21 Маусым, 2018
Көкшетауда «Қазақтану» жобасы таныстырылды

Бурабай курорттық кентінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.


«Қазақтану» жобасы Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған.



Шарада сөз сөйлеген ҚХА төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко аталған бағыт халықтар арасындағы бірлікті нығайтуды көздейтінін атап өтті.



«Бүгін біз Абылайхан алаңында «Қазақтану» жобасының тұсаукесер рәсімін өткіздік. Бағыт аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Бүгін біз республикалық деңгейде Қазақстан халқы Ассамблеясы лекторийін өткіземіз. Ол еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылады. Тақырып аясында біздің лекторларымыз аудандар мен шалғай ауылдарға барады. Бастаманың басты мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін нығайту», - деді ол.



Осы орайда «Қасиетті Қазақстан» орталығының жетекшісі Ерік Әбдіғалиұлы аталған жобаға қатысты өз пікірін білдірді.



«Қазақтану» бағытына біз қолдауымызды білдіреміз. Себебі, басқа ұлт өкілдері қазақ елінің тарихын, тілін білсе, бұл еліміздегі тұрақтылықты одан әрі нығайта түседі. Бұл – тұрақтылық кепілі. Ал қазақ мемлекетті құраушы ұлт болуы қажет, cондықтан, біз еліміздегі бейбітшілікті сақтап, елімізді одан әрі дамыта түсуіміз керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының аталған бағыты да оcыны көздейді», - деді жетекші.



Сондай-ақ, іс-шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мүсірәлімова, Мемлекет тарихы институтының директоры, т.ғ.д., профессор Бүркітбай Аяған, және еліміздегі жетекші институттардың ғалымдары, қоғам қайраткерлері, республикалық жастар бірлестіктері және ҚХА кафедраларының өкілдері қатысты.



Сонымен қатар, бағыт аясында «Қазақстанның қасиетті географиясы», «Жидебайдың жұлдызды даласы», «Шығыстың рухани керуені», «Қазақ тілінің ұлттық корпусы», «Ақмола облысының тарихи топонимикасы», «Рухани жаңғыру шеңберіндегі Қазақтану мәселесі», «Қазақстантану және қазақтану: ұғымдардың арақатынасы», «QazanNan-ның рухани және интеграциялаушы күші» тақырыптары бойынша баяндамалар оқылды.



Іс-шара шеңберінде «Жер тарихы – ел тарихы» экспедициясы ұйымдастырылды. Енді экспедиция мүшелері Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қасиетті әрі тарихи мекендерді, қоныстарды, кесене-зираттарды аралап, өздерінің көрген-білгендерін пайдаға асырмақ. Арнайы экспедицияның да мақсаты сол - еліміздегі батыр бабалар кесенелері, тарихи орындар, табиғат тарту еткен керметтер, көне қалалар секілді ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге атсалысу. "Қасиетті Қазақстан", "Қазақстанның киелі географиясы" сынды кіші бағыттардың да көздеп, жылдамырақ жүзеге асыруды мүдде етіп отырғаны - осы жол. 



Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласының кіші бағыттары бойынша республика көлемінде өте қарқынды жұмыстар атқарылып, бастамалардың алды жеміс бере бастады. 


ruh.kz
Dailymotion.com