9 Тамыз, 2020
Көбейтұз көлінің балшығын әкетпек болғандар анықталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Тұрғындар Көбейтұз көлінің балшығын әкетпек болғандар анықталды. Бұл туралы ҚР Экология министрлігі мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен аталмыш көлге ұйымдастырған кезекті рейд барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Рейд кезінде Көбейтұз көліне барған министрлік өкілдері мен журналистер тыйым салынғанына қарамастан отбасылық жұптың блокпосты айналып өтіп көлге барғанын анықтады. Ерлі-зайыптылар көлге барып қана қойма, оның лай балшығын күрекпен қазып бірнеше шелекке салып алған. «Табиғатқа деген мұндай айуандық жиналғандардың жағасын ұстаты. Рейдке қатысқан Ерейментау ауданының әкімдігі өкілдерінің сөзінше, жақында ғана олар волонтерлермен бірлесіп көлді қоқыстан тазартқан. Алайда, соған қарамастан тұрғындар әлі де санасыздық танытуда», - дейді ҚР Экология министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ыбраева. Оның айтуынша, ҚР Экология министрлігі ІІМ мен жергілікті әкімдіктерге заңбұзушыларды жедел жазалау шарасын қолға алуды және көлді қосымша қорғау туралы өтініш жолдайды. Сонымен қатар, министрлік ел азаматтарына мұндай әрекетке бармай, керісінше қоршаған ортаны қорғауда ұқыптылық танытуға шақырады. Бұдан бөлек, Экология министрлігі ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта экологиялық заңнаманы бұзғандар, оның ішінде табиғатқа зиян келтіргендер үшін жаза қатайтылатынын еске салады.

KazInform

Фото: KazInform сайтынан алынды