27 Қазан, 2017
Латын әліпбиі: жаңғыру – жазудан басталады

Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві Астана қаласы «Нұр Отан» партиясының Есіл аудандық филиалымен бірлесіп мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру бойынша «Латын әліпбиі: жаңғыру – жазудан басталады» атты іс-шара өткізді, деп жазады https://egemen.kz/">еgemen.kz.



«Нұр Отан» партиясының Астана қаласы Есіл аудандық филиалы төрағасының орынбасары Ахмет Сейітов пен филиал кеңесшісі Ерлан Ахмеди қатысып, баяндама жасаған шарада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы латын әліпбиіне көшіру мәселесі қамтылды. Филиал төрағасының орынбасары бүгінге дейін қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияға 300-ге жуық жобаның ұсынылғанын айтты.



Ол латын графикасын жасаумен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы белсенді айналысып жатқанын айта келіп, бұл мәселеде халық пікірі де ескеріліп жатқанын баса айтты. «Өзге елдер латын әліпбиіне өткенде халықтың пікірімен санасқан жоқ», деді ол. А.Сейітов латын әліпбиіне көшу кезеңмен-кезеңмен іске асатынын, бұл тұрғыда қоғамның ешқандай мүшесінің де алаңдауына негіз жоқ екеніне тоқталды.   



Ал, «Нұр Отан» партиясы Астана қаласы Есіл аудандық филиалының кеңесшісі Ерлан Ахмеди біз латын әліпбиіне көшпейтінімізді, оған оралатынымызды баса айтты. Өйткені латын әліпбиін қолдану тәжірибесі қазақ даласында болған. Ол сондай-ақ көрші елдердің тарихынан мысалдар келтірді. Мәселен, бауырлас Түркия елі Ататүрік ел билеген тұста 800 жылдық араб жазуы­нан үш айдың ішінде бүтіндей бас тартып, латын графикасына негізделген жазуға көшкенін баяндады. Онымен салыстырғанда жеті-сегіз жылдың ішінде кезең-кезеңмен латын әліпбиіне көшу аса көп қиындық тудырмауы тиіс деген пікір айтты.

 


еgemen.kz