14 Желтоқсан, 2017
Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу конкурсынан өткен шығармаларға 150 млн теңге бөлінеді

Бұған дейін жарық көрмеген шығармаларды ұсынған автор ағымдағы жылдан бастап мемлекеттен 3 млн теңге көлемінде қаламақы ала алады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде өткен Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссия отырысында мәлім болды.


Жалпы Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу конкурсына 90 авторлық шығарма келіп түсіп, іріктеу барысында сараптама комиссиясы 56 шығарманы сатып алуға болатын жөнінде қорытындысын шығарды.



Мәдениет және спорт министрлігі Әкімшілік департаментінің директоры Еренай Дәржібаевтың айтуынша,  Мәдениет туралы заңға өзгертулер мен түзеулерге сәйкес 2017 жылғы 18 шілдеде қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату қағидалары бекітілген болатын.




«Конкурстың авторға қоятын негізгі талабы – бұрын жарық көрмеген шығармаларды ұсыну. Осы негізде, қоғамға маңызы зор деген шығармаларды сатып ала отырып, болашақта жазушыларымыздың тың тақырыпта жаңа бағыттағы туындылар жазуына серпін беру – басты  мақсат. Қазіргі таңда қағидада көрсетілген 9 бағыт бойынша: энциклопедиялық және анықтамалық, балалар мен жасөспірімдер, мәдениет және өнер, көркем, танымдық, қоғамдық, ғылыми көпшілік және аударма әдебиеттер сатып алуға 90 өтініш келіп түскен», - деп хабарлады Еренай Дәржібаев.




Комиссияның мәліметінше, келген әдеби туындыларға сараптама 3 айдай уақыт бойы жүргізілді. 



Айта кету керек, 1 баспа табаққа мемлекет 150 мың теңге қаламақы төлейді.




«Мәселен, 20 баспа табақ – орташа кітапты шығару қолдау тапқан жағдайда 3 млн теңге қаламақы алуға болады. Бұл өте жақсы, себеі авторлардың 90 пайызы жастар. Алдағы уақытта бұдан да көп шығармалар келіп түседі деген үміттеміз. Себебі, биылғы жылғы шығармалар сатып алынатын авторларға төленетін қаламақы олардың болашақта одан да зор туындылар жазуына одан да зор ықпал етуі мүмкін. Осыған орай, сараптама комиссиясы әр шығармаға сараптама жасап, іріктеу жұмыстарын жүргізді», - дейді Е. Дәржібаев. 




Комиссияға Мырзатай Жолдасбеков, Ғарифолла Есім, Мұрат Бақтиярұлы, Үмітхан Мұңалбаева сынды белді қоғам қайракерлерінен тұратын сарапшылар тобы кірді.




«Бұл тәуелсіздік алғалы бері, біздің бағымызға бітпеген бақыт, қуаныш. Аталған шара ТМД мемлекеттерінде жоқ жағдай. Сондықтан, мұны мемлекетіміздің үлкен табысы деп есептейміз. Осыған байланысты қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару, оларды тарату туралы сараптама комиссиясы құрылған еді. Биыл министрліктің атына 90 авторлық шығарма келіп түсті. Еш жерде жарияланбаған, бұрын жарық көрмеген, тың әдеби шығармалар ғана талқыланады», - деп атап өтті комиссия мүшесі Мырзатай Жолдасбеков.




Өз кезегінде, қоғам қайраткері Ғарифолла Есім комиссияның басты назары шығарманың көркемдік құндылығында екендігін жеткізді.




«Шығармалардың көлемдері көп, ал өз кезегінде олардың бәрін оқып шығу керек, қиын жұмыс. Көркемдік құндылығы төмен шығармаға көмек жасаудың қажеті жоқ, ал көркемдік құныдылығы биік шығармаға көмек жасау біздің парызымыз. Шығарма ұсынғандардың көбі жас автор, орта буын авторлары болды, біз оларды қолдадық. Алайда, біз сараптаған шығармалардың көбі ретсіз келген, қате көп, жүйелік жоқ. Осындай шығармалар, әрине, өзінің тиісті бағасын алды», - деп санайды Ғарифолла Есім.




Аталған конкурстан өткен барлық шығармаларға мемлекет жалпы 150 млн теңге бөліп отыр. 56 шығарманың әрбіреуі 5 000 данамен жарыққа шығатын болады.



Ақбота Күзекбай 


ruh.kz