13 Қыркүйек, 2018
«Көпке ұмтылған жалғыз» кітабына шолу

Әлеуметтік психологияны зерттеу – бүгінгі қоғамның басты мәселесі. Адам баласы жаратылғалы бері бір ортада ортақ өмір сүруге бейімделген жаратылыс. Дәл осы ортада күнделікті тіршілік жалғаса бермек. Бір адамның өзге адаммен тіл табысуы, тізе қосып қызмет жасауы – ортада жүре білу қасиетімен тығыз байланысты қарекеттер. Керісінше, кейбір адамдар ортада өмір сүруді қолайсыз деп есептеп, жалғыздыққа ұмтылып жатады. Бұл қаншалықты дұрыс?


Біз осы уақытқа дейін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты бағыты бойынша аударылған 18 оқулықтың біршамасына жалпылама шолу жасап өттік. Алдағы уақытта оқырмандарға пайдасы болар деген оймен әрбір кітапқа жекелей әрі тереңдетілген шолу жасап, жағдаяттарды талдап, сараптама жасауды жөн көрдік. Ендеше, бүгінгі назарда жоғарыда аталған бағыт бойынша аударылған 18 оқулықтың бірі – Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» кітабы.



Автор өз еңбегінің алғашқы тарауын «Әлеуметтік психология дегеніміз не?» деп атайды да, осы тарау ішінде өзінің бірнеше жылдар бойы жиған білімі мен тәжірибесін көрсетеді.



Әлеуметтік психология дегеніміз не?



Әлеуметтік психология белгілі бір ортада өмір сүретін адамдардың барлығына қатысты. Өйткені, орта болған жерде пікір болады, ара-тұра пікір қайшылығы болады және үгіт-насихат жүреді. «Адамдардың психологиясына шабуыл жасау» немесе «әсер ету» деген ұғымдарды естіген боларсыз. Міне, адам санасына шабуыл жасау арқылы ықпалды орта өз дегендерін, өздері дұрыс деп есептейтін бағыттарын насихаттайды.



«Адамдардың басқа жандардың сеніміне, сезіміне және жүріс-тұрысына тигізетін ықпалын – әлеуметтік әсер дейміз», - деп тұжырым жасайды автор.



Адамдар әлеуметтік әсерге ортада өмір сүріп жатқандықтан, қалай да бір күні белгілі бір жағдайда тап болады. Сол кезде санаға өзгелердің ой-пікірі, өзгелердің көзқарасы, өзгелер мақтаған дүние үлкен әсер етеді де, тұлғалық көзқарасты ысырып тастауы мүмкін.



Ал өзіндік тұлғалық һәм жеке көзқарасы жоқ азаматтарды әйгілі философ Аристотельдің «қоғамдық жануар» деп атағанын автор сөз басында тілге тиек етеді.



Сөзіміз негізсіз болмасы үшін автордың алғашқы тарауда келтірген мысалдарының бірін назарларыңызға ұсыналық.



«Дебби есімді колледж студенті өзі ұзақ уақыт дос болған жігіттен «Құрметті Джейн» деп басталатын хат алды. Дебби өзін әрқашан бабында ұстап, артық тамақтанбайтынын мақтан етсе де, демалыс күндері осы жігіттің қарамай кеткенін ойлап отырып, бірнеше қорап, «Орео», «Малломар» және «Фиг Ньютон» тәттілерін жеп қояды. Осының бәрі аздай, инженерлік бөлімнің үздік студенті бола тұра, еш қиналыссыз тапсырып жүрген қорытынды емтиханнан құлап қалады».



Бұл жағдаят арқылы автор адамдардың өзіне деген сенімсіздігін, көңілі толмаушылықтың нәтижесін және бір адамның екінші адамға қаншалықты әсер ете алатынын көрсеткісі келеді. Авторлық анықтамада аталған мәселеге қатысты:



«Деббидің артық тамақтануы және үлгерімінің нашарлап кетуі – махаббат мәселесінде жолы болмауына байланысты», - деген тіркес бар.



Жалпы алғанда автор «Әлеуметтік психология дегеніміз не?» деген кіріспе тарауында ортадағы әлеуметтік қысымның немесе психологиялық әсердің адамға қалай ықпал жасайтынын және сол сыртқы психологиялық күштерден қалай арылуға болатыны туралы жеткізген.



Адамдардың жалған ақпараттарға сеніп, толыққанды қабылдауы – конформдылық.



Өзіңіз ойланып көріңізші, сіз қоршаған ортаның ойымен санасасыз ғой? Мысалы, темекі шегу, қысқа киіну, алкогольді өнімдер тұтыну, шаш бояу (ер адамдарға), боқтап сөйлеу сынды дүниелер біздің қоғамның санасына, тіпті, жат дүниелер.



Әрине, аталған дүниелерді тұтынатын адамдар табылады арамыздан. Дегенмен, олардың санасында «бұл ісім ұят» немесе «ешкім көріп қоймасын» деген ой, әсіресе жасөспірімдер қатарында болады.



«Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» оқулығының авторы Эллиот Аронсон ортадағы пікірлер бойынша жүруді, яғни, орта талабына бағына білуді «конформдылық» және өзге ойларды жақын қабылдамайтын қасиетті «нонконформдылық» деп бөліп қарастырған.



Сонымен қатар, бұл тарауда автор жалпы қоғам мүшелерінің сенгіштігі туралы және ақпаратты саралай алмайтындығы туралы, бір бағытта ойлайтыны туралы мәселелерді қарастырады.



Психологиялық қысымнан бөлек, қоғамда топтық қысым деп аталатын жағда       й орын алып тұрады. Топтық қысым адамдардың санасына ешқандай жүк түсірмейді. Бірақ бастапқы ойды түбегейлі өзгертуге әсер етеді.



Өзгеше ойлағаннан гөрі өзге адамдар тобының құптаған пікіріне бас изей салу – адамзат баласына тән қасиет. Тіпті, өзінің бастапқы ойының дұрыстығына белгілі бір деңгейде көз жеткізіп тұрса да, топтың ортақ жауабынан бас тарта алмайтындар бар.



Осы ретте автордың Соломон Эштің классикалық тәжірибесін мысалға алады. «Бұл қандай тәжірибе?» деген сұрақ оқырмандарды алаңдатуы мүмкін. Сондықтан, Эштің 60 жыл бұрын қолданған тәсілі туралы қысқаша айта кетелік.



Соломон Эш сіздердің алдарыңыздағыдай сызбаларды сызып, курстастарынан экспериментке қатысуын өтінеді. Содан төрт адам іріктеліп, оларға іс-тәжірибенің мақсаты түсіндіріледі. Жалпы қатысушыларға қойылатын сұрақ төмендегідей:



«Х сызбасына қалған үш сызбаның қайсысы ұзындығы жағынан жақын?»



Алғашқы болып іріктелген төрт қатысушыға А нұсқасын таңдауға тапсырма беріледі. Артынша тәжірибе басталып, алғашқы кезектегі төрт адам А нұсқасын таңдайды. Ал барлық жағдайдан бейхабар бесінші қатысушы келіп, Х сызбасына ұзындығы жағынан В сызбасының жақын екенін біле тұра, А нұсқасын таңдайды.



Артынша Соломон Эш бұл тәжірибесінен қорытынды шығарып, топтық ойлаудың адам санасына қалай әсер ететіні туралы тұжырым жасайды.



Нәтижесінде адамның санасы қаншалықты мықты болғанымен, топтық қысымның арқасында өзіндік пікірін жоғалтатыны анықталды.



Бұқаралық коммуникацияның қазіргі қоғамдағы өтімділігі. Насихат пен жарнаманы қалай айырамыз?



Қазіргі қоғамда, бүгінгі дәуірде ақпараттың өте жылдам таралатынын әрі түрлі бағытта, түрлі ниетпен таратылатынын айтып өттік. Яғни, адам санасын түрлі жолдармен, түрлі ақпараттарды бұқаралық ақпарат құралдарынан тарату арқылы да жаулауға болады. Осы әрекет арқылы қоғамдық пікірді басқару ісі де әлі күнге дейін жүзеге асып келеді. Сондықтан, журналистиканы, жалпы ақпарат беру, коммуникация саласын «төртінші билік» деп қарастырады.



Автор «Бұқаралық коммуникация, үгіт-насихат және иландыру» деп аталатын тарауда осы мәселелерді нақты мысалдар бере отырып қарастырады.



Эллиот Аронсон тарауда жалпы фильмдер туралы, қоғамдағы пікірдің ақпарат арқылы өзгергенін жеткізгісі келеді. Автор алғашқы мысалдардың бірі ретінде АҚШ-тың Қорғаныс министрі Дональд Рамсфелдтің басынан өткен жағдайды баяндайды.



«АҚШ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфелд Ирактағы соғыстың оңай болатынын ешкім ешуақытта айтпағанын мәлімдеді. Бірнеше сағаттың ішінде мыңдаған азамат онлайн желісіне шығып, Рамсфелдтің төрт жыл бұрын Иракқа шабуылдау қарсаңында соғыстың бірнеше ай ішінде аяқталатынын айтқан мәлімдемесін жарқ еткізді».



Бұл мысал арқылы біз қазіргі уақытта қоғамдық пікір қалыптастыру немесе халықты шошындырмау мақсатында жасалынатын мәлімдемелердегі шындықты немесе жасанды өтірікті абайлап қолдану керектігін байқаймыз.



Әйтпесе, соғыс деген зұлмат ешқашан оңай болған емес. Құзырлы орында отырған басшы тұлғалар халық пен әскердің рухы көтерілсін деген оймен жоғарыда мысалға келтірілгендей дақпырттарды таратуға мәжбүр болады. Дегенмен, алғашқы сөзден түбегейлі айнып кету сенімді жоғалтуға, халық пен басшылық арасындағы қарым-қатынастың бұзылуына әкеліп соғады.



Жақсылық һәм жамандық айтса көбейеді



Қоғамдағы кез-келген әрекет және ол туралы таратылған ақпарат қоғам мүшелерінің санасына тура әсер етеді. Демек, халықтың пікірін дұрыс жағынан басқарып, қылмыс пен бұзақылықтардың алдын алу үшін ақпарат көздерінің қызметтерін саралау керек.



Басты ақпараттар ретінде шынайылықты, адамгершілікті, руханиятты байытуды, заңға бағынуды, заңға томпақ келетін әрекеттер жасағандардың қалай зардап шегетіні туралы материалдар ұсынған жөн.



Бұл – сыналып, өзінің үздік нәтижесін көрсеткен амалдардың бірі.



Автор 1674 жылы Си-Би-Эс студиясы түсірген «Айқайла! Зорлап жатыр» (Cry Rape) киносының қоғамға қалай әсер еткенін мысалға алады.



Аталған фильмде құрбандарын жемтікке айналдыратын қылмыскерлердің ауыр азапталатыны, полиция қызметкерлерінің барынша жұмыс жасағаны насихатталады. Киноның желісінде қандай әккі қылмыскер болсын, түбі бір тұтылып, темір тордың арғы жағындағы ауыр азапқа жегілетіні суреттелген.



Осы туынды экраннан жарық көргеннен кейін бірнеше апта бойы полицияға зорлық-зомбылық бойынша түсетін арыз-шағымдар деңгейі күрт төмендеген. Бұл – насихаттың нәтижесі.



Демек, ақпарат берудің қай тәсілімен болсын, қоғамдық пікірді басқаруға болады. Өйткені, әлеуметтік психологиядағы бұқаралық үгіт-насихаттың үлес-салмағы басым әрі топтық ойлау тәжірибесінің өтімділігі зор.



Стереотип деген не? Адамдарда біржақты түсініктің қалыптасуына не себеп?



Жалпы қоғамда тұтас бір пікірдің қалыптасу үдерісі және сол пікірдің етек алу үдерісі жүреді. Белгілі бір бағытқа қатысты жалғыз ғана пікірдің болуы – қате түсінік. Себебі, ғылымда дәлелденгендей, пікір қарама-қайшылығының болуы қоғамды немесе адамдар ортасын дамуға жетелейді.



Жер бетінде түрлі топтар бар. Олардың ішінде адамдардың қарасы аз топтар да бар екенін білеміз. Сонымен қатар, біржақты түсінік ұғымына мысал  ретінде нәсілшілдік мәселесін алуға да болады.



Бертін уақытқа дейін ақ нәсілділердің қара нәсілді азаматтарға деген көзқарасы біржақты еді. Оларды қоғамда шеттетіп, барлық жерде кемсітіп жүруге бейім келетін. Бірақ өткен ғасырдың орта тұсында қара нәсілді азаматтардың билік басына келуі, шенді орындарға тартылуы бұл стереотиптердің алдын алды. Қазіргі уақытта кез-келген қоғамда бұл мәселе біршама шешіліп, бір деңгейде қос нәсіл мүшелері өмір сүріп жатыр.



Қоғамдағы біржақты түсініктерді жоюдың ең тура жолы – адамдардың өз ойларын ашық айта алуы. Сонымен қатар, жеке тұлғалық пікірді қалыптастыру арқылы да бұл  түйткілдердің шешімін табуға әбден болады.



Эллиот Аронсон бұл туындысында қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің, оның ішінде адам психологиясы мен социологияның мәселелерін тереңінен толғап, қарастырған. Сондай-ақ, жылдар бойы жиған дүниелерін тағы да бір сүзгіден өткізіп, қағаз бетіне түсірген.



Жалпы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты бойынша аударылған еңбектердің барлығына тән бір ерекшелік бар. Ол – туындылардағы оқырманды тарта түсетін жағдаяттық мәселелер. Қоғамдағы немесе түрлі салалардағы кез-келген адамның алдынан кесе-көлденең шығуы мүмкін түйткілдердің шешімін қалай табуға болатынын, өзге адамдармен қарым-қатынас орнатудағы ерекшеліктер жөнінде кеңінен қамтылған.



Автор кітаптың алғашқы бетіне «Уақыт қажет еткен кітап» деген атпен оқулықтың қысқаша жазылу тарихын суреттейді. Оның айтуынша, осы еңбекті жазуға отырмас бұрын ол өзінің сүйікті қаласы – Сан-Францискодан 30 миль қашықтыққа кетіп, жалғыздықта болған.



Әлеуметтік психология – ауқымы кең тақырып. Автор өзінің бұл кітапта әлеуметтік психологияның барлық бағыттарын анықтама ретінде тізбектемей, оқырманға тікелей қажеті бар деген дүниелермен жұмыс жасағанын алға тартады.



1972 жылы жазылып біткен кітап жарыққа шыққаннан кейін үлкен сұранысқа ие болған. Әлеуметтік психологиядан өзінің болмысын іздеген адамдар осы туындыны жата-жастана оқып, көзқарастарын өзгертіп жатты.



Қоғамда таң қалдырарлық резонанс тудырған оқулықтың «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты бойынша қазақ тіліне тәржімалануы – кез-келген көзі ашық адам қос қолын қатар көтеріп құптарлық іс.



 


ruh.kz
Boiko.family