30 Наурыз, 2019
Көпен Әмірбек: Суретші болуды армандаған едім

Көпен Әмірбек!



Сатираның саңлағы,  республикалық «Ара» сықақ журналының бас редакторы, көптеген сатиралық кітаптың авторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек ағамен сұқбат қазіргі қазақ сатирасының жай-күйі, алғашқы туындылары, күлкінің киесі жайында өрбіді.  


Айтқандай, біздің сұқбат сықақшының туған күнімен дөп келіпті. Ал, алдағы айдың басы, яғни 1 сәуір – күлкі күні ретінде белгілі еді, сол атаулы күнге орай ұйымдастырылған әңгіметұғын. Қабыл алыңыздар!





Ruh.kz: Ассалаумағалейкум, Аға! Алтын уақытыңызды қыйғаныңызға рақмет. Бүгінде сатира жанрында өзіндік соқпағы бар ел ағасы болдыңыз. Осы жол қалай басталды? Бала күніңізде кім болуды армандадыңыз? Сатираға қалай келдіңіз?



Көпен Әмірбек: Мен түбіт иек, түкті бас кезімде суретші болсам деп армандадым. Арыстың Сырдарияға құятын сағасында, өзеннің жағасында, қамыс, тоғайдың арасында өстік. Әке-шешеміз ақ таяқ ұстап, ақтылы қой айдаған қойшы болды. Біз ел көрген жоқпыз, жер көрдік. Әмударияменен Сырдарияның ортасында сыңсыған бұйра-бұйра құм, жантақ, қоянның көжектері, тасбақа, анда-санда зеңгі көктен неше түрлі ұшақтар артына ақ бояуын жағып ұшып бара жататын. Бала күнімізде «Бұл не өзі?» деп таңғалатынбыз. Өзі ағып бара жатады, артына ақ бояуын жағып бара жатады. Екі көзімізді көкке қадап, ұзақ қарап тұрушы едік. Бұл біздің бала күніміздегі арманымызды көкке көтергендей болды. Біздің ойыншығымыз жаңағы тасбақа мен қоянның көжектері болды. Ол кез соғыстан кейінгі уақыт экологияның таза кезі қоянның көжектері аттаған сайын алдыңнан шығып, қаша алмай тырбаңдап жататын. Сол көжектер мен тасбақаларды жинап, өзімізше жасаған қораға қамайтынбыз. Таңертең тұрсақ не бір тасбақа жоқ, не бір көжек жоқ қай жерден қалай шығып кеткеніне таңғаламыз. Тұтқыннан құтылудың жолдарын, қоршалған кездегі қиындықтардан шығуды біз сол көжектер мен тасбақалардан үйрендік. (Күліп)



Қазақ сатирасының асқары Көпен Әмірбек пен танымал журналист, публицист, "Айқын" газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп



Бала кезімізде бүкіл ауыл болып бірінші редакторы Ғабит Мүсірепов, одан кейін Қайнекей Жармағамбетов, сосын Жүсіп Алтайбаев редактор болған  «Ара» деген журналды оқып тұрамыз. Сондағы карикатураларды көреміз, «Балдырған» журналындағы Никалай Казанцев, Безелюк, Ахметбеков, Табылдиев деген суретшілердің салған суреттеріне қарап, «мен де осындай суретші болсам екен» деп армандап отыратынмын. Сурет салып редакцияға жіберіп тұрамын. «Көркемдігі төмен әлі де іздене түс» деп хат келеді. Сонымен, жетінші сыныпта оқып жүрген кезімде қәзіргідей коньки жоқ, велосипед жоқ болған соң, біреулердің ескі велосипедінен жамап-жалғап велосипед құрастырамыз, бірақ ол жүріп оңбайды. Содан мен, «Құрама велосипед» деген сурет салдым. Рөлінің орнына арқардың мүйізін, дөңгелектерінің орнына арбаның дөңгелектерін қойып, қасына қызықтап қарап тұрған балаларды қосып сурет салдым. Осы суреттің «Балдырған» журналына шығуы үшін суреттің мазмұнын ашу үшін астына екі шумақ өлең жазып қосып жібердім. Ол өлеңім:



«Спорт, Жұмыс, Арнабек велосипед құрап жүр,



«Сенде рама бар ма?» деп, көрінгеннен сұрап жүр.



Жинай-жинай әркімнен велосипед құрады,



Шықса бірақ жарысқа, орта жолда тұрады».



Бір жылдан кейін жаңағы журналда менің суретім емес, осы өлеңім жарияланып тұр. Сол күннен бастап қолыма қалам алдым.



Ruh.kz: «Көпен» деген есіміңіз қандай мағына береді?



Көпен Әмірбек: Осы сұраққа біразға дейін жауап бере алмай жүрдім. Осыдан 1 жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз бір полковникке генерал атағын берді. Аты – Көпен екен. Шығыста Көпен деген ақын бар. Көрген емеспін, бірақ өлеңдерін оқып тұрамын. Мен Оңтүстіктің Көпенімін, жаңағы генерал Арқаның Көпені. Көпендер көп екен. Шынында бұл не? Бір күні өсімдіктер деген кітапты ашып, ақтарып отырсам неше түрлі шөптердің атауы, түсіндірме сөздігімен қоса жазылған кітап екен. Содан бір бетті ашып қалсам «Көпен» деп тұр. Шөп екен деп үңілсем, жоқ бабаларымыздың шалғы-орақпен 100-200 метр шөпті орғандағы бірінші орымды солай атаған екен. Осы он көпенді қосқандағыны көпене, он көпенені қосқандағыны шөмене, он шөменені қосқандағыны мая дейді.  



Шешем он бала туған алтын құрсақты ана. Тұңғышы –  менмін. Менің әжем тұңғыш немересінің атын «көпене болсын, шөмене болсын, әулеті өсіп маядай болсын» деген ниетпен Көпен атаса керек. Біз осыны ұмытып кеттік. Менің атым сол ескі атауды жаңғыртқандай әсер етеді.



Ruh.kz: Сахнаға қалай шықтыңыз?



Көпен Әмірбек: Мектептен кейін оқуға түсе алмай қалдым. Аудандық халық театрында жұмыс істеп, келесі жылғы оқуға барғанға дейінгі 10 айдың ішінде Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» пьесасында, Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» деген комедиясында, Қалтай Мұхаметжановтың «Қуырдақ дайын» деген комедиясында сондай-ақ, Асқар Тоқмағанбетовтың, Сейіт Кенжеахметұлының сықақтарын оқып жұртты күлдіруге тырысып жүрдім. 



Журналист Сұлтан Мұстафин мен сатира саңлағы



Ruh.kz: Сейіт Кенжеахметұлын айтып қалдыңыз ғой. «Күлдіру – қыйын, күлкі болу – өлім» деген сөз сол кісіден қалғанын білесіз. Өзіңіздің туындыларыңызды қашан жазып, қашан оқып бастадыңыз?



Көпен Әмірбек:Бір күні Шілік ауылына барып 100-150 адамға концерт қойдық. Сол концертте мен Асқар Тоқмағамбетовтың «Май мұрынға – май шелпек» сықағын оқып жатқанымда бірінші қатарда отырған бір адуынды кемпір «әй, шырағым, осы әзілден басқа әзілдерің жоқ па?» деді. Сахнадан әзер түстім. Сосын қашанға біреудің әзілін оқып, біреудің рөлін ойнап жүре беремін деп ой-өрісім ашылды. Сол күннен бастап мен сықақ жазып кеттім.



Ruh.kz: Бірінші сәуір сықақшылардың халықаралық байқауы өтетін күн. Байқауды мереке қылып жіберген жоқпыз ба?



Көпен Әмірбек: Ештеңеден қорықпайтын адам күлкіден ғана қорқады. Күлкі болудан қорқады. «Досқа таба, дұшпанға күлкі қыла көрме» деп жалынған қазақпыз ғой. Темірбек Қожекеев ұстазымыз «Күлкі қаһарлы қару, оны қолдан түсіруге болмайды» деп құлағымызға құйып кеткен. Ғаббас Қабышұлы секілді биліктің ырқына жығылмайтын, қартаймайтын қарт, шаршамайтын шал барда бұл күнді неге атап өтпеске?  



Ruh.kz: Осыны өзімізге ыңғайлап, Алдар көсенің немесе Қожанасырдың біреуіне еншілеп алуға болмас па?



Көпен Әмірбек: «Арманы жоқ адамның пәрмені жоқ» дейді ғой. Көптен бері көкейде жүрген арманым осы еді. Түркістаннан сатира сарайын салса деймін. Иманның, руханияттың орталығында сатира сарайының болғаны меніңше тамаша дүние. Бұл Қазақстанға ғана емес, бүкіл Түркі жұртына ортақ. Сосын Орта Азияға халықаралық күлкі күнін әкелу керек. Бізді тығырыққа тіреген бір дерт бар. Ол – жемқорлық. Тәуелсіздік алғалы бері обыр ауруы секілді сыбайлас жемқорлық, парақорлық, ашкөздік, аярлық, тойымсыздық пайда болды. Біз неге осымен күреспейміз? Күресудің бірден бір жолы – сатиралық орталықтың ашылуы. Бірінші сәуірді моншаға түскен секілді бірін бірі алдап, сайқымазақ болып «ананы қатырдым, мынаны алдадым» деген жеңіл күнге айналдырып алдық. Біз бірімізді біріміз «қатырмауымыз» керек.  Біз мына құртпен күресуіміз керек.



Ruh.kz: Күлдіру оңай шаруа емес. Десе де, қағытпа қалдың қанында айналып жатқан қазақтың сатирасы бүгін қандай күйде?



Көпен Әмірбек: Біздің қолымызға оғы жоқ мылтық беріп қойды. Ал, ат дейді. «Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресейік» деп айқайлап шығамыз. Ататын дәріміз жоқ. Оқтаусыз мылтықтан он адам қорықса, артынша олар да сескенбейтін болып алады. Өйткені біздің қолдан келер қайран жоғын біледі. 100 жылдық тарихы бар сатиралық журналымыз қазір айына бір рет газет болып шығады. Телеарна басшыларына «Тисе терекке, тимесе бұтаққа сандалып жүрген әзіл-сықақ шоуларға, сайқымазақтарға тыйым салып, орнына есі дұрыс, халықтың мұң-мұқтажын айтатын дүниелерді жасасақ болма ма?» деп айтып-ақ бақтым. «Телеарналарда өздерінің сатиралық бағдарламалары бар, қосымша сатиралық бағдарламаны артық деп санаймыз» деп, хат жіберуден аса алмай тұр. Ол бағдарламалар әйтеуір тарс-тарс атып жатыр, бірақ құлатып жатқан ешқайсысы жоқ.



Ruh.kz: «Араның жабылғаны – қазақ сатирасының қара жамылғаны» деген екен Қалтай Мұхаметжанов. Бүгінде «Араның» хәлі қалай?



Көпен Әмірбек: Бұрын ара ызылдағанда, мынау шағып алмасын деп жасқанатын жұрт бүгінде ара тұрмақ жылан шақса да пысқырмайтын хәлге жетті. Бағзыдан бірінші қатарда болып келген баспасөз қазір тағынан тайған. «Араға» Серік Аббас Шах секілді әлеуметтік желіні меңгерген, қайсар да сапалы сатириктер қажет.



«Құдайым сауысқанға бақыт берсе,



Самұрық қызмет етер саясында» деп жазылған екен ХVІІІ ғасырда. Бізде соның кері болып тұр. 



Ruh.kz: Жайдарман, КТА туралы не айтасыз?



Көпен Әмірбек: Кейінгі кезде жайдарман жарап жүр. Бұларда бір дәм пайда болғандай. «Сағыз», «Байдың балалары» деген командалар бұрын жақсы ойындар көрсететін. Қазір бұлардың арына басылып қалды. Орнына жаңа командалар келіп жатыр. Бір ойында жұрттың көкейіндегісін айтып, көңіліндегісін ақтаратын екі жақсы әзіл айтылса оның несі жаман?! Жастардың беталысы жаман емес.



Ruh.kz:  Осыдан тура он жыл бұрынғы бір сұқбатыңызда «Тамаша», «Бауыржан шоу», «Шаншар», «Нысана» театрлары туралы айтқан едіңіз. Уақыт өтті. Айтарыңыз, ойыңыз өзгерді ме?



Көпен Әмірбек: Иә. Уақыт ойыңды өзгертеді. Өзің айтқан театрлар қазір телеарналарда көріне бермейді. Оларда тоқырайды, айтарлары таусылады.



Ruh.kz: Өзіңіз машықтап, білгеніңізді үйретіп, дайындап жүрген біреу бар ма?



Көпен Әмірбек: Баяғыда бір самұрық бәйтеректің басына ұя салып, жұмыртқа басады. Содан әлгі жұмыртқаны біреулер ұрлап алып, орнына қарғаның жұмыртқасын салып кетсе керек. Күндердің бір күнінде әлгі жұмыртқа жарылып ішінен қарғаның балапаны шығады. Бірақ, самұрық басып, бәйтеректің басында туған қарға өзін әлі күнге самұрық сезініп келеді.



 Ruh.kz: «Жастар жылында» жастарға айтарыңыз болса?



Көпен Әмірбек: Жастарға жасалған көмек, жастарға берілген білім – болашаққа жасалған ең тиімді инвестиция. Оқыңыздар. Білім алыңыздар. Дамыңыздар. Талпыныңыздар. Еңбектеніңіздер. Ізденіздер!



 



 



Айнұр НҰРМАНҒАЛИЕВА,



Ruh.kz


Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz