отырған әкені немесе ананы көріп өскен баланың санасы сол жайтты қабылдайды. Бала үшін кітап оқу тамақ ішу қажеттілігімен пара-пар болатын деңгейге жетеді.
P.s. Күнделікті кітап оқу көп адамдар үшін қолжетімсіз. Барлығымыздың сылтауымыз бір –  «уақыт жоқ». Күнде өзгеріп жатқан дүниедегі рухани байлық – кітапты жолсерік етуді ұмытпаңыздар!

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ
Ruh.kz
Мурзабекова Джамиля, Ruh.kz