14 Ақпан, 2019
Қызылорда мектептерінде ерекше кабинеттер ашылуда

Оқушылардың тың ізденістеріне серпін беруді көздеген игі бастама Қызылорда қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы мектепте жалғасын тапты. Оқу орнындағы танымдық шаралар мен үйірме жұмыстары осы ерекше кабинетте өтетін болады. 


    «Рухани жаңғыру» кабинеттерінде түрлі танымдық шаралар өтіп қана қоймай, түрлі үйірмеге біріккен жастар мектеп мұражайын ашып, оған жәдігерлер жинақтауға кіріскен. Әзірге шағын музейге алғаш болып, мектеп түлегі, Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі теміржолшы Мешітбай Қаржаубаевтың орден-медальдары мен тұтынған заттары қойылды.



    «Біздің өлкеміздің тарихи жәдігерлерін жинақтап, өзіміздің мұражайымызға әкеліп қойып, оны одан әрі нығайта түсеміз. Келген адамға тамсандыратындай көп нәрсе жасаймыз деген үміттемін», – дейді оқушы Айдана Мақсұтқызы.



  «Сен білімді бол, сен ақылды бол, бірақ соның барлығы еңбекпен келетінін сол балдарға паш еткізіп, сол балдарға түсіндіріп, солар түсінсін, солар көрсін деген мақсатпен мына іс-шараға көңіліміз толып, рахметімізді айтамыз», – дейді ардагер ұстаз Аршагүл Қаржаубаева.



    «Рухани жаңғыру» деген атаумен арнайы кабинет ашудың астарында үлкен мән жатыр. Төрт қабырғадан тұратын аядай бөлме ұлттық дәстүр, салт-сана, тарих пен тағылым сынды ауқымды тақырыптарды бір арнаға түйстірмек.



Айнұр Нұрманғалиева, RUH.KZ


Ruh.kz
автор