29 Мамыр, 2018
Көркейген мектеп – «Рухани жаңғырудың» кепілі

Туған мекенге, білім алған алтын ұя­ – мектепке әрбір перзент ыстық ықылас танытып, реті келгенде қол ұшын беріп, көмектесіп жатса, бұл да бір ғанибет. Соның бір дәлелі ретінде Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бөлімі аясында «Алтын ұям» жобасы бойынша өңірдегі түлектер өздері білім алған мектептерге қолдау көрсетті.


Жобаның мақсаты – халықтың санасын жаңғырта отырып, салтанатты мерекелер мен артық шығындардың орнына түлектердің күш-жігерін мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және құрал-жабдықтармен жарақтандыруға ынталандыру.



Атап өтерлігі, Арыс қаласындағы Ә.Жангелдин атындағы жалпы орта мектебінде 5, 10, 15, 20 жыл бұрын бітірген түлектер өз қаражаттары есебінен мұражай ашты. Мұражайға аймақтың дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар жайлы мәліметтер жинақталып, Арыс қаласының құрылу тарихынан сыр шертетін дүниелермен толықты. Бұл келешек ұрпақтың туған жер тарихын танып-білуіне жасалынған қадам болатын.



Осындай жұмыстар Бәйдібек ауданында да өз жалғасын тапты. Қ.Сыпатаев атындағы жалпы орта мектебін 30 жыл бұрын бітірген түлектердің  демеушілігімен салынған «Достар» аллеясы көпшіліктің пайдалануына  берілді.



Ал, Созақ ауданындағы №14 Т.Әлімқұлов атындағы мектепке 1988 жылғылар өздері білім алған мектептегі мұғалімдер бөлмесіне құны 180 мың теңге тұратын жиһаз алып берді. 



Ордабасы ауданында бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер С.Ысмайлов атындағы жалпы орта мектебінің ауласына 10 түп алма, 20 түп қылқан жапырақты ағашын, 12 туя отырғызды. Түлектер ағаш көшеттеріне күнделікті күтіп-баптау жасап, айналаның абаттануына атсалыспақ.



Қ.Бектаев атындағы жалпы орта мектебінде  сұрапыл  соғыста ерлікпен қаза тапқан ардагерлердің құрметіне құлпытас қойылды. Құлпытасты мектептің 10,20,30  жыл бұрын бітірген түлектері қойды. Түлектердің пікірінше, алдағы уақытта да мектепке материалдық көмек көрсететін болады.



Жалпы, «Алтын ұям» жобасы бойында намысы бар адамдардың елдік мәселелерді шешуге деген ықыласы мен құлшынысын арттырады. Әрбір азаматтың  туған оратсына деген құрметін көрсетері хақ.



 


ruh.kz