12 Ақпан, 2018
Қызылордада жастарға ұлттық тәрбие беру мәселелері талқыланды

Қызылорда облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханада «Рухани жаңғыру» орталығының қызметкерлері үкіметтік емес ұйым мүшелерімен кездесті.



«Кездесуде Елбасының Қазақстан халқына жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты облыстық ішкі саясат басқарма басшысының орынбасары Қ.Қ.Есбосын, «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы қоғамдық қорының төрағасы Ж.Б.Тұсмағамбетов, «Ұшқын» мүгедектердің құқығын қорғау және жәрдем беру» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Жұмашев, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Н.К.Мыңжас, «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің облыстық филалының төрағасы С.Ә.Аңсатов, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ж.Егізбаевтар өз ойларын ортаға салды», - делінген хабарламада.




Басқосуда туған жерді түлету, жас ұрпақ тәрбиесі жайлы мәселелер талқыланды. Ұлттық сананы дамытуда жастарға рухани құндылықтарды насихаттау маңызды. Осы бағытта бірнеше ұсыныстарын білдірген Ж.Егізбаев жас ұрпақтың дені сау, жаны таза болуға бағыттайтын шараларды өткізу керек, деді.



Мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Ұшқын» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Жұмашев өз сөзінде туған жерді түлетуді мақсат ететінін, сондай-ақ Қызылорда қаласын көгалдандыруға байланысты алдағы жобасы туралы баяндап берді. Басқосу соңында «Ұшқан» қоғамдық бірлестігінің жетістіктері мен аймақ дамуына қосқан үлесі, қайырымдылық шаралары туралы бейнеролик қойылды. Қоғамдық бірлестік жұмысын тамашалаған үкіметтік емес ұйым мүшелері оларға толағай табыс тіледі. Сыр өңірінде елін, жерін дамытуға қолдау білдіретін азаматтардың қатары әлі де арта түспек.


ruh.kz