4 Сәуір, 2019
ҚУАНСА, БАЛА ҚУАНСЫН!

Балалардың да, жазушылардың да, жалпы әдебиетсүйер қауымның да асыға  күтетін сәуір айы келді. 1 сәуір –  халықаралық балалар кітабы күні. 1956 жылдан бастап халықаралық әдеби кеңестің шешімімен атақты дат жазушысы Ханс Кристиан Андерсеннің туған күніне орай атаулы күн ретінде аталып келеді.  


Міне, тағы осы арнаулы күн аясында жер жүзіндегі барлық балалар кітапханасында түрлі іс-шаралар басталды. Мұндай тағылымы зор шаралардан еліміздегі рухани орталықтар да қалыс қалған емес. Нұр-Сұлтан қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Балалар кітабы апталығы» басталды.



Қаламыздағы №3 балалар кітапханасында «Балалар әдебиетінің танымал жазушыларымен кездесу» тақырыбындағы мазмұнды кеш болып өтті. Емен-жарқын кездесуге қазіргі балалар әдебиетінің ақсақалы, танымал жазушы, ақын әрі композитор Тілеуғазы Бейсенбек, орта буын өкілден көрнекті ақын, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрлан Қалқа, жас буын өкілден ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жазушы, әдебиет зерттеушісі Елдос Тоқтарбай және орыс тілді аудиторияға жақсы таныс ақын, жазушы Дария Жұмагелдинова, республикалық «Айтшы, Әжетай» балаларға арналған мәдени-танымдық журналының Бас редакторы Сандуғаш Нұрқанова қатысты.





Кездесу барысында № 5, 14, 15, 36  мектептерінің оқушылары, аталмыш кітапхананың тұрақты оқырмандары өздерінің өнерлерін көрсетіп, сүйікті жазушыларының жүзіне қуаныш ұялатты. Бірі – Тілеуғазы Бейсенбектің өлеңдерін оқыса, бірі – нақышына келтіре отырып, мәнерлеп Толымбек Әбдірайымұлының әңгімелерінен үзінді оқыды. Ал, бірі –  Нұрлан Қалқаның бүлдіршіндерге арналған тақпақтарын оқыса, бірі – Дария апаларының тақпақтарын талдады. Тағы бір қызығы – «Радуга», «Замандас» клубтарының кішкентай өнерпаздар мың бұрала билеп, әсем әндерін әуелетті. Шеттерінен жанып тұрған өрендер ме дерсіз!



Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Тілеуғазы Бейсенбектің «Сөйлейтін күшік» хикаяты кітабының тұсаукесері өтті. Автордың бұл хикаяты сиясы әлі кеппеген, ыстығы басылмаған соңы туындысы. Жетпістің жетінші биігінен асса да, жазуға, балаларға адал ардагер қаламгердің дәл осы шығармасы оқырманның қолында тозары анық. Өйткені: хикаят та қазіргі балалардың жай-күйі суреттелген. Оқиғалары – ширақ. Тілі – көркем әрі жатық.





Кездесу соңында Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Гүлбадан Мәдібаева «Жас Отан» Жастар қанатының балаларға деп берген базарлығын сыйлап, сәби жүзіне күміс күлкі ұялатты.



№ 3 кітапхананың ұжымы жиын біткен соң, балаларға арнап түрлі бағыттағы секциялық жұмыстарын бастады. Кино көру, кітап оқу, сөйлесу сияқты секцияларға жазылған балалар көп екен. Баламен баланың тілінде сөйлесіп, жан-дүниесін түсіне білген кітапханашыларға риза болдық.





Расымен, қуанса, бала қуансыншы! Баланың қуанышына әлемнің ешбір қызығы жетпейді ғой. Баланың күлкісі – өмірдің бір мөлтіл сәті. Ал, балаңыз кітап оқып, оқуға, ізденуге ден қойса, бұл да бір зор қуаныш емес пе! Баланың көкірегінде талант шоғын үрлей білу, дарынын ұштау, талабын қолдау – ата-ананың да, мұғалімнің де, кітапханашының да негізгі міндеті.



 



Елдос Тоқтарбай,



Ruh.kz


Ruh.kz
Кітапхананың баспасөз бөлімі