26 Мамыр, 2018
Қызылордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 600-ден астам ізгі істер атқарылды

Сыр өңірі жаңғыру мен жаңару жолында


Біз айтқалы отырған игі бастамалар – Қызылорда облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында қазіргі таңда атқарылған игіліктерінің бір парасы. Ал облыс басшылығы мен аймақтағы кәсіпкерлер тізе қосып жасаған шағын бизнес пен өндіріс, білім мен медицина секілді салаларда атқарылуы тиіс жоспарлары көп. "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының негізгі мақсатын тереңінен түсініп, сол бойынша сүбелі еңбек етіп жатқан Қызылорда облысының халқын, басшылығын өзге аймақтарға үлгі етіп көрсетуге болады. 



"Заман дамып, әлемдік өркениеттің кешегісі мен бүгінінде алуан түрлі өзгерістер орын алып жатқан құбылмалы заман тұсында кез-келген ұлт өз-өзін тани білуге тиіс. Тани білу тек ата-баба батырлығы немесе ру көлеміндегі көкірек кере айтатын аңыздар емес, жалпыұлттық құндылықтар, ұлт тарихы, ұлттық жәдігерлерді асқан көрегендікпен көре білу, соларды көзіңнің қарашығындай қастерлеп сақтау. Бұл орайда елбасының сана жаңғырту қажеттілігін асқан данышпандықпен аңғарып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жазғаны, аталған мақаланың ұйқысын аша алмай маужыраған ұлтқа және мемлекеттік қызметтің кез-келген сала қызметкерлеріне үлкен сілкініс әкелді. Міне, бүгінде сол мақала мемлекеттік маңызды бағдарламалардың біріне айналып, өңірлердің барлығы сол бағытта тер төгіп жатыр".  



Осындай жантебірентерлік сөздерді Қызылорда облысы көлемінде «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асып жатқан игі істерді таныстыру мәслихатында аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев айтты. 



Қырымбек Елеуұлының айтуынша, тарих қойнауына кеткен өткен жылдың еншісінде бірнеше ізгі әрекеттер орын алды. Облыс көлемінде ұйымдастырылған 600-ден астам іс-шараның қай-қайсысы болса да, ұлт пен халықтың игілігіне бағытталды. Бұған қоса, Қызылордада заманауи нарыққа сәйкестендірілген әрі тұрғындарды жұмыспен қамтуға зор мүмкіндік беретін арнайы 79 жоба іске асты. Аталған игіліктердің ең үлкені – «Қазақстанның киелі жерлері». Туған жерге ұрпақ ретінде қызмет жасау парыз екенін ескерсек, аймақтағы айтулы орындарды қалпына келтіру және олардың тарихын жаңа ұрпаққа насихаттау – сол борыштың аз да болса өтеуі. Міне, Қырымбек Елеуұлы бас болған аймақта «Қазақстанның киелі жерлері» бағыты аясында 12 нысан жалпыұлттық тізімге, 35 орын өңірлік маңызға ие ескерткіштер қатарына қосылған. Ал техникалық жабдықтар арқасында жасалған интерактивті картаға әртүрлі деңгейдегі 150 жәдігер кіргізілген. 



Енді жоғарыда айтқан тізімдерімізді толыққанды тарқатып өтейік. Алдымен, жалпыұлттық маңызға ие болған құндылықтардың көшін Қазақ хандығының алғашқы астанасы – Сығанақ бастайды. Бүгінде топырақтан үй салған кішкене ғана төбе сияқты болып жетімсіреп жатқан көне қала үшін осындай арнайы жобалардың қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Сығанақ туралы бірнеше журналист арнайы сюжет жасап, қарт астананы туризмнің қайнаған ортасына айналдыруды бірнеше рет ұсынып еді. Міне, Елбасының асқан көрегенділігінің арқасында өктен тарихымызды насихаттайтын әрі оларды табан асты етпей, жоғары қойып дәріптейтін күн туды. Сығанақпен қоса бірнеше қала, тіпті, ЮНЕСКО-ның арнайы қорғауындағы аймақтар тізіміне ену мүмкін екені айтылып жүр. Қазақтың адам аяғы баспайтын сайын даласының төсінде жұртта қалған жетім баладай жатқан көне жәдігерлеріміздің барлығына алдағы уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, тіпті, тоғыз жолдың торабын түйістіріп тұрған бірнешеуі хандық дәуірдегі тұрмыс-тіршіліктің картинасын көрсету үшін байырғы дүрілдеген уағына қайтару көзделуде. Туризмді тарихпен ұштастырып, жалпақ әлемге өзіңнің кім екеніңді, алпауыт қойнауыңда қанша асыл мұраның жасырынып жатқанын жария етуден асқан қуаныш болсын ба?! 



Ал осыдан бірнеше жүз жыл бұрын Сырдария өңіріндегі Жаңадария өзені бойында, Жалағаш ауданына қарасты Аққолқа ауылының маңындағы оғыздар мекен еткен Жент қаласы бар. Әлі күнге өзіне лайық зерттеуін ала алмай жүрген ежелгі қала Қызылорда облысында қолға алынып жатқан әрі іске асыру жұмыстары қызу басталып кеткен «Қазақстанның қасиетті жерлері» жобасының тізімінен ойып тұрып орын алды. Осы күнге дейін жөнді атқарылмай келген тарихи жәдігерлерді дәріптеу барысында оғыздардың жұрты тысқары қалмаса керек. Жент қаласымен үзеңгілес Жанкент, мұнаралы қала Шірік-Рабат қалалары бар. Ал дәуірінде дүйім жұртты ауызына қаратқан ерек туған бабалар кесенелері мен мазарлары қасиетті орындарға кіргені асқан көрегенділікпен жасалған шешім деуге кедергі жоқ.  



Жоғарыда айтылған тарихи һәм мәдени ескерткіштердің әрбірінің өзіндік тарихы, өз алдына қайталанбайтын ерекшеліктері бар. Соның бірі- Қызылорда облысына қарасты Қармақшы ауданында орналасқан Қорқыт ата мемориалдық кешені. Мемориалдық кешеннің дәл жанында этноауыл орналасқан. Қорытынды барысында өткен жылы аталған мәдени кешенді және этноауылды тамашалап, аңызға бергісіз тарихы бар мемориалдық ескерткішті көру үшін қазақстандық және шетелдік 15 мың адам Қармақшы ауданына бет бұрған. 



Тарих парасына қайта көз жүгіртіп, асыл мұраны қастерлеп, «Рухани жаңғыру» мақаласының қағидаларына толық сәйкес деуге болатын қарекет қылып жүрген, облыс басшылығының ізгі әрекеттері мұнымен аяқталған жоқ. Облыстың тарихи-өлкетану мұражайында «Қасиетті Қазақстан және археология» атты жаңадан зал ашылып, аймақтағы 12 музейдің экспозициялары жаңартылыпты. Өңірдегі мәні жоғары «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» және «Ақпарат толқыны» секілді кіші бағыттар әзірленіп, жол картасы негізінде 81 нақтыланған жоба жүзеге асырылыпты. Үстіміздегі жыл дәл осындай мақсаттарды іске асыру үшін облыстық бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл – бір. Қаржы жетіспеушілігі орын алмас үшін жекелеген және акционерлік қоғамдардан, жалпы демеушілерден 22 миллиард теңге қаражат тарту жоспарда бар екені туралы сөз қозғалды. 



 Аталған бастамалардың келесі легін білім саласы іліп әкетеді. Атап айтсақ, Қызылорда облыстық Қорқыт ата атындағы Мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру» атты кафедра ашылып, жаңа институтта «Мәңгілік Ел және ұлттық дәстүр», «Өркениеттің негіздері» атты арнайы жолға қойылған пәндер оқытылуда. Бұдан бөлек, орта және арнаулы білім беретін оқу ордаларында қазақ тілінде дәріс алатын оқушыларға арналған «Өлкетану» атты оқу құралы әзірленіп, аталған оқулықтың сараптамадан, мамандар талқысынан өткен нұсқасы баспа өндірісіне жолданса, облыс орталығында орналасқан ерекше дарынды балаларды іріктеп алып оқытатын «Дарын» қосымша білім беру орталығы жанынан физика-математика бағытындағы мектеп-интернатты ашу барысындағы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. 



 – «Сыр елі – жыр елі» дейтіндей болашақта облыс орталығында заманауи деңгейде жарақталған жыраулар мектебі «Қазақ дәстүрлі өнер академиясын» ашып, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде жыршылық дәстүрді насихаттайтын боламыз, оған ел көлеміндегі барлық талантты жас­тарды тартуды ойлап отырмыз, – дейді Қырымбек Елеуұлы.  



Аймақ әкімінің бұл сөзіне сәйкес, облыс көлеміндегі өнер саласында атқарылып жатқан бірнеше игі істерге шолу жасап өтелік. Соңғы төрт жылдан бері аймақта халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық- музыкалық өнер фестивалін өткізу дәстүрге айналып, бұл мәдени шараға Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Тува, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Англия, Түркия, Қытай және еліміз өнерпаздары қатысып, жыл өткен сайын фестиваль ауқымы кеңейіп келеді. Аталған типтегі іс-шаралар ұлт мәдениетінің, ұлт руханиятының жаңарып-жаңғыруына сеп болатынын айтпаса да белгілі. 



Сондай-ақ, алдағы күндері облыстың тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін фотоальбом жарық көрмек. Бұл жинаққа АҚШ пен Еуропа елдері архивтерінен алынған Сыр өңірінің тарихына қатысты тың деректер тұңғыш рет жарияланбақ. Осы тың деректер арқылы аймақтың тарихы жаңарып, ата-бабаларымыз туралы уағында өзге ұлт өкілдері не жазғанын аңғаруға әбден болады. Демек, бұл бастаманың маңызы өте зор.  



Облыс көлемінде «Туған жер» бағытын сәтті жүргізу үшін өткен жылы жеке кәсіпорындар мен жергілікті әкімдік арасында өзара ынтымақтастық және серіктестік келісімі жасалынып, келісімшарт нәтижесінде меценаттар қаржысының есебінен білім ордалары, медициналық орталықтар, сонымен қатар, мәдениет ұйымдарының ғимараттарын жаңартып, балалар ойнайтын түрлі алаңдар, аллеялар, скверлер және саябақтар салуға 6 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалынған. Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының "Туған жер" бағытының да негізгі мақсаты - осы. Мүмкіндігі жеткілікті азаматтардың өздерінің кіші Отанына деген махаббаттарына түрткі болып, өз өлкелерін көркейтуге атсалысудың бірізділігін жасау - негізгі мүдде.  



 Қызылорда облысының білім саласы да күн санап қарқынды даму үстінде.  Облыста университет жұмысын жандандыру және колледждердегі білім сапасын арттыру жұмыстарының тамаша нәтиже көрсетіп жатқанынан бөлек, шетелдік және ТМД көлеміндегі елдермен керемет келісімшарттар жасалған. Мысалы, бүгінде қызылордалық 452 түлек аталған келісім аясында Ресей Федерациясы үкіметінің қаражаты есебінен Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларының беделі мен білім сапасы айтарлықтай биік жоғары оқу орындарында өздері қалаған мамандықтар бойынша тәлім алуда. Тәлімгерлердің көпшілігі бүгінде мемлекеттік міндеттерді орындау мен шағын бизнес аясында аса үлкен қажеттілік туғызып отырған техникалық мамандықтарды таңдаған. Бұл ретте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев: «Қызылорда – осындай білім беруді ұйымдастырып беріп отырған еліміздегі бірден-бір облыс», - дейді. 



Айта кету керек, үстіміздегі жылдың жаңа оқу жылынан бастап, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» секілді мамандықтар бойынша қызылордалық жас түлектер үшін арнайы 20 грант тағайындалған. Ал Татарстан басшысы жыл сайын сыр өңірінен шыққан жиырма үміткерге өз елінің қазынасынан Иннополис университетіндегі ақпараттық және цифрлы технологиялар бойынша оқытуға үлкен демеушілік көрсетіп отыр. Бұдан бөлек, жыл сайын облыс көлеміндегі аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 100-ге жуық  дарында талапкерлер облыс әкімінің гранты бойынша түрлі мамандықтарды игеру үстінде. Өзге елден сапалы білім алған, тәжірибе жинаған мамандар мемлекетіміздің түрлі салаларына серпіліс әкелері сөзсіз. Осындай мүмкіндіктерге жол ашқан келісімдерді жасауға мұрындық болған "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының бары көз қуантады.  



  


ruh.kz