15 Мамыр, 2019
#ҰЛЫ_ДАЛАНЫҢ_ЖЕТІ_ҚЫРЫ: КӨШПЕНДІЛЕРДІҢ КИІМІ ҚАЛАЙ БАҒАЛАНДЫ?

    «Көшпенділердің шаруашылығында әр түрлі қолөнер мен үйдегі кәсіпшіліктер едәуір маңызды. Және бұлардың көпшілігі мал шаруашылығы өнімдерін өңдеп-ұқсатумен байланысты болды» дейді Тұрсын Сұлтанов «Алтын Орда» кітабында.

   Дала тұрғындары тері илеу мен киіз басуды, оларды сан алуан түрлеуді ежелден білді. Кесте тігу, құрақ құрау, былғарыға нақыштап ою-өрнек салу әдіс-амалдарын жетік меңгерді. Атап айтқанда, Ибн Рузбиханның жазғанына қарағанда, көшпенді қазақтар «ою-өрнегі ғажап, түрлі-түсті текеметтер, әдемі де әсем қайыс, былғары бұйымдар дайындайтын болған».

   Қазақтардың XV ғасырдағы үйдегі кәсіпшілігі, әсіресе тері илеуі кемел өркендегенін  XVI ғасырдағы осман авторы Сейфи Шелебидің мағлұматтары да айқын айғақтайды. Бұл материалды алғаш рет қарастыруға шығарған В.В. Бартольд болды. Алайда оның «Жетісу тарихы очерктерінің» баспалық мәтінінде жаңсақтықтар орын алған. Сондай-ақ, түпнұсқаның аудармасында қалып қойған біраз тұстары бар; мұның себебі В.В. Бартольдтің өз «Очерктерінің» терілген мәтінін түзеп оқып беруге мүмкіндігінің болмағаны. Қазақтар турасындағы қазіргі тарихи-этнографиялық зерттеулер авторларының көпшілігі В.В. Бартольдтің шығармасының осы тұсына сілтеме жасайтындықтан және онда хабарланатын деректер маңызды болғандықтан, Лейден университеті кітапханасында сақтаулы түпнұсқаның микрофильмі бойынша жасалған тәржіманы келтіру қажет болып көрінеді.

  «Оларда қой, жылқы және түйе көп, олардың тұрғын үйлері арбаларға орнатылады. Олардың шапандары қой терісінен тігіледі, терінің жете иленгені сондай, атлас секілді болып, түрлі түске боялады. Оларды Бұхараға апарады, әдемілігі мен әсемдігі соншалық, атластан тігілген шапандардың бағасына сатылады. Олардың сол қой терісінен иленген, адам таңданарлық жамылғы жеңсіздері болады. Олар мүлдем су өткізбейді және су тигеннен бүлінбейді. Мұның өзі теріні илеген кезде пайдаланылатын, сол жақта өсетін қайсыбір шөптердің қасиетіне байланысты».

    Жұмсақ былғары жамылғылар дайындаудың XV ғасырдағы осман авторын осынша таңдандырған технологиясының сипаттамасын біз 1769 жылы жазда Жайықты бойлай көшіп-қонып жүрген қазақтардың арасында болған П. Палластан және А. Левшиннің шығармасынан табамыз. Ресей шекаралық комиссиясының шенеунiгi, ғылымның ұлы қызметшісі болған, Арал маңы көшпенділері туралы байыпты зерттеулері үшін «қазақ халқының Геродоты» деп әділ аталған А.Левшин бұл туралы былай деп жазған:

   «Киім тігу үшін қолданылатын, дақа немесе жақа деп аталатын қой не ешкі терісі былайша иленіп дайындалады. Жүнін қырқып алып, жылы су бүркіп, қусырмалап орайды да, жылы жерге қойып қояды. Мұнда қалған жүні жидіп түскенге дейін ұсталады. Жүнін пышақпен қырып алғаннан кейін ауаға жайып кептіріп алады. Одан соң үш не төрт күн айранға не іркітке салып қояды. Бұдан алып көлеңкеде кептіргеннен кейін қолмен умаждайды, түтінге ыстап алып қайта қолмен илеп, жұп-жұмсақ болғанша уқалайды. Ақырында рауғаш не усасыр тамыры, ашудас қосылған қой майынан тұратын бояумен қанық сары түске бояйды. Бұл быламық секілді қою қоспаны теріге екі бетіне жағып, екі не үш күн қойып, тері әр жолы кептіріліп барып қайта умаждалып иленіп отырады; осыдан соң ол су өткізбейтін, мата секілді жуса да бояуы кетпейтін болады».

   Мехнаты көп, күшке түсетін осы ауыр жұмыстардың барлығы – киіз басу, тері илеу, былғары киімдер тігу – көшпелі қоғамда бастан аяқ әйелдердің міндетінде болды. Қой-ешкіні бағатын да, үйді жығып, тігетін де, малды сауып, сүтін ұқсататын да, тамақ пісіріп, басқа да үй шаруасының бәрін тындыратын да әйелдер болды. Жас балаларды күтіп-өсіру қамы да әйелдерге қарады. Қысқасы, көшпенділерде шаруашылық қарекеттегі әйелдердің үлесі еркектердің еңбек үлесінен анағұрлым артық болатын еді. Тұрмыс-тіршіліктегі ерлер мен әйелдер еңбегінің арасалмағы мұндай болуының себебі көшпелілерде әдетте мал шаруашылығы өнімдерін ұқсатумен және үйдегі шаруашылықты жүргізумен байланысты ауыр еңбек азат еркекке лайық емес деп есептелді. Сондықтан үй ждұмысы атаулы түгелдей әйелдерге не мүмкіндігі болса құлдарға жүктелді. Алайда бұл айтылғанның бәрі тұрмыста еркектер ештеңе істемеді дегенді білдірмейді. Көшпелі қоғамның азат басты еркектері қару-жарақ, ер-тоқым, ат әбзелдерін жасады, үй салды, өздеріне де, әйелдерге де арнап аяқкиім тікті, малға бас-көз болды; атып-шабуға машықтанды, аң-құс аулады. Еркектердің ең басты міндеті отбасы мен мал-мүлікті қорғау, соғыс жүргізу болды.

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

 

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz