28 Мамыр, 2018
Қостанайлықтар «Рухани жаңғыруға» үлес қосуда

Елімізде мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық  мақаласының аясында көптеген игі шаралар жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде Қостанай облысында да тың бастамалар қолға алынып, ғылым мен білім, руханият саласындағы атқарылып жатқан игі істер қаншама. Үстіміздегі жылы осы өңір үшін де жағымды жаңалықтарға толы болды. 


 



Жас дарындар додасы 



 «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жас буынның қарым-қабілетін анықтау мақсатында Қостанайда балалар мен жасөспірімдер арасында халықаралық «BURABAY SUMMER FEST» телевизиялық фестивалінің облыстық іріктеу кезеңі басталды. Аталмыш шара Астана қаласының 20 жылдығына да орай ұйымдастырылды. 



Аталған типтегі іс-шаралардың түпкі мақсаты - еліміздің өнер, мәдениет салаларының болашақ қайраткерлерін анықтап, оларға осы кезден дұрыс жөн сілтеу. Өнер жұлдыздары арқылы халықтың, мемлекеттің танымалдылық деңгейі артып, халықаралық абырой-беделге үлес қоспақ. Мысалы, Димаш Құдайбергеновтің Қытай Халық Республикасында жасындай жарқырап, әлем назарын өзіне аударуы арқылы қазақ мәдениетін, қазақ өнерін насихаттады. "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" бағытының да негізгі мақсаты - осы.  



Фестивальдің тағы мақсаты – дарынды балалар мен талантты жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету, шығармашылық қабілеттілерін шыңдап, орындаушылық шеберлік деңгейін арттыру, халықаралық мәдени байланыстарды жолға қою және нығайту, отансүйгіштікке тәрбиелеу, еліміздің ұлттық өнері мен тарихына деген қызығушылықты арттыру, жалпы адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Өздеріңіз байқағандай, аталмыш фестивальдің мақсаты "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының негізгі мүддесімен өте ұқсас. Демек, осындай шараларды өткізу арқылы "Рухани жаңғыру" міндеттемелерін сәтті жүзеге асыруға болады.  



Ауқымды шара облыстық мәдениет басқарамасы және облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен бастау алды. Содан облыстық білім басқармасы білімді дамытудың өңірлік орталығының әдіскері Салтанат Нұрманова сөз алып: 



– Аймағымыздың әр өңірінен 19 өтінім келіп түсті. Үміткерлер хореография, вокал, көркемсөз оқу жанрлары бойынша сынға түсіп жатыр. Облыста жеңімпаз атанғандар 22-маусымнан бастап Бурабай қаласында өтетін үлкен додада бақ сынайды. Ал онда үздік танылғандар Елордамыздың 20 жылдығына арналған басты концертте өнер көрсететін болады, – деп өз ойын жеткізді. 



Қостанайлықтар «Кітапхана түніне» жиналды 



Кітапхана - білім ордасы. Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының негізгі міндеттемелерінің бірі - білім деңгейін арттырып, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру. Ал білімнің кілті, білімнің ошағы - кітапхана. "Кітапхана түні" сияқты дәстүрлі әрі мәдени шаралардың өткізілуі - мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының өз қарқынымен жүзеге асырылып жатқанының белгісі. 



Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы тарихты, көне жәдігерлерді, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға үлкен басымдық бергені әмбеге аян. Осы міндеттемелерді жүзеге асыру барысында аймақтардағы кітапханалар түрлі шаралар өткізіп келеді. Олардың ортақ мүддесі - құнды әдебиеттерді халыққа  таныстырып, жастардың кітап оқуға деген ынтасын ояту. Қостанайдағы кітап ордасы да бұл мақсаттарын абыроймен орындап, "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының негізгі міндеттемелерін орындауға өз үлестерін қосты.  



Қостанайдағы облыстық кітапханада «Рухани қазына» бағыты аясында «Кітапхана түні» шарасы өткізілді. Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Дариға Дүйсебаеваның сөзінше, бұл шара осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. 



– Оқырмандарымыз үшін ерекше «Кітапхана түні» дәстүрлі жобаға айналды. Бұл ауқымды шара жылдан жылға жалғасады. Негізгі мақсаты – оқырмандарды кітапқа жақындату, оқуға шақыру, сонымен қатар, біздің қызметкерлерге жаңа қырынан танылуына мүмкіндік беру. Мұрағатта сақталып тұрған көне жәдігерлермен жұртшылықты таныстыру. Себебі, ол жерге басқа уақытта оқырман тұрмақ, өзіміздің қызметкерлерге де кіруге болмайды. Биылғы «Кітапхана түнінде» ертегі кейіпкерлері мен сиқыршылар, батырлар  мен балгерлер өнер көрсетті, – дейді Дариға Дүйсебаева. 



Оқырмандар түн ауғанша кітапхананың мұрағат қоймаларын емін-еркін аралап, мекеме қызметкерлері дайындаған түрлі тосын сыйларға куә болды. Кітапхананың үш қабатында да әртүрлі шеберлік мектептері мен кітап көрмелері өтті. 



 


ruh.kz