13 Қазан, 2017
Латын әліпбиі ұлттық ерекшелігімізді сақтау жолы

Елбасы «Болашаққа бағ­дар: ру­хани жаңғыру» атты мақаласында елдігі­мізді, тәуел­­­сіз­дігімізді нығай­ту мен ұлт­­тық құнды­лық­тары­мыз­­ды қастерлеуге қа­тыс­ты, адам санасын бү­гін­гі күн­­­нің алға тартып отыр­ған жаһан­дық өзгеріс­теріне бейім­деу қажет­тігін нақты атап көрсетті.

 


Мемлекет басшысы осы бағдар­ламалық мақаласында ұлттық жазуымызды латын әліпбиіне көшіруді бастау қажеттігін көтер­ді. Бұл игі істен шет қалмай, бел­сен­ділік таныту әрбір ұлтжан­ды азаматтың парызы болуы тиіс. Тәуелсіздігіміздің елең-ала­ңында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Әбдуәли Қайдар латын әліпбиіне көшу мәселесін тұңғыш көтеріп, Елбасына хат жолдаған еді. Сол жылдардағы ахуалды, халықтың құрамын ескерген Президентіміз асықпай, міне, тәуелсіздігімізге 25 жылдан астам уақыт өткенде ғана нақты тапсырма беріп отыр. Ендігі кезек ұлттық жазуға келіп тіреліп тұр. Санамыздың түкпі­рінен төл дыбыстарымыз­ды аршып алу, төл емле – ереже құрастырып алу оңай емес. Әліп­биі, таңбасы мен ереже­сі үйлес­кен жазу ғана тіл егемен­дігінің кепілі.  Қазақ тілінің жаңа әліпбиге көшуі – тәуелсіз мемлекет пен қазақ қоғамының жеке дара ісі мен таңдауы. Жаңа әліпбиге көшу – үлкен ұлттық нартәуекел. Латын қарпіне өту көршілердің мүддесіне қайшы емес.  Латын әліпбиін енгізу елдің ішкі мәселесін шешуге, мемле­кеттік тілді дамытуға бағытталған. Уақытты созбай жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, әрбір әріпті, әр таңба мен белгіні терең тал­дауымыз қажет. Себебі, тіл және жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы тиіс. Ел дамуы үшін ұсынылып отыр­­ған идеяларды дұрыс түсініп қана қоймай, оның іске асуына да белсене атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Бұл болашақ үшін, келер ұрпақтың тағдыры үшін қаж­ет. Латын әліпбиі қазақ елін жаһан­дануда жаңа көшке бастар керуен басы. Әліпбиді өзгерту – өз ерек­ше­лі­­гімізді сақтап қалу, әлем­дік ин­те­­гра­ция, ақпарат алу мүмкін­дік­­терін дамытуға жағдай жасары сөзсіз.



 



Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ,



Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы



Атырау облыстық бөлімшесінің төрағасы



Атырау облысы





 


egemen.kz